«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Сен ерте кеткен өмір бұл!

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ұмытты деймісің?!

Әлде ұмытып кетті деп жүр ме екен­сің?! Қайдан ұмытайын! Адам өзінің өткен өмірін ұмыта алар ма екен?! Сол өткен өмірің өзіңнің бала­лық шағың болса ше?! Сен жайында үндемей келгендігімнің сырын өзім ғана, өз жүрегім ғана біледі. Енді айтайын соны. Сен жүрек түпкірінде жат­қан сансыз жарамның бірі едің ғой. Онсыз да жарасы көп сол жаралы жү­регімді қайта бір тырнап, қансырап қал­майын деп осы бір уақытқа дейін үндемей келдім. Өткендерге дұға қыл­ған сайын “Е, Алла, Шәйкенұлы Зарлыққа да иман байлығын бере көр!” деп құлшылығымнан қалдырып жүр­ген жоқпын.

Әрине… иә, әрине, өкінішті! Сенің ертеректеу сөнген өміріңнің, ертерек­теу сөнген жанарыңның кей сәттері есі­ме түскен сайын мына жалған дү­ниенің жағасында тұрып, ойға берілетінім де бар. Сол ой толқындары жарға соққан сайын сенің қашан бол­сын жадырап та, жарқырап, өз ортаң мен айналаңды әзіл мен күлкіге бө­леп отырар әзиз бейнеңнің көз алдыма келіп тұрып алатыны да бір өзіме аян жай.

Еске түсер жайлар да аз емес. Күр­сіндірер жайлар да аз емес. Біз бір-бірімізге ғана үнсіз еркелегендей болатын едік. Өйткені еркелей қоярлықтай және де еркелете қоятындай біз екеумізде туған ана да болмады ғой. Сол туған ананың аялы алақанын да, саялы жанының жылылығын да сез­бей өскен біздер дегеніңіз мына өмірдің тау-тау толқындары мен арынды ағыстарына қарсы жүзген едік.

Сол өмір мұхитына жұтылып кет­пейік, жағаға шығып қалмайық деген оймен біз де жағаласып бақтық. Орта мектепте оқыдық, сен онан соң Қо­тыркөлдегі техникумды бітіріп, сол кездегі Көкшетау облысының Красно­армеец ауданындағы “Тернов” совхозының бір бөлімшесінің мал дәрігері болып орналастың, еңбек еттің, үйлендің. Солай да солай, ептеп-ептеп біз де жетіле бастадық.

Еске түсер жайлар аз емес… Сен Қо­тыркөл техникумындағы оқуыңның бірінші жылын бітіріп, жаз айында ауылға келгеніңде, көрші үйдің шалы: “Сен мал дәрігерлік оқу оқып жүрген көрінесің ғой. Ана қорада бір қойдың аяғынан ақсап жүре алмай жатқаны­на біраз болды, соны емдеп берсең­ші,” – дегені бар еді.

Сол сәтте сен өзіңе тән әзілге ба­сып: “Ата, біз әлі бірінші курста ғана оқып жүрміз ғой! Бірінші курста тек малдың басын ғана оқытады екен. Аяғын соңғы курста оқитын боламыз,” – деп жауап бергеніңді естіп бүкіл ауыл болып мәз-мейрам болғаны да есте. Және де тұла бойыңда қанша­лықты әзіл жатса да, қос жанарыңнан, әйтеуір, бір мұң кетпейтін. Біресе күліп, біресе мұңайып өтер өмірдің өтін­дегі өтпелі кезінің саған ертеректеу, тым ертеректеу жеткенін де қайтерсің?!

Бір күні кешке таман үйге телефон шалып: – Әй, мен өлетін шығармын! Мені бүгін түстен кейін Көкшетаудағы онкологияға әкеліп салды ғой, – дедің баяғы өзіңе тән жайдары көңіліңнің сол баяғы әзіліне басып.

– Қой, не деп тұрсың? – дедім сенің­кіремей.

– Рас айтамын, мен онкологияға ке­ліп жаттым, – дедің манағы әзіліңнен айнып, біртүрлі көңілсіздеу үнмен.

– Қой, жай бір дерт болар! Таң атқан соң ауруханаға соғамын, – дедім.

Ой сан-саққа жүгірді. Алайда адам баласына ажал бар екендігіне жүре сенетін кезіміз еді ғой. Бірақ та бәрі де бұлай және бәрі де тез болатындығын, сенің де мына жарық дүниеден жарқ етіп өте шығарыңды білдік пе екен?!

Сол кезде Көкшетау қаласындағы облыстық онкология ауруханасының бас дәрігері Өмірбек аға Бәйкеновке келіп, жағдайды айтып едім, алдына келген әр адамның жанына жылылық сеуіп сөйлейтін ғадетімен: – Ол жігіт кімің болушы еді? – деп сұрады.

– Бала кезімізден тай құлындай тебісіп, бірге өскен, он жыл бойы бірге оқыған досым еді, – дедім.

Өмірбек ағам сәл ойланып барып: – Саған ашығын айтайын, сырқаты бапсыз. Бізге кеш келіп отыр. Асқынып кеткен екен, – деді де мені жұбатуға көшті.

– Қатты уайымдама, қолдан келгеннің бәрін де жасаймыз ғой. Қазір дәрігерлерге де тапсырып қоямын, – деп жатты.

Сен ерте кеткен өмір болды бұл! Небәрі қырық үш жасыңда, 1985 жылдың 29 желтоқсан күні мына жарық дүниені қиып кете бардың. Соңыңнан жарың Ұлмекен, қос ботаң Гүлзира бен Дана, жаныңнан бір елі қалдыр­майтын аяулы қарындасың Барқыт, бүр үйлі бауырларың, әкең Шәйкен қалды зар илеп. Елің қалды, біз қал­дық күрсініп. “Орнында бар оңалар” деп жатамыз ғой! Тегі сол рас та бо­лар. Қазір үлкен қызың Гүлзира мен күйеу бала Жасұлан екеуі Алуа, Әнуар, Амира атты, ал екінші қызың Дана мен Марат екеуі Мелек атты жиендеріңді өсіріп, бір-бір шаңыраққа ие болып отыр, Сенің ғұмырың енді осы ұрпақтарыңмен жалғасты бол­сын!

Жаратқанның ісі болды бұл, десек те ажал тым қатал болды сен үшін. Техникум бітіріп, білдей бір шаруашы­лықтың мал дәрігері ретінде еңбек жолыңды бастап, үйленіп, ұрпақты болып, алда өмір бар, келешек бар деп Алматыдағы мал дәрігерлік инс­титутына оқуға түсіп, еңсеңді енді кө­те­ре бастаған шағыңда бойыңа айықпас сырқат жабысып, сол сені де қиып түсті.

Сен ертерек кеткен өмірдің көз жа­сын құрғата алмай қайран да қайран әкең Шәйкеннің бізді көрген сайын бас салып құшақтап, өксіп-өксіп жылайтынын да ұмыта алар емеспін. Тап сені бауырына басқандай болып, “Зарлығымның достары ғой!” деп бізді ұзақ босатпаушы еді жарықтық. Қай­ран сол әке де сенің зарыңмен, сенің қайғыңмен зар илеп, ол да өтті дүниеден.

Уақыт емші деп жатамыз. Алайда сол емші уақытыңның өзі жан жарасы мен жүрек жарасын толық емдей ал­ма­сы да бар. Ол қалай емдей алсын?! Жаныңды жүдетіп, көңіліңді құлазы­тып кетер ажал барда адам жанының жарасы жазыла да қояр ма екен?! Сол жазылмаған жара болып сен де менің жанымда, ойым мен санамда жүресің әрдайым.

Сен ерте кеткен өмір болды бұл!

Жабал ЕРҒАЛИЕВ,

жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Парламенттегі Сенаторлар кеңесінің мүшесі.

Тайынша ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp