«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАБЫС КӨЗІ – ТЫНЫМСЫЗ ЕҢБЕКТЕ немесе жол бойындағы ауылдың жайы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Покровка – Мамлютка қаласының іргесінде орналасқан ауыл. Онда байырғы тұрғындармен қа­тар оңтүстік өңірлерден көшіп келген ағайындар тонның ішкі бауындай тату-тәтті тұрып жа­тыр. Петропавл – Қостанай бағытындағы тасжолдың бойындағы елді мекеннің тұрғындары егін егіп, мал бағады. Жеке кәсіппен шұғылданып жатқандар да бар. Облыс орталығы 30 шақырымдай ғана қашықтықта болғандықтан мұндағылардың біразы қалаға қатынап жұмыс істейді.

Жайылым тар

Ауылдың тыныс-тіршілігімен та­ны­су үшін алдымен ауылдық округтің әкімі Мұрат Қарабалаевпен жолығып, мән-жайды сұрадық. Округ құрамына Покровкадан бөлек, Красный Октябрь және 2591 километр деп аталып кеткен екі елді мекен кіреді. Бірақ бұл қос ауыл да жабылудың аз-ақ алдында тұр. Бірліжарым отбасы ғана түтін түтетіп отыр.

– Аталған екі ауыл жабылып, Покровкаға қосылады. 2591 километр – электр пойызының аялдамасы, біз­ден шамамен бес шақырым жерде. Красный Октябрь сәл жырақтау, ара­қашықтық 30 шақырымдай. Бұл ауылда бүгінде жеті адам ғана тұрады. Ал Покровканың өзінде 305 түтін бар, тұрғындар саны – 1042 адам. Қа­зақтардың саны – 535, орыстар – 343, немістер – 37, украиндар – 62, басқалары – 76. Тұрғындардың көбі жеке шаруашылықпен айналысады, қалғандары мектепте, медициналық бекетте жұмыс істейді. Облыс орта­лығына қатынап, нәпақа тауып жүр­ген­дер де бар. Тұрғындардың негізгі табыс көзі – мал. Ауылда 495 қара мал, 709 қой, 79 жылқы және 5334 құс бар, – дейді ауылдық округ әкімі Мұрат Қарабалаев.

Мал басы жылдан-жылға көбейіп келеді. Алайда ауыл іргесіне дейін егін егілетіндіктен жайылым жағы таршылық ететінін бұған дейін де тұр­ғындардан естігенбіз. Сондықтан бұл жайтты әкімнен сұрадық. Айтуынша, ауыл іргесіне жақын егін егетін шаруашылықтар бар. Бірақ мал жайылы­мы жеткілікті. Басты мәселе – бақташысыз жайылымға жіберілетін төрт-түлікте. Олар егінге түседі, арты дау-дамайға ұласады.

Тұрғындардың бұған айтатын өз уәждері бар. Ауыл іргесіндегі егістіктің арғы жағында мал жайылымы бар екен. Ортада егістік болмаса, сонда апарып бағатын едік қой дейді. Де­генмен әкім де қарап отырмаған сы­ңайлы. Айтуынша, жүгіріп жүріп ауылдың жайылымдық жеріне 800 гектар алқапты қостыртыпты.

Ауызсу жазда беріледі

Покровкада ширек ғасырдан бері шешілмей келе жатқан мәселе – ауызсудың тапшылығы. Бұл жайын­да газетіміздің өткен сандарында жаз­ған болатынбыз. Соның әсері болды ма, ауыл әкімі бізді жағымды жаңалықтан құлағдар етті. Жақында ауылға су тарту жоспарланыпты.

– Барлық құжат дайын. Былтыр қаражат бөлінбеген соң жұмыс бас­талмады. Биыл 400 миллион теңге көлемінде ақша бөлінді. Көктемнен бастап тендерді жеңіп алған фирма өз жұмысына кіріседі. Су аудан орта­лығынан жеткізіледі. Тұрғындар көше­нің бойындағы колонкалардан тасып жүрмейді. Әркім өз үйіне тартып ала алады, – дейді ауыл әкімі.

Ауыл тұрғындары қазір суды қай­дан ішіп отыр дегенге келсек. Ауылға кіреберісте құдық бар, оған су тазарт­қыш құрылғы орнатылған. Отыз метр тереңдіктен сорғының көме­гімен шы­ға­ды. Аптасына бес күн, таңнан кешке дейін ашық. Таза судың бағасы литрі­не бір теңге.

Тұрғындар бір ұрттам су үшін ауылдың екінші басынан шелегін салдырлатып келуге мәжбүр. Басқа амал жоқ. Ал кір жуатын, малға бе­ретін суды әркім өзінің есік алдынан қазып алған құдықтан алып тұтынады.

Ауылдың ауызсу мәселесі жайын­да Мамлют ауданы әкімдігінің сәу­лет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің маманы Ғали Абдрашевтен сұрап білдік.

– Покровка ауылына су құбырын тарту және тарату желілерінің құрылысы бойынша ашық тендерді “Дәнекер” ЖШС-ы 2021 жылдың наурыз айында жеңіп алған. Іске сот араласып, жұмыс басталмай қалды. Қазіргі уақытта сот ісі аяқталды, серіктестік­пен келісімшарт өзгеріссіз қалдырыл­ды. Жобаны іске асыру мерзімі 4 ай (сәуір-шілде). Жобаның жалпы сомасы 339,0 млн. теңгені құрайды. Ауылдың ішінде тарату желілерін жүргіземіз, – дейді ол.

Балапан баққан Бақабиден

2019 жылы күзде Шымкенттің Сай­рам ауданынан көшіп келген Бақа­биден Артықбай құс шаруашылы­ғымен айналысуда. Ол бала кезінен қанаттыларға әуес. Бұл жер – құс өсі­ру­ге таптырмайтын мекен. Үйдің ай­наласы кең, жақын жерде көл де бар.

– Бағдарлама бойынша берілген үй құс ұстауға қолайсыздау болды. Ауласы тар, тауықтарым көршілер­дің бақшасына кіріп кетіп, аздап рен­жісіп те қалдық. Амалсыздан ауылдың шетінен үй сатып алуға тура келді. Тауықтар еркін жүреді. Өткен жылы 800 бас құс асырадым, – дейді ауыл тұрғыны.

Өткен жылы балапан басып шыға­ра­тын екі бірдей құрылғы сатып алыпты. Бір жыл сынақтан өткізіп көрген. Ендігі ойы – балапан сату. Бі­рақ оның да өзіндік машақаты бар екен. “Бір жолы 350 жұмыртқадан 70 балапан ғана шықты. Мәселен, брой­лердің жұмыртқасын 200 теңгеден аламын. Бұл – етті бағыт. Кейін ба­лапан ретінде 400 теңгеден сатамын. Оңтүстікте құс шаруашылығымен ай­налыса бастағанмын. 300 мың теңге­ге инкубатор сатып алдым. Сондай ап­параттың тағы бірнешеуі керек, алай­да қысқа жіп күрмеуге келмейді”, – дейді Бақабиден Артықбай.

Сүтті сиыр ұстайды

Ауыл тұрғыны Пернебек Талғат та кәсіптің көзін тапқан. 2018 жылы Өзбекстаннан қоныс аударған ол келе салысымен үй сатып алып, оның кем-кетік жерін жамап, ағаштан қора тұрғызыпты. 20-ға тарта сүтті сиыр бағады. Бүгінде сол еңбегінің жемісін көруде. Бір сиырдан күніне 20 литрге дейін сүт сауады.

– Алты сиыр төлдеді. Қалғанда­рының да бұзаулайтын күні жақын. Сүтті тұрғындар үйден алып кетеді. Литрі – 130 теңге. Сиырды қолмен сау­­май­мыз, арнайы аппарат бар. Ал­дымен сиырлардың желінін жуып, со­сын бір жолда екеуін қатар сауатын шағын аппаратты қосамын. Бұл ас­паптың нарықтағы бағасы 250 мың теңге тұрады. Сүт сақтаудың да өзін­дік тәсілі бар, жазда ыдыстағы сүтті салқын суға қоямыз, – дейді ауыл тұрғыны.

Пернебек Талғат жем-шөп мәсе­лесі аздап қиындық тудыратынын жа­сырмады. Әсіресе қыс мезгіліне мал­ға азық молынан керек. Сауылатын­дары қазір екі рет жем жейді. Негі­зінен арпа беріледі. Оның келісі 100 теңгеден асып жығылады екен. Ке­бектің өзі 65 теңге. Сабанның бір ора­мы 3000 теңге тұрады. Көк шөп 10 мың теңгенің ар жағында. Қыстың қа­мын жаз ойлайтын жергілікті тұрғын­дар жем-шөпті жазда мол қылып дайындап алады. Ол кезде баға да қазіргіге қарағанда арзан болатыны белгілі.

Мектепке күрделі жөндеу керек

Покровка орта мектебінде қазіргі таңда 128 оқушы білім алады. Қазақ сыныптарындағы 66 оқушы түске дейін, орысша оқитын 51-і түстен кейін сабаққа барады. Мектеп дирек­торының міндетін атқарушы Мағжан Бірімжановтың айтуынша, білім ордасында 30 мұғалім сабақ береді. Барлығы жоғары білімді. Өткен айда имформатика пәнінен сабақ беретін жас маман қатарға қосылған.

Биыл бірінші сынып табалдыры­ғын 12 оқушы аттапты. Алтауы қазақ­ша, алтауы орысша оқуды таңдаған. Тоғызыншы сыныптан кейін бала­лардың көбі колледжге кететіндіктен 11-сыныпты екі-ақ оқушы бітіреді. 56 бала мектеп асханасынан тегін та­мақ­танады. Шағын орталықта 25 бүл­діршін тәрбиеленуде.

Білім ошағының материалдық-техникалық базасы да жаман емес. 56 компьютер, 25 планшет оқушы­лардың жан-жақты білім алуына кө­мегін тигізуде. Домбыра, вокал, театр үйірмелері ашылған, бұл өнер­лі оқушылардың талантын ұштауда оң әсер ететіні анық. Барлығы тегін жұмыс істейді. 15 бала театрға, 6-уы домбыраға, 3 оқушы вокалға қаты­сып жүр. Ал спорттан волейбол, шах­мат секциялары ашылған.

Мектептің іргетасы 1982 жылы қа­ланыпты, содан бері талай күндерді бастан өткерсе де әлі күрделі жөндеу көрмеген. Шатыры да, мектептің іші де ескірген. Биыл ауданда үш мек­тепті күрделі жөндеуден өткізу тура­лы шешім шыққан. Покровка мектебі сол тізімге енсе деген ауыл тұрғын­дарының тілегі бар.

Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

СУРЕТТЕ: Пернебек Талғат сүтті сиырларының арасында.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp