Қиыр Шығыстың Приморье өлкесінде әскери борышымды өтеп келгеннен кейін 1975 жылдың жазында Алматы қаласындағы ҚазМУ-дың заң факультетіне құжаттарымды тапсырып, өзім тетелес талапкерлермен бірге емтиханға дайындыққа кірісіп кеттім. Тамыз айы жақындағанда заң факультетіне оқуға түсетіндер емтиханды тек орыс тілінде тапсырады деген хабар дүңк ете түсті. Қазақ мектебін бітірген жастардың естері шығып, не істерлерін білмей сасқалақтап, үйлерімен қайта-қайта хабарласып жатты. Бәріміздің төбемізден жай түскендей болды.
Қазақстан компартиясы орталық комитеті жанындағы үлкен алаңға орнатылған “күн көсемнің” ескерткіші айналасына кішігірім топтар жиналып, наразылық білдіре бастады. Топтың алдында деканның орынбасары С.Савицкий шығып, наразылықты тоқтатып, тәртіп бұзбауға шақырды. Қасымда тұрған қараторы, қияқ мұртты көркем жігіт (аты-жөнін ұмытыппын) екі көзі от шашып: “Если вас заставят написать сочинение на казахском языке, то вы сами прямо сейчас нам напишите?” – деп оған тарпа бас салды. Сол-ақ екен бәріміз жамырап, шулап қоя бердік. “Я вас очень прекрасно понимаю. Но сейчас не делайте глупости, пожалуйста, никуда не ходите. Чуть потерпите, вопрос решается, подождите!” – деп тыныштандыруға тырысқанымен, ол әрекетінен ештеңе өнбеді. Жоғарыдан ешқандай хабар болмаған соң. топтың ұйғарымымен бес-алты талапкер Қазақ КСР жоғары және орта арнаулы білім министрлігіне келдік. Мақсатымыз – жоғарғы кеңес депутаты болып сайланған министр Т.Қатаевтың қабылдауына кіріп, шағым-талаптарымызды көзбе-көз жеткізу. Екінші қабатта бізді қарсы алған қазақ әйелі министр бізді қабылдай алмайтынын, бірақ емтихандарды қазақша тапсыру мәселесі шешіліп жатқанын жеткізіп, кейін қайтуымызды өтінді. Алдамапты. Алғашқы сынақты ана тілімізде тапсырғанымызды кішігірім жеңіске баладық. Бірінші емтихан – елеуіш секілді. Талапкерлердің көпшілігі шығарма жазудан сүрініп, құжаттарын құшақтап, ауылдарына қайтады. Бұдан аман өткендердің бір бөлігі орыс тілінен диктант жазудан омақаса құлайтын. Тарих пен шет тілдеріне жеткенше қатары сиреп қалатын.
Емтихандарды қазақшадан орысшаға ауыстырмақшы болған осы оқиға үнемі ойыма оралады да тұрады. Сол жолы жастар бас көтермей, емтихан орысша өткенде талай қаракөзіміздің оқуға түсу туралы арманы сағымға айналар еді. Бұл үрдіс әрі қарай жалғасса, аталмыш университетте қазақша оқу мүлдем болмас па еді?
Кеңес өкіметінің тұсында сыңаржақ идеология басты ұстанымға айналып, орыс тілінде сөйлетіп қана қоймай, іс-қағаздарын, хаттамалар, оқулықтар, кітаптар мен басқа да баспасөз өнімдерін тек “аға” тілде жазуға мәжбүрлегені есімізде. Енді қараңыз, Қазақ КСР-де қылмыстық, азаматтық және әкімшілік заңнамаларды, іс-қағаздарын ана тілімізде жүргізу туралы арнайы баптар болғанымен олар “өлі заң” күйінде қалды. Мысалды алыстан іздемейін, тергеуші, прокурор, судья, адвокат, соттың хатшысы, қылмыскер, жәбірленуші, куәгерлер, яғни іске қатысушылардың бәрі де ана тілін білетін азаматтар бола тұра, тексеру мен тергеу жұмыстары негізінен орыс тілінде жүргізілгені шындық. 1981-1987 жылдары облыстық сотта және қазіргі Есіл аудандық прокуратурасында қызметте жүргенде қаншама қылмыстық және азаматтық істер тек орыс тілінде жүргізіліп, процессуальды құжаттар да тек осы тілде толтырылды. Себебі кассациялық, қадағалау сатыларынан өтіп, Мәскеудегі ең жоғарғы сатысына жеткенде оларға түсінікті тілде болуы шарт еді. Өкінішке қарай, еліміз егемендік алғанына 30 жылдай уақыт өтсе де, бұл жаман әдеттен әлі де арыла алмай жүргеніміз ащы да болса шындық. Бірен-саран істер болмаса, әсіресе біздің өңірде, қазақ тілінде сот отырысы өте қоймайды.
1990 жылы көктемде бұрынғы Ленин аудандық партия комитетінің екінші хатшысы Талғат Теменов мені арнайы шақырып, бірден жаңадан ашылған екі қызметтің, бірі – табиғатты қорғау бөлімнің, екіншісі – “Қазақ тілі” қоғамының тізгінін ұстатты. Бастапқыда “Қазақ тілі” қоғамы деген атауын естігенде аң-таң күйде болғаным рас. Себебі дәл осындай ұйым басқа республикаларда мүлдем жоқ еді. Обалы не керек, тіл жанашырларының қолдауымен жұмыс жандана бастады. Алдымен Петропавл қаласында “Салтанат” деген атпен тұңғыш қазақ балабақшасы ашылды. Іле-шала 1991 жылдың көктемінде Явленкада “Балдәурен” балабақшасы бой көтерді. Жыл өткен сайын бүлдіршіндердің саны көбейіп, оған “Огонек” орыс балабақшасының екі қабатты кең үйі берілді. Осы ғимаратқа көшкен кезде меңгерушісі Н.Булгакованың: “Мне скоро уходить на пенсию, не мог ты подождать со своим казахским детсадом”, – деп кекете сөйлегені бар. Бұл жерде бастан өткен тағы бір оқиға есіме түседі. Бірер жыл бұрын дәл осы “Огонек” орыс балабақшасына үлкен ұлымды алып барып, біраздан кейін баламның орысша білмейтінін жас тәрбиешісі бір кемістік тапқандай жеткізгені бар. Қатаң ескертуімнен кейін ол басқа топқа ауыстырылған.
Балабақшада қазақша тәрбие алып, мектеп табалдырығын аттайтын балалардың саны 40-қа жеткенімен, қазақ тілінде оқытатын сынып ашпақ болған іс-әрекетіміз нәтижесіз аяқталды. Қанша үгіттесек те, кейбір ата-аналар қазақ тілінің болашағына мүлдем сенбейтіндерін ашық айтты. Тіпті өз ағайындарымыздың арасынан келемеждеп, күле қарағандар да табылды. Кейбіреулері аудандық әкімдікке барып “Қазақ тілі” қоғамы қазақтарды еріксіз көндіріп жатыр деген сыбыс таратып, тіпті арызданған екен. Оқу бөліміне де сол керек, бірден қолдап шыққан.
Тек 1993 жылы ғана балалар санын 14-ке әзер жеткізіп, аудан тарихында тұңғыш бірінші сынып ашылғанда күні бүгінгідей көз алдымда. Бір “әттеген-айы” – билік тұтқасын ұстаған белсенділер “Балдәурен” балабақшасында тілдері қазақша жаттыққан ұл-қыздарын әлі сол орыс мектебіне беруін жалғастыра берді. Бала саны жетпеген соң амалсыздан алтыға жаңа толған кенже қызым Ақбота мен қайнағамның ұлы Олжасты қосып жібердік. Олжас кейін мектепті “Алтын белгімен” аяқтады. Қызым да жақсы оқып, өмірден өз орнын тапты.
Тәуелсіздік жылдары мемлекеттік тіл еліміздің басты нышандарының біріне айналды. Қазақ тілінде білім беретін мектептер мен балабақшалар еселеп көбейді. 2000 жылы 25 қазанда Явленка қазақ орта мектебі екі қабатты еңселі ғимаратқа көшіріліп, белгілі кинорежиссер, жерлесіміз Аяған Шәжімбаевтың есімі берілді.
Десек те, тіл мәселесінде шешімін таппаған түйткілдер әлі аз емес. Соның бірі – мемлекеттік қызметшінің тіл білмеуі. Менің пікірімше, қазақ тілін білу шенеуніктер үшін кәсіби біліктілік ретінде саналуы тиіс. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев “Тәуелсіздік бәрінен қымбат” мақаласында мемлекеттік тіл бүкіл қазақстандықтарды біріктіретін құндылық екеніне айрықша тоқталып, оны үйренудің маңыздылығын ашып көрсетті. Қазақ тілін, шын мәнінде, бүкіл халқымызды біріктіруші факторға айналдырудың барлық құқықтық тәсілдері мен кепілдіктері қалыптасты. Ендігі мәселе ниетте. Ниеттің дұрыс болуы қазақ тілін үйренгісі келетін адамдарға да, осы мақсатқа жетуге жағдай жасайтын Үкіметке де байланысты екенін Президент атап көрсетті.
Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәнінде жоғары мәртебеге көтерілсін десек, бала тәрбиесіне ата-аналар мен білім мекемелері барынша көңіл бөліп, қоғамның барлық салаларында қолданысқа енгізу керек. Алаш арысы Ахмет Байтұрсынов: “Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады. Өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады”, – деген екен. Тәуесіздігіміздің негізгі тірегі – ұлттың тілі. Тілді білмейтіндерден емес, тілді білгісі келмейтіндерден сақтанайық!
Қайрат ДҮЙСЕНБІ,
Солтүстік Қазақстан тәуелсіз заң кеңесшілері палатасының заң кеңесшісі.