PISA халықаралық зерттеулерінің нәтижесі бойынша Қазақстан оқушылары оқу сауаттылығы жағынан экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдеріндегі өз қатарластарынан едәуір артта қалып отыр. Осы зерттеудегі ресми деректерге сүйенсек, мектеп жасындағы білім алушылардың 40 пайызы әдеби мәтінді түсінуге қиналатынын айтқан. Мен де бұған сабақ беру барысындағы өз тәжірибем негізінде де талай рет көз жеткіздім. Оқушылардың әртүрлі форматта берілген мәтіндерді түсіне білмеуі, мәні мен мазмұнын тұжырымдай алмауы, берілген мәтіндегі кейбір сөздердің мағынасын білмеуі көп кездеседі. Шығармашылық тұрғыда ойлай, өз ойын еркін жеткізе алмау, ұсынылған жағдаяттардың шығатын шешімін таппау, мәтін мазмұнына сәйкес мақал таппау – оқушының ізденісінің аздығын, әдеби шығарма оқымайтындығын көрсетеді.
Осындай олқылықты бодырмау мақсатында өз сабақтарымда мәтіндермен жұмыс жасағанда Джиксо, “INSERT”, “Балық қаңқасы”, “Елші”, “Үш қадамды сұхбат” , “Данышпан үкілер”, “Әдеби шеңбер”, “FILA”, “SWOT”, “Тұжырымдамалық кесте” әдістерін қолданамын. Жас буынды әдебиетке баулу, көркем шығарма оқуға жетелеу – функционалдық сауаттылықтарын арттырудың бірден-бір жолы деп есептеймін.
Рудный орта мектебінде оқырман белсенділігін арттыру бағдарламасы аясында “Кітапханаға кітап тарту ет” игілікті іс-шарасы бастау алды. Жыл сайын мемлекет тарапынан кітапханамыздағы кітаптар қоры толықтырылып отырса да, әрқайсысымыздың үйіміздегі жеке кітапханамызда рухани азығымызға айналар әдебиеттер аз емес. Оқыған сүйікті кітабыңмен басқалармен де бөлісе білу адамгершіліктің белгісі деп санаймын.
Жас ұрпақты күнделікті кітап оқуды әдетке айналдыруға баули білсем, мен үшін шеберлік шыңына шыққанмен пара-пар. Білімді ұрпақ – елдің алтын қазығы. Ғасыр легінен қалмау үшін білімді болу – үлкен қажеттілік. Сол үшін көп оқудың, білімді жетілдірудің қажеттілігі зор. Бәсекеге қабілетті, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген тұлға тәрбиелеу мәселесі өте өзекті. Жас ұрпаққа қандай тәрбие берсек, ел ертеңі де сондай болмақ.
Әсем БАДЫМОВА,
Рудный орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі.
Айыртау ауданы.