«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Көктемгі егіске әзірлік

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетовтің төрағалығымен көктемгі егіске дайындық жөніндегі жедел штабтың отырысы өтті. Жиынға ірі агроқұрылымдардың басшылары мен ауыл шаруашылығы техникаларын, олардың қосалқы бөлшектерін шығарумен және жеткізумен айналысатын компаниялардың өкілдері қатысып, жауапты науқанға дайындық барысын талқылады.

Отырыста “СТ-Агро”, “Eurasia Group”, “АгроМашХолдинг”, “AVAGRO”, “EZS Group”, “WeAgroGroup”, “КАМЕТЕХ” “СТ-Аgrо” компанияларының өңірдегі өкілдері өз өнімдерін таныстырды. Мәселен, Петропавлдағы ауыл шаруашылығы техникаларын шығаратын зауыт былтыр 92 комбайн құрастырып, 70-ке жуығын сатқан, биыл жүз комбайн құрастырылатынын жеткізді. Жергілікті кәсіпорында шығарылған “CLAAS”-тың сапасы жоғары, ал бағасы төмен. Диқандар үшін жеңілдікпен алудың жолдары қарастырылған. Компания өкілі Серік Есмұқанов “HORSCH” егіс кешенінің үш секциялы бункермен жабдықталған артықшылығына да тоқталды. Тұқым себу кезінде топыраққа бір мезгілде тыңайтқыш енгізіліп, өсімдік ауруларының алдын алуын, құрғақшылықта ылғалдың сақталуын қамтамасыз етеді.

“Eurasia Group Qazaqstan” компаниясының жергілікті дилері Руслан Сердалинов техникалар, қосалқы бөлшектер жеткізумен, сервистік қызмет көрсетумен шұғылданатындарын, сервистік орталық ашу жоспарланып отырғанын жеткізді. Цифрландыру мен сандық технологияларға басымдық берілмек.

“АгроМашХолдинг” АҚ облыстық филиалының директоры Радик Галиаскаровтың сөзіне қарағанда, алып кәсіпорын “ESSIL” маркалы астық жинайтын комбайндарды, “Lovol” тракторын, Санкт-Петербург трактор зауытымен бірлесіп “Кировец” техникасын құрастырады.

“Авагро” ЖШС-ның директоры Николай Ерохин өз сөзінде өздігінен жүретін сұйық тыңайтқыш бүріккіштерінің үш түрін шығаратындарын айтты. “Диқандар тарапынан қанша техника сатып алынатынын біле бермейміз. Шама-шарқымызша әзірлеп қойып, кім келеді деп күтумен отырамыз. Осы бағыттағы іркіліс реттелсе дейміз. Қолымызда нақты мәлімет болса, қиналмас едік. Біздің өнімді негізінен қазақстандық, ресейлік шаруалар сатып алады. Келешекте Моңғолияға экспорттауды жоспарлап отырмыз”, – деді Николай Ерохин.

Штаб отырысын қорытындылаған өңір басшысының бірінші орынбасары ауыл шаруашылығы техникасына қызмет көрсететін және уақтылы жөндеу жұмыстарын жүргізетін сервистік орталықтардың жұмыс сапасына айрықша назар аудару қажеттігін ескертті. “Ауыл шаруашылығы техникасының қосалқы бөлшектерін сататын дүкендер егіс науқаны кездерінде демалыссыз жұмыс істеуі тиіс. Техника бөлшектерінің тапшылығы орын алмауы керек. Николай Михайлович бәрімізге тікелей қатысты өзекті мәселе көтерді. Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасына бақылауға алуды тапсырамын. Техникаларды шығару, жеткізу және сатумен айналысатын кәсіпорындармен аудан әкімдері тығыз байланыс орнатқандары жөн. Көктемгі дала жұмыстары жөніндегі жедел штаб бақылайды”, – деді жиын соңында Марат Иманбайұлы.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp