Жуырда облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың төрағалық етуімен өткен ауыл шаруашылығы басқармасы мен агроқұрылым басшылары қатысқан алқа отырысында өңір басшысы жергілікті шаруашылықтар тек өз пайдасын ойлап қана қоймай, ауылды көркейтуге, ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін еңбек етуі қажет екенін қадап айтты. Бұл жиынға мен де қатыстым. Бұл үндеу ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген азаматтардың жауапкершілігін арттырып, ынтасын оятатынына сенімдімін.
Алысқа бармай-ақ, өзім басшылық етіп отырған “Гагарино” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қазіргі жай-күйін баяндағым келеді. Біздің шаруашылық 1993 жылы шаруа қожалығы ретінде құрылды. Әу баста 47 гектар ғана жерге дән себетінбіз. 2004 жылдан бастап қана жауапкершілігі шектеулі серіктестік ретінде тіркеліп, жұмыс ауқымын кеңейттік. Қазіргі күні бізге тиесілі 6,7 мың гектар алқап бар. Оның 4,8 мың гектары – егістік, қалғаны – жайылым. 1,9 мың гектарға дәнді, 1,5 мыңға майлы және 1300 гектар алқапқа жем-азықтық дақылдар егеміз. Егіс технологиясын сақтаудың арқасында жыл сайын дәнді дақылдардың шығымы орта есеппен гектарынан 25 центнерден кем түспейді. Тек былтыр ғана қуаңшылықтың кесірінен 21 центнерден өнім алдық, бұның өзі басқа шаруашылықтармен салыстырғанда едәуір жоғары көрсеткіш. Агротехникалық жұмыстардың бәрін дер уақытында әрі ыждаһаттылықпен орындасаң, минералды тыңайтқыштарды енгізіп, тұқымды жаңартып отырсаң ғана жұмысың өнімді болады. Оған өзіміз жыл сайын көз жеткізіп келеміз. Бұның барлығы қазіргі заманда қиын шаруа емес. Өйткені мемлекеттен қолдау зор. Минералдық тыңайтқыштарға, гербицидке, тұқым сатып алуға, егін себу мен мал шаруашылығына және жанармай алуға субсидия беріледі. Осының бәрі тауар өндірудегі шығынды азайтуға сеп болып отыр.
Біз жылына 180 тонна минералдық тыңайтқыш пайдаланамыз, бүгінгі таңда алдағы жылға арналған 128 тоннасы жеткізілді, тағы 64 тоннасын алу туралы келісімшартқа қол қойылды. Жалпы әр гектарға 100 келі тыңайтқыш себеміз. Астықтың шығымдылығы еккен тұқымға тікелей байланысты, сондықтан тек жоғары сұрыпты дән егуге тырысамыз. Биылға 800 тонна тұқым дайындап қойдық.
Әрине, техниканы жаңартуға да ерекше көңіл аударамыз. Серіктестікте 12 комбайн, 10 трактор мен 2 егіс кешені бар. 300 миллион теңгеге жем-азық оруға арналған техника сатып алдық, оның ішінде “Ягуар” деп аталатын комбайн да бар. Қазақта “ескіні құрағанның есі кетеді” деген сөз бар емес пе, ескі-құсқы комбайндар сынып, орақ кезінде жігеріңді құм қылатын. Өйткені күздің әр күні – алтын. Мол астық алудың, ысырапты азайтудың басты факторы – жаңа техника. Мұнда да мемлекеттің қолдауы зор. Лизинг арқылы, басқа да бағдарламаларды пайдаланып, жаңа трактор-комбайн сатып алуға болады.
“Гагарино” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Көктем мен күзгі жұмыстарға қосымша 10-15 жұмысшы жалдаймыз. Орташа жалақы 180 мың теңгені құрайды. Ауылда тұрғасын, ауыл шаруашылығымен айналысқасын мал ұстамауға болмайды. Бұл – заман талабы. Өйткені жыл он екі ай жұмыс болады әрі шаруашылықты дамытуға қарқын береді. Осы себепті 2016 жылдан бастап “Абердин-ангус” тұқымды ірі қара өсіруді қолға алдық. Жыл сайын өңірдегі шаруашылықтарға жас тайынша-бұқаларды сатумен де айналысамыз. 5 жылдың ішінде 200 шақтысын саудаға шығардық. Өңірде сүт өндірісіне басымдық берілуіне байланысты тауарлы-сүт фермасын ашуды жөн санап, 630 сиырға арналған нысанның құрылысын бастадық. Оған “Голштина-фриз” тұқымды сиыр әкелуді жоспарлап отырмыз. Жалпы бұл жобаның құны – 5,4 млрд. теңге.
Қазіргі таңда нысанның жобалық-сметалық құжаттамасын әзірледік, екі мал қора мен сауын цехы және бұзауларға арналған нысанның іргетасын құйып, сүрлем сақтайтын траншеяны дайындадық. Әрине, мемлекеттен қолдау болмаса мұндай ауқымды жобаны жүзеге асыруға шағын шаруашылықтың шамасы жетпесі анық. “Солтүстік” ӘӘК арқылы 4 пайыздық үстемемен 250 миллион теңге несие алдық. Бұл қаржыға сауын аппаратын сатып аламыз. Швецияның “Де Лаваль” фирмасымен келісімшарт жасасып, қондырғыны жеткізетін болдық. Бұл қондырғы бір мезетте 36 сиырды саууға арналған. Бүгіндері сүтке сұраныстың артуына байланысты өткізуден қиындық туындамасы анық. Өз өнімімізді жергілікті зауыттарға сатуды жоспарлап отырмыз.
Мал ұстағасын жем-азығына да ерекше көңіл бөлу керек. Осыған орай егістік алқапты ұлғайтып, 4,5 мың тонна сүрлем әзірледік. Бұған қоса, 1,5 мың тонна пішен мен шөп бар. Шаруашылыққа тиесілі жердің барлығы пай иелерінде. Яғни 87 адамға жыл сайын дивиденд төлейміз. Биыл бір адамға 1 тонна бидай немесе 80 мың теңгеден берілді.
Шаруашылық өз ауылымыздың әлеуметтік өміріне белсене араласатынын атап өткім келеді. Жыл сайын ауыл тұрғындарына жемшөп әзірлеуге көмектесеміз, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға қаржылай қолдау жасаймыз. Ауыл ішіндегі жолдарды қыста қардан тазартып, жазда жөндеу жұмыстарын жүргіземіз. Жол мен ауылдағы Мәдениет үйін жөндеуге арналған жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеуге қаржы бөлдік.
Биыл ауылда шаруашылығымызда еңбек ететін адамдарға арнап 5 үй салуды жоспарлап отырмыз. Еңбеккерлерге жағдай жасау – шаруашылықтың басты міндеті. Біріншіден, тұрмысы жақсы жұмысшының еңбекке құштарлығы артады әрі жаңа үйлер ауылдың шырайын кіргізетіні жасырын емес. Бұдан басқа, жыл сайын “Қиялы аграрлық колледжінің” 4-5 студентін көктемгі және күзгі дала жұмыстарына тартып, тәжірибеден өткіземіз. Олар тек тәжірибе жинап қана қоймайды, 250-350 мың теңгеден жалақы алады. Тағы бір айта кетерлігі, шаруашылықтағы жұмысшыларға жыл сайын 150 мың теңгеден 13-інші жалақы төлейміз. Бұл да өз еңбеккерлерімізді ынталандыру, әлеуметтік жағдайын жақсартуға арналған кешенді іс-шараларымыздың бірі.
Ауыл тұрғындарының жағдайын жақсарту – сол жерде жұмыс істеп, шаруашылықты басқарып отырған адамдардың қолында екені жасырын емес. Сондықтан бір күндік пайда іздемей, болашаққа жоспар құра білуіміз керек. Ең бастысы, ауылды көтеру керек.
Серғазы ҚАРЫМСАҚОВ,
“Гагарино” ЖШС-ның директоры.
Аққайың ауданы.