Ұзын сары жақындаған сайын тұрмысы төмен кей отбасыларда азық-түлік қоры азайып, жоқшылық қыспағына алатыны рас. Дәл осындай жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағында ауылдағы жомарт азаматтар өзіндегі барын жұртпен бөлісіп жататыны қандай жақсы. Қайырымдылықтың үлгісін көрсетіп жүргендердің бірі – Мамлют ауданында картоп егумен айналысатын “Тұмар” шаруашылығының басшысы Ален Дусенов. Жақында ол Мамлюткадағы аз қамтылған, мүгедек, көпбалалы, оңтүстіктен жаңадан қоныс аударған және асыраушысы жоқ 35 отбасына тегін картоп жеткізіп берді.
– Бір отбасына екі қап картоптан үлестіремін. Осындай қыстың қысылтаяң шағында көмек беру – үлкен сауапты іс. Биыл қала әкімі Еркін Самарханұлына барып, аз қамтылған отбасылардың тізімін алдым. Бұрын өзім білетіндерге ғана жеткізіп беретін едім. Көмекке мұқтаж отбасылардың саны бұрынғыдан артқаны байқалады. Оған еліміздегі қымбатшылық та әсер етсе керек. 36 гектар жерге әртүрлі дақылдар егемін, соның ішенде картоп та бар. Тұрғындарға өз еркіммен көмек жасап келе жатқаныма 13 жыл болды. Бұл – әке тәрбиесінің жемісі. Бірақ болмашы істі жұртқа жария еткім келмейді, – дейді Ален Жамбылұлы.
Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,
“Soltüstık Qazaqstan”.