«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Есім (Әңгіме)

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Егізді Құдай әр адамға бере бермейді. Фати­ма апаның жас келіні Марал егіз қыз туды. Ұлу жылғы қазан айының соңында туған нәресте­лерге әжесі Фатима, Зухра деп ат қойды. Көрші кемпірлер Фатиманы Фатма деп атайды. Оның немере қызына өз есімін бергеніне бәрі тосын таңырқасып қалған. Фатима – үш ұл, төрт қыз­дың ардақты анасы, он екі құрсақ көтерген, бе­сеуі тұрмады. Бүкіл әулет Фатима апаны сый­лайды, ырқына бағынады. Соңғы пайғамбардың сүйікті қызының есімі бұл кісіге тегін қойылмаған екен. Көріпкел, адуын, арық, бейнетқор кемпір. Бес уақыт намазын қаза жібермейді. Денесін тік ұстайды, белі бүгіліп, бүкшеңдеген емес. Ғайбат айтпайды, бос сөз аңдыған, өсек айтқан қатындарды жақтыртпайды. Бұйрық бергенде дауысы нық, сыңғырлап тұр. Келіндері мысы басып тұ­ратын ене сөзін екі етпей: “Иә, иә!” – десіп, құ­лдық ұрып жүгірісіп кетеді. Соғысқа қатысқан отағасының көзі көрмейді. Үш ұлының үйін қаз-қатар қондырған, қақпасы ортақ, үш келінін бір ауы­з сөзімен басқарған кемпір ұрпағының көз алдында жүргенін көріп, көңілі марқаяды. Жаз­ғытұры құс келсе қуанып, жем шашып, ауласын­дағы бұта-бұтаның арасына ыдыс қойып, сырлы аяқпен су құйып жүреді.

Кенже ұлы Ернияз егіз қызы туғанда 25 жаста болатын. Мүшелінде құдай жарылқап қос бөпе берді. Әке-шешесі қуыршақтай екеуін түріне қа­рап айыра алмай жүрді. Перзентханада құрттай аппақ білектеріне ораған клеёнкадағы жазуға қарап ажырататын. “I плод. 3000 гр, жен. Ерниязова”, “II плод. 2900 гр, жен. Ерниязова” деп таңбаланған. Тек біреуінің дауысы сәл ащылау болмаса, қылдай айырмасы жоқ.

Құс келген көктемде, егіз бала алты айлық болғанда, Ернияз балаларына туу туралы куәлік жаздырып алуға барды. Балдай тәтті қыздары­ның ныспысы заманаға лайық болсын деген оймен Фатимасын – Әльмира, Зухрасын Гүлмира деп жаздырып алды. Анасы азан шақырып қойса да, ескілікті есімдерді жаны қаламаған.

Көк аспанда басына ақ сәлде орағандай шу­мақталған бұлттар көшіп барады. Кенет күн райы күрт бұзылды. Ысқырынған долы жел оң­түстіктің жаз дерлік жасыл көктемін алай-дүлей шайқап жіберді. Жарық дүние теңселе толқып, ауа көшіп бара жатқан тәрізді тербелістен дүр сіл­кініп, жұмбақ дірілден аунап кетердей бұл­қынды. Көктерекке салған қара қарғаның қадау-қадау бір ұясын жел ұшырып әкетердей шай­қады. Ләйлек тұт ағаш басында қоқиған ұядан балапанын жерге лақтырды.

Ернияз кешкілік жұмыстан оралса, нәп-нәзік денесін дерт буған Әльмира іңгәлап жылай бер­ді. Гүлмира мазалы бала болатын. Сыңары шы­рылдап жыласа, бесікте үнсіз жата береді. Бәле қас-қағымда жетіп үлгерген екен. Үйдегілер ауру бөпемен әуре болып, дәрігерге жүгіріп жүрген­де, екіншісі сұлқ қалды. Емханаға апарғанда Гүлмира тірі болатын. Дәрігердің көмегі тимеді, сол жерде балақай дыбысы шықпаған күйі үзіліп кетті.

Алты айлық нәресте шетінеп кеткенде, Фатима ақ жаулығы желкесіне сырғып түсіп, аппақ самай шашы дудырап, көз жасы тамайын десе тама алмай, булығып отырып қалды. Барша не­мерелері мен қыздан туған жиендерінің ішінен өзіне түр-әлпеті аумай, айнымай тартқан егіз қыз баланың бірін аңдаусызда ажал қағып алды. Фатима апа – ақсары, киіктің лағындай кішкен­тай, қартайса да сыны кетпеген шырайлы кісі, ар­шыған жұмыртқадай аппақ бөпесінен айрылып қалып, мылқау күйік ішін өртеп бара жатты.

Қос нәресте иемденген есімдер қалай ауыс­ты, солай тіршілік күрт өзгерді. Адам тағдыры­ның барша қырлары алдын ала есім арқылы жазылып қояды. Шығасыға иесі басшы. Періште сипат бөбек есімі басқаша өзгергенде жазмыш қоса ауысып кеткенін, аңдаусыз түлен түрткен теріс іс қылғанын бейқам жігіт жас жанын арыл­мас мұң-шер тұншықтырғанда барып түйсінді. Бір тұқымға өзі би, өзі қожа, көпті көрген дана, мейірбан анасы қойған есімдер егіздерге бақ болып қонса, оны жазатайым сорға айырбастап, оңды теріске бұрып, түзуді қисайтқан, бәрін бүл­дірген өзі екенін ұғу неткен ауыр! Өлсе сүйегімен қоса кетер қырғын өкінішке тұтылғанын білге­німен не шара, іс тағдырға сызылып кеткен.

“Осы қателікке қаперсіз жастықтан ұрындым ғой. Көзімнің ағы мен қарасындай балапанда­рым­ды жоқ жерден обал жасап, бал құрақтай уыз өмірлерін текке қор қылғаным-ай! Немере­ле­ріне шешем берген қасиетті есімдерді өзімше менсінбей, ескіліктің қалдығы деп ұқтым. “Ше­шем өз есімін туған немересіне қойғаны несі?” деп біртүрлі ерсі көрдім. “Келіндері кішкентай қызымның есімін атағанда шешемнің аты қоса кетеді ғой, қой, мұны өзгертейін” деп ойладым. Үлкендермен ақылдаспай, күнәлі іс қылдым ғой, не­ғылайын?!” – деп Ернияз ақталғандай, жұба­ныш таппай, көз жасын көлдетіп жылай берген келіншегін құшақтап, бауырына басты.

“Неге есімдерін өзгертетініңді әуелі апама айтпадың? Неге рұқсатын алмадың? Әншейінде қас-қабағына қарап, қарсы келмеуші едің ғой!” – деп күйеуін кінәлай сұрады Марал өксігін тия ал­мас­тан. Үш жарым жасар тұңғыш ұл кішкентай қарындасының біреуі неліктен жоқ болып кетке­нін ұқпай, жалғыз қалған бесікке келгіштейді. Бала ойын үстінде қуыс-қуысты іздейді.

“Білмеген у ішеді. Қара басып, шатастырайын десе оп-оңай, Құдай адамды жазалайын десе есі­нен адастырады деген сөз рас екен”.

“Гүлмирам, ақ лақтай қағылез бала, мүмкін, жылауға да әлі келмеген шығар”, – деді анасы Әльмирасына омырауын тосып отырып.

“Қайсысы Фатима-Әльмира, қайсысы Зухра-Гүлмира, көз тоқтатып қарасам-ақ шатасып, бі­лектегі белгіден айырамын. Құдай бізге көп көр­ген екен, егізге сұқтанған елдің көзі тиді ме?!” – деп күбірледі қайғылы әке.

Екі баланың бір жұмыртқадан жаралған егіз­дер екені шираған сайын анық біліне бастаған еді. Мұндай егіздің кіндігі бір болады екен. “Сы­ңарынан айрылса, екіншісі де жарық дүниеде тұр­майды”, – десіп былайғы жұрт сәуегейлік айт­ты. Педиатр әйел: “Енді мына бала адам бол­майды, тірі қалуы күмәнді, сыңарынсыз өмір сүре алмайды”, – деп ескертті. Ата-ана сәбиін құ­шақтап үйге жылап оралған.

Әкесі ұйқыда болсын, ояу болсын, бөпелерін бір-бірінен ажырата алмаса соған мәз болып кү­летін. Бір-бірінен айнымайды. Періштесі күлдір­се, шалықтап бейкүнә жүздері жадырай сықы­лықтаған кейпіне көз тоймайды! Аппақ, сүп-сүйкімді, қызыл шақа күйінен арылып, езу тар­тып, томпиып адам бола бастағанда егіздің бір сыңарын ажал ұрлап, бір сыңарына өлім қатері құстай төніп тұрғаны жас жұбайларға қатты батты. Тірі қалған перзенті уақыт озыңқыраған сайын сабағынан үзілген гүлдей солып, ана сүтін ембей тартынып, әлсірей бастады.

Фатима апаның төркіні – өзбек жақтың қазақ­тары. Жанұшырған үлкен шешесі баланы Сары­ағашқа тиіп тұрған Ташкентке апарып, жылдам емшіге көрсетіп оралды. Ай мен күннің аманын­да жас иістен айрылып қалғалы Фатима апа тіл-жақтан қалған. Ташкенттен оралған бетте үн-түн­сіз киініп, қолына түйіншегін ұстап, ешкімге тіс жармай бір жаққа кетіп қалды. Бір түн қонбай, таңертең қасына Қазы молданы ертіп жетті.

Отағасы төрт жыл бұрын мұрын қуысының ішіне жара шығып, әпкесі дәрі құйғаннан көзі соқыр болып қалған. Білмесе де ем жасаған әп­кесіне еш кінә таққан жоқ. Туысына жан жы­луын жоғалтпаған, мұны тағдыр ісі деп мойынсұнып, тас қараңғыға көнген. Дихан атаның құлағы бәрін естіп, үнсіз тыңдап, таспиық тартып, ұрпа­ғына тілеу қосып отыр.

“Қасиетті Құранның 6-Әнғам сүресінің 59-аятында айтылған: “Көместің кілттері Оның жа­нында. Оны Ол, өзі ғана біледі. Және құрлықта­ғы, теңіздегі нәрселерді біледі. Бір жапырақ түссе де, Алла оны біледі. Және жердің қараңғы­лықтарындағы құрғақ және жас ұрыққа дейін ашық Кітаптар бар”, – деп Қазы молда уағыз айтты.

Фатима апа көк сөмкеден әдемі қуыршақ алып шыққанда, көзі жасты, көңілі қаяулы келіні селк етіп, енесінің қолындағы ойыншыққа тесіле қарап қалды. Бағасы қымбат, үлкендігі жеті ай­лық балаға пара-пар ірі қуыршақты енесі қала­дан сатып алған болса керек. Жас ананың тұ­манданған көз алдына балажан енесінің егіз не­мересін алғаш рет күміс теңге қосып жуынды­рып жатқаны елестеп кетті. Құс қайтқанда туған бейкүнә қызын құс келгенде қара жер құшағына қиды. Бөденедей баланың жансыз денесін ару­лап жуғаннан өткен зілді қайғы бұрын басына түспеген. Келіні “Апамның құсадан есі ауысқан ба, мұнысы несі?” деп күдіктенді. Бірақ бұрын-соңды енесінің артық қылығын көрген емес. Дүниелік үшін құбылып, жалған сөйлеген жерін көрген жоқ, өтірікке жаны қас.

Фатима апа бесікке анасы әлдилеп зорға бө­ле­ген нәрестені шешіп алып, жаялығына жан­сыз қуыршақты орап, көк сөмкеге қайта салды. Бала – құс ұйқылы, шошып оянып, әлжуаз іңгә­лай жылады.

– Апа, не үшін?! – деді Марал үні тарғылдана, демі бітіп қалғандай сыбырлай сөйлеп.

Енесі келінін “үндеме” дегендей қатулы қаба­ғымен жасқап тастады. Ләм-мим жоқ, орнынан тұрып, күн жылы болса да пүліш бешпентін киді. Фатима апаның өз әкесі Оспан – үлкен молда болған қасиетті кісі, көзі кетсе де дін ұстауы әлі елдің есінде сақталған.

Кемпір жанына молда мен ұлын ертіп, үшеуі суыт машинаға отырғанын көрші әйелдердің біреуі байқап қалды. Ақ-сұр автомобиль ауыл­дың сыртын айнала қоршаған егістіктің арғы жағындағы қорымға зырлап жетті. Осы рудың өмірден өткен ата-бабасы жатқан молада аз уақыт бұрын топырағы кеппеген жас қабір пайда болған. Әуелі Қазы молда малдас құрып отырып, Құран кітабын ашып, аруақтарға ба­ғыш­тап, арабша дұға қылды. Молда шал дұға­сын: “Аллааһуммә ләә сәһлә иләә мәә жәъал­тәһу сәһлән. Уә әнтә тәжъалул хузнә изәә шитә сәһлән” қайырды.

Фатима апа құдайдан тілеу тілеп: “Екі дүние­нің иесі, он сегіз мың ғаламды жаратқан жарыл­қаушы бір Алла, тіріге де ие, өліге де ие Ұлық Аллам, бұл ісімізді күпірге жаза көрме!” – деп кү­бірлей кешірім сұрап жалбарынды.

Өзбек елімен шекараға таяу ауыл жазықта орналасқан, ірі өзен жоқ, жылғада су сыздықтай ағады. Ернияз қапқа салып әкелген күрек-қай­ласын алып шығып, төмпешік жас қабірдің қасы­нан шұңқыр қазды. Анасының бұйрығын бұл­жыт­пай орындаған жас жігіт жаралы жүрегі сыз­дап, көзінен жас ыршып кетті. Жамандық адам­нан өтпей, Құдайға жетпесін ол енді анық білді.

Молда діни рәсімін бітірген соң, Фатима апа қуыршақты кеудесіне балаша басып, маңдайы­нан бір иіскеді. Қабірдегі алты айлық өлі бала­ның іргесіне бесіктегі тірі баланың иісі сіңген жая­лыққа оралған адам бейнелі ойыншық мүсінді көтеріп алып, тарамыс қолдары қалтырап, қазу­лы шұңқырға жатқызды.

“Сенің сыңарың осы. Енді оны іздеме. Бауырың жұбы жазылмай өзіңмен бірге кетті”, – деп дауыстады молда.

“Кіндігі бір сыңарыңды енді іздеме қарағым, мі­не, ол сенің жаныңда жатыр. Рухың тыныш бол­сын, балғын нәрестем, бөпем!”, – деді кем­пір.

Моладан оралған соң Фатима апа мешітке ба­рып, мол садақа берді. Монша жаққызып, бумен, сумен тазаланды. Түнімен дұғаға тұрып, Құдай­ға таза құлшылық қылды. Үкі тағылған бесікке бөленген нәресте тыныш ұйықтады, ана төсін көбірек емді.

Арада бір ай өткен. Ернияз түн ортасы ұйқы­сы қашып, әріп санын ойша санап жатыр. “Керемет деген не? Көктегі Құдай тағаланың бұлжы­мас заңы, тылсым құбылысы төменгі әлемде кө­рі­ніс тапқаны ма?! Құпия әріп санына байла­нысты ма екен? Алты әріптен тұратын әуелгі есі­мі жеті әріптен түзілген атқа өзгерді, бес әріптен тұратын есім алты дыбысты атқа өзгерді. Мүмкін, Гүлмирамның өмірлік қуаты майшам тұқы­лындай тез таусылғаны содан ба? Бекер құрбан қылдым-ау кішкентайымды. Аты ауысқан соң баланы қорғаушы періштесі танымай, адасып қал­ғаны ма?! Маңдайдағы жазуды шұғыл ауыстырып жіберетіндей адам есімінде не сиқыр, не қасиет бар? Хайуаннан адамның айырмасы тілін­де болса, қуат көзі сөзде болғаны ғой. Де­мек, атауы жоғалса, заты бүлініп, адам баласы түгілі, рухы өлген тұтас тайпа, халық құриды?! Шы­нымен, Фатима деген есімнің киесі, қуат-күші әу бастан-ақ пәк нәрестені өлімнен қорғап, құт­қарып қалғаны ма?!” – деп Ернияз тұңғиық ойға батты. Бірақ мұндай болжамын артынан ана­сына айтуға жасқанды.

Жас бала құстың көлеңкесінен тоңады. Сұлу жас ботаға, сұлу жас балаға көз тигіш. Сондық­тан сылдырмақ ойыншықтың дыбысы нәрестені көзге көрінбейтін зұлым күштерден қорғайтын ежелгі тұмар екенін аңғал ер қайдан білсін. Құ­дайдың құдіретімен өз әулетінің рухы ұрпағына көмектесерін ол білген жоқ.

Әльмира өскен сайын апасының аузынан түс­кендей болып, құдды Фатима кемпір құдайдың қалауымен тірі күнінде-ақ бала болып жаралып, анадан қайта туғандай әсер етті. Үш отбасының үйі қаз-қатар салынған. Ата-әже ортаншы ұлдың қолында тұрады. Әльмира жатарда әжесінің қасына қашып кеп, қойнында ұйықтайды. Неме­ре ағасының желкілдей өсіп келе жатқан бес баласының ең кенжесін ығыстырып тастайды. Фатима апа намаз оқығанда бөлмесіне Әльми­радан өзге ешкімді кіргізбейді. Өзімен аттас бо­лып, ұлының аңқаулығынан есімі өзгерген неме­ресін ерекше жақсы көреді. Қыз бала мектепке барған соң апасы не істесе, соған еліктейтін бо­лып алды. Намазда апасы сыбырлап дұға сөз­де­рін айтса, іштей елтіп қайталап отырады. “Ақыл­дым, – дейді әжесі еміреніп. – Менің қы­зым. Құдай қаласа, алтын қызым әлі бір биіктен көрінеді”.

Әльмира 5-ке толғанда атасы дүние салды. Ал­ғашқы қоңырауда Фатима апа сүйікті неме­ресін жетектеп мектепке апарады, ашық сабағы­нан қалмайды. Мектеп директоры Фатима апаға сөз береді, жиылған үлкен-кіші жыл сайын ақ ті­легін естиді. Бата берсе: “Кетпес дәулет, кең пейіл берсін” деп қайыратын. Әльмира мақтау қа­ғазды әжесін қуанту үшін алады. Оның үстіне көрімдігі даяр екенін біліп алған. Бала тілін қызықтап, үлкен кісілер руын сұраса ол: “Атам сіргелі, апам шанышқылы, нағашым қаңлы, өзім қазақпын!”,– дейді.

Әжесі әдетте Қазығұрт бөктеріне төркіндейді. Кіш­кен­тай қыз әжесі үйде болмаса, елден ерек сағынатын. Фатима апа қайда барса, бауырына басқан немере қызын ертіп жүретін, оқуға бар­ғаны аяғына тұсау болды. Әльмира бұл әулет­тегі он екі немереден түр-тұлғасымен асыл әже­сінен аумай қалғанын кіп-кішкентай болып зор мәртебе санайтын. Ол он бір жасқа толғанда әс­кери қызметте істейтін әкесі қызметі ауысып, от­басымен Алматыға көшті. Кенже ұлы алыс кө­шерде Фатима апа қатты жылады.

“Балам, білемін, ақырап айында егіз қызың туғанда азан шақырып қойған құтты есімдерді ескіліктің қалдығы деп жаңаша ауыстырдың. Біл­местіктен қырсыққа ұрынып, опық жеп, әзиз жа­ның азап шеккені жадыңнан өшпес. Жаңа туған баланың оң құлағына айтылған азан дыбысы жын-сайтанды аластайды, нәресте азан үнімен есім еншілесе, жан иесін аңдып тұратын әзәзіл жалт бұрылып қашады. Сол құсаны еске салды деп айыптама! Жастар батыра айтпаса біл­мейді. Көбі нырай. Ескінің бәрі жаман, жаңа тегіс жақ­сы деп кім айтты сендерге!”.

“Апа, бақ пен сор ауысқан қилы мезетті өмірі ұмытармын ба! Байғұс басым өкінгенде неғы­лайын?!” – деді Ернияз тұнжырап.

“Салт-дәстүрін ұмытқан ел қаңсып, баяғы асқақ рухынан адасып, қаңғып қалады. Өткенін, ата-баба аруағын ұмытып, елдік ырым-тыйымын, ес-қорғанын, тектілігін, жадын, асыл рухын жоғалтқан соң қайтіп оңады. Ата салтын берік сақтаған азат халықты Құдай құлай сүйеді. Ай­тарым мынау, мен өлсем, қара шаңырақ бөтенге сатылмасын! Үлкен үйді немерелерімнің бірі иеленіп, түтінін өшірмей, ұрпақтан-ұрпаққа көш­кенше, қоныс етіп тұруы керек. Бұл – ата-бабаңнан мұраға қалған, құт қонған көне шаңырақ. Бәрің бірдей сандалып, тар жерге тығылысып, кент жұртына айналғанда мүйіз шыға ма?”.

“Апа, біз сізді сағынып, қаладан жиі келіп тұ­ра­мыз, бекер уайымдамашы”, – деп күмілжіді кенже ұлы.

“Әлі көресің, мен өлген соң осы үйде бас­тарың қосылмайды. Мен тірі тұрғанда қара ша­ңыраққа жиі келетін болыңдар!”.

Апасы барда қара шаңырақтан қонақ арыл­майтын. Қазан ошақтан түспейтін. Үш үйге ортақ аулада Фатима апа таңқурай, құлпынай бұталарын көп өсірді. Жеміс атаулыдан патиссонға дейін өсіреді. Кең аулада бір қылтанақ арамшөп жоқ. Жеміс ағаштары мол. Жаңғақ, сары өрік, қара өрік, шие, алма, алмұрт, жүзім бұтақтары күзде иіліп, сыңсып тұрады. Күркетауықтың шө­желерін бастырып, құс өсіретін, қаптаған тауық мол жұмыртқалайды. Фермада бақтыратын сиы­ры көп, күндіз бақташыға қосатын екі-үшеуін қо­рада ұстайды. Соның арқасында үш баласының дастарқанынан сүт, айран, қаймақ, құрт, ірімшік арылмайды.

Мұнтаздай тазалықты сүйетін Фатима апа ба­сына үнемі ақ жаулық салатын, әдемі көйлек, кам­зол киетін. Құманы қолынан түспейді. Бір кез­де дос кемпірлері үйіріліп келе қалады. Будақ­тата темекі тартатын, таяқпен жүретін көрші дос кемпір: “Фатма, әй, Фатма, сенікі уылжып пісіп қалыпты ғой!” деп тамсанып жүретін. Артынша, күн шуағы төгілген аулада, ағаш үстел басында Үміт апа үшеуі жайланып отырып, тәтті-дәм­дімен самаурыннан шай ішіп, әңгіме-дүкен құрып отырады.

Жеміс-жидек тамылжи піскенде Фатима апа беліне бір литрлік банкі байлап алып, жеміс тереді. Шыны ыдыс толса, шелекке аударады. Та­ңқурай тергенде немерелерінің ішінен әуелде өзі аттас немере қызын дауыстап шақырып алып: “Етегіңді жай”, – дейді. Етегіне баданадай тәтті жемісті толтырып алған Әльмира томпаң­дап, үйіне қарай жүгіреді. “Мама, мама, әжем берді!”, – деп анадайдан шаттана айқайлайды.

Кіші Фатима-Әльмира 14 жасқа толғанда үл­кен Фатима 75 жасқа келіп қан қысымынан қайт­ты. Алматыдан сүйікті немере қызы ата-анасы, аға-інісімен жетіп, елдегі туыстарымен аяулы апасының басына дұға қылды. Ауылға келген сайын апасының басына бармай кетпейді. Ұлы шешесінің құлпытасындағы оймыш жазуды ала­қа­нымен сипаған. Құлпытасқа Фатима Оспан­қызы (1927-2002), руы саңырау деп қашалған.

Әльмира өскенде анасы кейде әзілдеп: “Сен менің енемсің ғой”,– деп қалатыны бар. Қызы туғанда енесі өз есімін қиған құпия мезетті жадынан шығарған емес. Мұхамед пайғамбардың кенже қызы Фатиманың есімін жеке иемденбей, немере қызына берген әулиелігіне іштей риза болып, марқұм енесін ардақ тұтып айтқаны.

Айгүл КЕМЕЛБАЕВА.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp