Тайынша ауданындағы “Bio operations” зауыты, шошқа кешені мен ет комбинатына баспасөз-туры ұйымдастырылды. Бұл үш кәсіпорын нарықта сұранысқа ие өнім шығарып, аудан тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп қана қоймай, өткен жылы бюджетке бір миллиард теңгеге жуық салық төлеген. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов өндіріс орындарының қуаттылығын әлі арттыру қажет екенін ескертті. Өңіріміздегі озық кәсіпорындарды әкіммен бірге үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, студент жастар мен бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері аралап көрді.
Аудандағы шошқа фермасының алғашқы кезеңі 2018 жылы салынып біткен, кейін 5,1 млрд. теңге инвестиция тартылып екінші кезеңі жүзеге асырылды. Кешен алғаш іске қосылған кезде 25 мың талпақ танау болатын. 2019 жылы кәсіпорын кеңейтіліп, шошқа саны 50 мыңға дейін жеткізілді. Серіктестік өткен жылы қораларды кеңейтіп, 100 мың шошқаға дейін арттырды. Бұл жылына 10 мың тоннаға дейін ет дайындауға мүмкіндік береді. Кәсіпорындағы өзгерістер өңір экономикасына да оң әсер етіп отыр. Шикізат бірден ет комбинатына жөнелтіледі. Комбинатта шошқадан бөлек, қара мал етінен де шұжық өнімдері шығарылып, еліміздің бірнеше қаласында сатылады. Облыс әкімімен бірге өндірісті аралаған қоғам белсенділеріне шұжықтың қалай өндірілетіні, шошқа кешенін кеңейту жөніндегі жоспарлар таныстырылды.
– Фермада шошқаларды өсіріп, семіртеміз. Салмағы шамамен 100-120 килограмға жеткен кезде сойылып, ет комбинатына жіберіледі. Ол жерде түрлі шұжықтар жасалады, – деді “KazFoodProducts” ЖШС-ның бас директоры Әлихан Талғатбек.
Компания өз өнімдерін Тайынша, Петропавл, Көкшетау қалаларында сатады және жуық арада Қазақстанның астанасында дүкен ашпақ. Сондай-ақ кәсіпорын Қытаймен келіссөздер жүргізуді бастаған. Өкінішке қарай, пандемияның салдарынан аспанасты еліне экспортқа шығару жағы әзірге тоқтап тұр.
– Атқарылған жұмыс пен шығарылған өнім көлемі 2020 жылмен салыстырғанда едәуір өскенін көріп отырмыз. Мысалы, шошқа фермасында біраз жұмыс атқарылыпты. Шошқа саны 50 мың бастан 100 мыңға дейін жеткізілген.
Бұл жұмыс биыл өзінің жалғасын табады. Талпақ танау санын 200 мың басқа дейін көбейту көзделіп отыр. Құрылыс жұмыстары көктемде басталады, – деді өңір басшысы Құмар Іргебайұлы.
Мамандардың айтуынша, мұнда жасалатын шұжық – экологиялық таза және табиғи өнім саналады. Әзірге шұжықтың 49 түрі шығарылады. Алдағы уақытта өнім көлемін ғана емес, түрін де көбейту көзделіп отыр.
– Шошқа немесе қара мал сойылған күн, нөмірі және сапа белгісі көрсетіледі. Өзіміздің ветеринарлық зертханамыз бар. Ол жерде етке толық талдау жұмысы жүргізіледі. Шұжық жасауға тек шошқа мен сиыр етін ғана қолданамыз, тауық етін мүлдем қоспаймыз, – дейді “EMC AGRO” ЖШС-ы директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Лариса Косова.
Баспасөз-турына қатысушылар ТМД көлемінде теңдессіз кәсіпорын саналатын “Bio operations” зауытына барды. Кәсіпорын 8 жылдық үзілістен кейін қайтадан іске қосылып, бірнеше жыл ішінде жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді. Мұнда глютен, крахмал, балауыз өндіріледі, диірменде ұн үгіледі. 2021 жылы негізгі өнім – биоэтанол өндіретін желі іске қосылды. Қоршаған ортаға зиянсыз экологиялық таза өнімді өндіру көлемі өткен жылы 3 мың тоннаға жеткізілді. Халықаралық сапа сертификатын алғаннан кейін солтүстікқазақстандық биоэтанолға Түркия, Финляндия және Еуропаның басқа да елдері қызығушылық танытуда.
Биоэтанол автокөлікке жанармай ретінде де қолданылады. Биыл кәсіпорын 10 мың тоннасын өндірмек, жыл басынан бері, яғни бір-ақ айдың ішінде 800 тонна өнім шығарып үлгерді.
– Бүгінгі таңда кәсіпорын түрлі компаниялармен биоэтанолды жеткізу бойынша келіссөздер жүргізуде. Бұл – ауаға шығарылатын зиянды заттарды азайтуға арналған табиғи таза жанармай түрі. Экологиялық таза өнім болғандықтан дамыған елдер биоэтанолды қолданады. Осындай озық кәсіпорындардың дамуы облыс экономикасына серпін беріп, жергілікті тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға да оң әсер етеді, – деді Құмар Іргебайұлы. Бүгінде “Bio operations” зауытында 500-ден астам адам жұмыс істейді. Олардың орташа жалақысы 147 мың теңгені құрайды. Жұмысшыларға үш мезгіл тегін тамақ беріліп, үйлеріне тасымалдайтын арнайы көліктер де қарастырылған.
Әділет БАҒЛАНҰЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.