«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Тұрғындарға жағдай жасауымыз керек

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жуырда облыс әкімі Құмар Ақса­қаловтың төрағалық етуімен өткен ауыл шаруашылығы басқармасы мен аг­роқұрылым басшылары қатысқан алқа отырысында өңір басшысы жергі­лікті шаруашылықтар тек өз пай­да­сын ойлап қана қоймай, ауылды көр­кейтуге, ауыл тұрғындарының әлеу­меттік жағдайын жақсарту үшін еңбек етуі қажет екенін қадап айтты. Бұл жиынға мен де қатыстым. Бұл үндеу ауыл шаруашылығы сала­сында еңбек етіп жүрген азаматтардың жауапкершілігін арттырып, ынтасын оятатынына сенімдімін.

Алысқа бармай-ақ, өзім басшы­лық етіп отырған “Гагарино” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қазіргі жай-күйін баяндағым келеді. Біздің шаруашылық 1993 жылы шаруа қожалығы ретінде құрылды. Әу баста 47 гектар ғана жерге дән себетінбіз. 2004 жылдан бастап қана жауапкер­шілігі шектеулі серіктестік ретінде тіркеліп, жұмыс ауқымын кеңейттік. Қазіргі күні бізге тиесілі 6,7 мың гектар алқап бар. Оның 4,8 мың гектары – егістік, қалғаны – жайылым. 1,9 мың гектарға дәнді, 1,5 мыңға майлы және 1300 гектар алқапқа жем-азық­тық дақылдар егеміз. Егіс технология­сын сақтаудың арқасында жыл сайын дәнді дақылдардың шығымы орта есеппен гектарынан 25 центнерден кем түспейді. Тек былтыр ғана қуаң­шылықтың кесірінен 21 центнерден өнім алдық, бұның өзі басқа шаруа­шы­лықтармен салыстырғанда едәуір жоғары көрсеткіш. Агротехникалық жұмыстардың бәрін дер уақытында әрі ыждаһаттылықпен орындасаң, минералды тыңайтқыштарды енгізіп, тұқымды жаңартып отырсаң ғана жұмысың өнімді болады. Оған өзіміз жыл сайын көз жеткізіп келеміз. Бұ­ның барлығы қазіргі заманда қиын шаруа емес. Өйткені мемлекеттен қолдау зор. Минералдық тыңайт­қыштарға, гербицидке, тұқым сатып алуға, егін себу мен мал шаруашылы­ғына және жанармай алуға субсидия беріледі. Осының бәрі тауар өн­дірудегі шығын­ды азайтуға сеп болып отыр.

Біз жылына 180 тонна минерал­дық тыңайтқыш пайдаланамыз, бү­гінгі таңда алдағы жылға арналған 128 тоннасы жеткізілді, тағы 64 тон­на­сын алу туралы келісімшартқа қол қо­йылды. Жалпы әр гектарға 100 келі ты­ңайтқыш себеміз. Астықтың шы­ғым­дылығы еккен тұқымға тікелей бай­­­ланысты, сондықтан тек жоғары сұ­­рыпты дән егуге тырысамыз. Биылға 800 тонна тұқым дайындап қойдық.

Әрине, техниканы жаңартуға да ерекше көңіл аударамыз. Серіктес­тікте 12 комбайн, 10 трактор мен 2 егіс кешені бар. 300 миллион теңгеге жем-азық оруға арналған техника сатып алдық, оның ішінде “Ягуар” деп ата­латын комбайн да бар. Қазақта “ескіні құрағанның есі кетеді” деген сөз бар емес пе, ескі-құсқы комбайндар сы­нып, орақ кезінде жігеріңді құм қы­латын. Өйткені күздің әр күні – алтын. Мол астық алудың, ысырапты азайту­дың басты факторы – жаңа техника. Мұнда да мемлекеттің қолдауы зор. Лизинг арқылы, басқа да бағдарла­маларды пайдаланып, жаңа трактор-комбайн сатып алуға болады.

“Гагарино” жауапкершілігі шектеу­лі серіктестігінде 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Көктем мен күзгі жұмыстарға қосымша 10-15 жұ­мысшы жалдаймыз. Орташа жалақы 180 мың теңгені құрайды. Ауылда тұрғасын, ауыл шаруашылығымен айналысқасын мал ұстамауға бол­май­ды. Бұл – заман талабы. Өйткені жыл он екі ай жұмыс болады әрі ша­руашылықты дамытуға қарқын бере­ді. Осы себепті 2016 жылдан бастап “Абердин-ангус” тұқымды ірі қара өсіруді қолға алдық. Жыл сайын өңірдегі шаруашылықтарға жас та­йынша-бұқаларды сатумен де айна­лысамыз. 5 жылдың ішінде 200 шақ­тысын саудаға шығардық. Өңірде сүт өндірісіне басымдық берілуіне бай­ланысты тауарлы-сүт фермасын ашу­ды жөн санап, 630 сиырға арналған нысанның құрылысын бастадық. Оған “Голштина-фриз” тұқымды сиыр әкелуді жоспарлап отырмыз. Жалпы бұл жобаның құны – 5,4 млрд. теңге.

Қазіргі таңда нысанның жобалық-сметалық құжаттамасын әзірледік, екі мал қора мен сауын цехы және бұ­зауларға арналған нысанның іргета­сын құйып, сүрлем сақтайтын тран­шеяны дайындадық. Әрине, мемле­кеттен қолдау болмаса мұндай ау­қымды жобаны жүзеге асыруға шағын шаруашылықтың шамасы жетпесі анық. “Солтүстік” ӘӘК арқылы 4 па­йыздық үстемемен 250 миллион тең­ге несие алдық. Бұл қаржыға сауын ап­паратын сатып аламыз. Швецияның “Де Лаваль” фирмасымен келісім­шарт жасасып, қондырғыны жеткі­зетін болдық. Бұл қондырғы бір ме­зетте 36 сиырды саууға арналған. Бүгіндері сүтке сұраныстың артуына байланысты өткізуден қиындық туын­дамасы анық. Өз өнімімізді жергілікті зауыттарға сатуды жоспарлап отыр­мыз.

Мал ұстағасын жем-азығына да ерек­ше көңіл бөлу керек. Осыған орай егістік алқапты ұлғайтып, 4,5 мың тонна сүрлем әзірледік. Бұған қоса, 1,5 мың тонна пішен мен шөп бар. Шаруашылыққа тиесілі жердің барлығы пай иелерінде. Яғни 87 адам­ға жыл сайын дивиденд төлей­міз. Биыл бір адамға 1 тонна бидай немесе 80 мың теңгеден берілді.

Шаруашылық өз ауылымыздың әлеуметтік өміріне белсене араласа­тынын атап өткім келеді. Жыл сайын ауыл тұрғындарына жемшөп әзірлеу­ге көмектесеміз, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға қаржылай қолдау жасаймыз. Ауыл ішіндегі жолдарды қыста қардан тазартып, жазда жөндеу жұмыстарын жүргізе­міз. Жол мен ауылдағы Мәдениет үйін жөндеуге арналған жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеуге қаржы бөлдік.

Биыл ауылда шаруашылығымыз­да еңбек ететін адамдарға арнап 5 үй салуды жоспарлап отырмыз. Еңбек­керлерге жағдай жасау – шаруа­шылықтың басты міндеті. Біріншіден, тұрмысы жақсы жұмысшының ең­бекке құштарлығы артады әрі жаңа үй­лер ауылдың шырайын кіргізетіні жа­сырын емес. Бұдан басқа, жыл сайын “Қиялы аграрлық колледжінің” 4-5 сту­дентін көктемгі және күзгі дала жұ­мыстарына тартып, тәжірибеден өткі­земіз. Олар тек тәжірибе жинап қана қоймайды, 250-350 мың теңгеден жа­лақы алады. Тағы бір айта кетерлігі, шаруашылықтағы жұмыс­шыларға жыл сайын 150 мың теңгеден 13-інші жалақы төлейміз. Бұл да өз еңбеккер­лерімізді ынталандыру, әлеуметтік жағдайын жақсартуға арналған ке­шенді іс-шараларымыздың бірі.

Ауыл тұрғындарының жағдайын жақсарту – сол жерде жұмыс істеп, шаруашылықты басқарып отырған адамдардың қолында екені жасырын емес. Сондықтан бір күндік пайда іздемей, болашаққа жоспар құра білуіміз керек. Ең бастысы, ауылды көтеру керек.

Серғазы ҚАРЫМСАҚОВ,

“Гагарино” ЖШС-ның директоры.

Аққайың ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp