«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ұлттық табиғи паркінде бұлан атып алған

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер бұланды заңсыз атты деген күдікпен үш ер адамды ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Қызылжар ауданы полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторлары және «Көкшетау» ұлттық мемлекеттік табиғи паркінің қызметкерлері бірлесе жүргізген рейд барысында бұланды заңсыз ату фактісін анықтады. Олар Қызылжар ауданындағы Жалтыр көлінің маңында қарда жүретін үш техниканы байқап қалған. Жақындай бере аңды мүшелеп жатқан адамдарды көрген. Олардың біреуі оқиға орнында ұсталды, ер адам 47 жастағы аудан тұрғыны болып шықты.

Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің «Заңсыз аңшылық» бабы бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Аудан орталығының тағы екі тұрғыны келесі күні анықталып, ұсталды. Қарда жүретін үш техника, қос ұңғылы «ИЖ» мылтығы, бұланның мүшеленген еті тәркіленді. Күдіктінің үшеуі де қамауға алынды.

«Заңнама талаптарына сәйкес ерекше күзетілетін табиғи аумақта заңсыз аң аулағаны үшін аса ірі көлемде айыппұлдан, қамауға алу немесе 6 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру немесе шектеу түріндегі жаза көзделген», – дейді Қызылжар аудандық полиция бөлімінің бастығы Әлихан Байқадамов.

Бұл СҚО-да биылдыққа алғаш рет анықталып отырған заңсыз аң аулау фактісі. Табиғатты қорғау полицейлері қазіргі уақытта облыс аумағында қаңтар айынан тұяқты жабайы жануарларды атуға тыйым салынғанын, тек мамық жүнді аңдарды аулауға рұқсат етілгенін еске салады. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда аң аулауға жол берілмейді. Өңірдің табиғатын браконьерлерден қорғау бойынша рейдтік іс-шаралар тұрақты негізде жүргізіліп келеді.

https://www.inform.kz/

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp