«Soltüstık Qazaqstan»

ұлы оқиғаны еске алу күні.бұл күн біздің жадымызда сақталады!

PDF

Мұғалім әдепсіз болса…

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мұғалім – мектептегі басты тұлға саналатындықтан, ісімен, сөзімен, мінез-құлқымен, керек десеңіз, жүріс-тұрысы және киім кию мәнерімен, былайша айтқанда, сыртқы келбетімен де үлгі болуға тиіс. “Шәкірттің жақсы болмағы – ұстазынан” демекші, балғындар оларға қарап ой да, бой да түзейді, жақсы өнегеге еліктеп өседі, өздеріне үлгі тұтады. Сондықтан оқушылар бағбаны білім нәрімен сусындатып қана қоймай, жоғары адамгершілік қасиеттері арқылы да тәлім-тәрбие бере білуге міндетті. Осы тұрғыдан алғанда, білім беру ұйымдарында ұстаздардың педагогикалық әдепті сақтауы мәселелелерін қарайтын алқалы орган болып табылатын педагогикалық әдеп жөніндегі кеңестің рөлі айрықша.

Кеңес өз қызметін “Білім туралы”, “Педагог мәртебесі туралы” заңдарға, өзге де нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес жүзеге асырады және объективтілік, әділдік, әдептілік, қоғамдық пікірлер мен жариялылық қағидаттарын басшылыққа ала отырып, білім беру ұйымдарында педагогикалық әдепті орнықтыруды, оны бұзуға ықпал еткен себептер мен жағдайларды талдауды, ұжымдарда тәртіптік жауапкершілікті нығайтуды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ өз құзыреті шегінде педагогикалық әдепті бұзу фактілеріне тексеріс жүргізу үшін қаралып отырған мәселелерге қатысы бар адамдардан түсініктемелер талап етуге, тексеріс жүргізуге, лауазымды тұлғалардың тәртібін қарау туралы ұсыныстармен мемлекеттік органдарға жүгінуге құқылы. Нәтижесінде ұжым ішінде, ұстаздар мен лауазымды тұлғалар арасында педагогикалық әдеп нормаларын мүлтіксіз орындау арқылы ата-аналармен, оқушылармен үйлесімді қарым-қатынас жасаудың тәжірибелік ізденістері қалыптасады, жалпы ережелік нормалар реттеледі.

Қанатқақты жоба алғаш рет Нұр-Сұлтан қаласында өз жұмысын бастап, былтыр еліміздің барлық өңірлерінде кеңестер құрылды. Жақсы бастама қазірдің өзінде тиімділігін көрсетіп, құқық бұзу, педагогикалық әдепті өрескел бұрмалау, тағы басқа даулы мәселелерді объективті түрде талқылаудың ашық алаңына айналды. Өңірлік кеңес құрамына облыстық, қалалық мәслихат депутаттарынан, еңбек ардагерлерінен, кәсіподақ өкілдерінен іріктелген 11 адам енген. Педагогикалық әдептің негізгі қағидаттарының біріне педагогтың әділдігі, бағалау қызметінің ашықтығы жатады. Ұстаздың жеке басына нұқсан келтіруге, абыройына дақ түсіруге, моральдық, психикалық қысым жасауға қатаң тыйым салынады. Бірде ауыл мұғалімінен мектеп басшылығының шешімімен келіспейтіндігі жөнінде шағым түсті. Педагогтың өтінішіне орай кеңестің кезектен тыс отырысы өтіп, ұсынылған материалдарды зерделеу барысында жаза қолдану туралы бұйрықтың күшін жою жөнінде ұсыныс берілді. Профилактикалық бақылау жасау аясында 35 семинар ұйымдастырылып, департаменттің “Facebook”, “Instagram”, “Telegram” желілеріндегі парақшаларына орналастырылды. Бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде айтылған сын-пікірлер бойынша жедел шешімдер қабылданып, педагог қызметкерлердің еңбекақысын уақтылы төлеу, әлеуметтік жағынан қорғау, аттестаттау, “Педагогтың мәртебесі туралы” заңның орындалу мәселелеріне айрықша басымдық берілді.

Өңірде қоғамдық негізде жұмыс істейтін 553 кеңестің құрамына 594 педагог, 474 әкімшілік орган мен 856 үкіметтік емес ұйымның өкілдері тартылған. Осы кезең ішінде 1296 отырыс өткізіліп, 160 өтініш негізінде 20 мұғалімге ескерту, 23 мұғалімге сөгіс, 14 мұғалімге қатаң сөгіс түрінде тәртіптік жаза қолданылды. Талдау қорытындылары көрсеткендей, ҰБТ талаптарын және академиялық адалдықты сақтамау көп орын алған. Бұдан бөлек, көлікті мас күйінде жүргізген, міндеттерін тиісті дәрежеде орындамаған, еш себепсіз жұмысқа келмеген, ата-аналармен, оқушылармен қарым-қатынаста дөрекілік көрсеткен, қоғамдық орындарда ұстазға лайықсыз мінез-құлық танытқан 24 адамға шара қолданылды. Ұжымдарда педагогикалық, моральдық-әдеп нормалар жауапкершілігін күшейту жолдары белгіленді. Бүгінгі таңда педагогикалық әдеп бұзушылардың деректер базасында 57 мұғалім бар.

Сөз арасында Білім және ғылым министрінің №57 бұйрығымен мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен педагог қызметкерлерін қызметке тағайындау, қызметтен босату ережелері бекітілгенін атап өткен жөн. Бұйрыққа сәйкес, мемлекеттік ұйым кандидаттың құжаттарын қабылдағаннан кейін үш жұмыс күні ішінде сыбайлас жемқорлық немесе қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны туралы мәліметтердің бар-жоқтығы туралы мәліметті статистикалық және арнайы есепке алу, сондай-ақ білім мен ғылым сапасын қамтамасыз ету комитеттеріне жіберуге міндетті. Егер бұрын сыбайлас жемқорлық немесе қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны анықталса, қолданыстағы заңнамаларға сәйкес қызметке орналаса алмайды, ал жұмыс істеп жүрген мұғалімнің осындай қылмысқа барғаны белгілі болса, жұмыстан шығарылады.

Педагогикалық әдеп жөніндегі кеңестің қызметін ұйымдастыру Білім және ғылым министрлігінің №190 бұйрығымен бекітілген, соның негізінде үлгілік ережелермен айқындалады. Кез келген жеке және заңды тұлғалар педагогикалық әдепті сақтау мәселелері бойынша хабарласып, өз ойларын ашық білдіре алады. Ұсынылған мәліметтер шеңберінде педагогикалық әдеп нормаларын бұзуды қадағалау, ескерту және алдын алу, білім беру ұйымы персоналының моральдық-психологиялық ахуалын жақсартуға, педагогикалық әдепті бұзуға байланысты жанжалды жағдайларды реттеуге ықпал ету, педагогтардың жауапкершілігі туралы мәселені дұрыс қарау үшін қажетті және жеткілікті мән-жайларды жан-жақты, толық зерттеу басты ұстаным ретінде алынады.

Өкінішке қарай, Айыртау, Жамбыл, Мағжан Жұмабаев, Қызылжар, Мамлют, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандар мен Петропавл қаласының мектептерінде ереже талаптары қатаң сақтала бермейді. Мәселен, кеңес құрамына білім беру ұйымының басшысы, білім беру ұйымының басқару, әкімшілік, көмекші персоналының қызметкерлері мен тәрбиеленушілердің ата-аналары мүше ретінде енгізілмейтіні ескерілмеген. Кеңес төрағалары ретінде мектеп директорлары, оқу ісінің меңгерушілері, әдіскерлер, кітапханашылар тағайындалған жағдайлар да бар. Бұл да ережеге қайшы. Ережеде кеңес отырыстары тоқсан сайын кемінде бір рет өткізілетіні анық жазылғанымен, осы тармаққа байланысты талап бұзушылықтар жоқ емес. Тіпті жыл бойы бірде-бір жиын өткізбеген мектептер де кездеседі.

Алда тұрған басты міндет – педагогикалық әдеп жөніндегі кеңесті педагогикалық әдеп ережелерін талапқа сай қалыптастыратын құрылымға айналдыру. Бұл орайда білім бөлімінің басшыларының “Педагог мәртебесі туралы” Заңның орындалуын және педагогикалық әдеп жөніндегі кеңестердің жұмысын жеке бақылауға алуының, кеңестердің саны мен сапасының ереже шарттарымен толық қабысуының, ҰБТ-ға қатысатын педагогпен академиялық адалдықты қатаң сақтау туралы әңгіме жүргізудің, барлық қатысушы тараптардың дәлелдерін ескере отырып, өтініштердің объективті қаралуын қамтамасыз етудің маңызы зор. Сонда әр ұстаз теориялық және әдістемелік шеберлік деңгейін арттыруға, шығармашылық қабілетін дамытуға, әдеп нормаларын қатаң сақтауға мүдделі болады.

Айнагүл СҰРАҒАНОВА,

облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp