«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Сел боп аққан сезім — күйдің нөсері

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Оқырманмен сырласу

Ақындықтың жолын аса қумадым,

Кемеңгер боп, мен ерекше тумадым.

Хас сұлудың ұқсастығы тағы жоқ,

Таза ниет, ақ жүрегім-тұмарым.

Ғажап сезім жайнайтын күн тұрғаннан,

Әуезді әнмен әсерлеген тұрған маң.

Отбасымыз шырқайтұғын кештерде,

Өлең-жырға әуес болдым туғаннан.

Ай нұрланса, күн күлімдер аспаннан,

Батылдығым мол, күнім аз жасқанған.

Тәрбиесін бойымызға сіңірген,

Талант, талап ата-анадан басталған.

Сағыныш – шердің ағытамын тиегін,

Сүйегі асыл, қадірі зор, киелім.

Мені ерекше жақсы көрген, анашым,

Тіршілікте өзіңе бас иемін!

Тамыр жайған тіршілікке мен ерем,

Шайқалмайтын, мықты болса керегем.

Көкірекке мұң, қасірет толысса,

Сабыр сақтап, қыл қаламға жол берем.

Нұрлы дүние, сырлы әлемнің сыры мың,

Сүйеніш қып, елім, далам қызығын.

Құмартпаған жалған атақ, мансапқа,

Сарыарқаның жырға әуес қызымын!

 

Анама

Алғаш рет “мама” деп,

Айтып едім өзіңе.

Қуаныштан күлімдеп,

Қарап едің көзіме.

 

Сенің бейнең көңілде,

Кетпейді еш есімнен.

Тіршілікте, өмірде,

Қатемді де кешірген.

 

Әлемнің бар асылын,

Анашыма сыйлаймын.

Көктемдей нулы жасылым.

Мәңгі сені жырлаймын.

Әзиз, жаным, анашым,

Бақытың сенің мен болам.

Ұзақ өмір тілеуші,

Өз сәбиің, өз балаң!

 

Қыс келгенге қуанып…

Ұлпа күміс кіл жаңа,

Жерге түсер білінбей.

Құтты болсын, жыл жаңа,

Дейді достар күлімдей.

 

Келгендей-ақ гүл алып,

Қыс емес-ау, жарқын жаз.

Бөбектер жүр қуанып,

Мерекеге халқым мәз.

 

Жау, жау, қарым, жау қарым,

Таудай болып үйіл сен.

Жердің асыл, гауһарын,

Сыйлағайсың биыл сен!

 

Өмірге наз

Мен бүгін бәз біреуге шуақтымын,

Айтылған сөзге, сертке тұрақтымын.

Жан – жарасын өмірдің өзі емдейтін,

Бақыттың базарында сияқтымын.

 

Жүргем жоқ, елес іздеп, сағым қуып,

Қисынын тауып пенде бағындырып.

Дертім бе, кесел ме, әлде, азабым ба?!

Келесің қасиетіңе табындырып!

 

Бойыма сіңіріп ап, дәру – емдей,

Баянын бұл фәнидің серуендей.

Қыс пен күз, көктем мен жаз, о, дүние!

Өтеді-ау, өмір шіркін, керуендей!

Ғалия МАЛДЫБАЕВА,

Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасының директоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp