Покровка – Мамлютка қаласының іргесінде орналасқан ауыл. Онда байырғы тұрғындармен қатар оңтүстік өңірлерден көшіп келген ағайындар тонның ішкі бауындай тату-тәтті тұрып жатыр. Петропавл – Қостанай бағытындағы тасжолдың бойындағы елді мекеннің тұрғындары егін егіп, мал бағады. Жеке кәсіппен шұғылданып жатқандар да бар. Облыс орталығы 30 шақырымдай ғана қашықтықта болғандықтан мұндағылардың біразы қалаға қатынап жұмыс істейді.
Жайылым тар
Ауылдың тыныс-тіршілігімен танысу үшін алдымен ауылдық округтің әкімі Мұрат Қарабалаевпен жолығып, мән-жайды сұрадық. Округ құрамына Покровкадан бөлек, Красный Октябрь және 2591 километр деп аталып кеткен екі елді мекен кіреді. Бірақ бұл қос ауыл да жабылудың аз-ақ алдында тұр. Бірліжарым отбасы ғана түтін түтетіп отыр.
– Аталған екі ауыл жабылып, Покровкаға қосылады. 2591 километр – электр пойызының аялдамасы, бізден шамамен бес шақырым жерде. Красный Октябрь сәл жырақтау, арақашықтық 30 шақырымдай. Бұл ауылда бүгінде жеті адам ғана тұрады. Ал Покровканың өзінде 305 түтін бар, тұрғындар саны – 1042 адам. Қазақтардың саны – 535, орыстар – 343, немістер – 37, украиндар – 62, басқалары – 76. Тұрғындардың көбі жеке шаруашылықпен айналысады, қалғандары мектепте, медициналық бекетте жұмыс істейді. Облыс орталығына қатынап, нәпақа тауып жүргендер де бар. Тұрғындардың негізгі табыс көзі – мал. Ауылда 495 қара мал, 709 қой, 79 жылқы және 5334 құс бар, – дейді ауылдық округ әкімі Мұрат Қарабалаев.
Мал басы жылдан-жылға көбейіп келеді. Алайда ауыл іргесіне дейін егін егілетіндіктен жайылым жағы таршылық ететінін бұған дейін де тұрғындардан естігенбіз. Сондықтан бұл жайтты әкімнен сұрадық. Айтуынша, ауыл іргесіне жақын егін егетін шаруашылықтар бар. Бірақ мал жайылымы жеткілікті. Басты мәселе – бақташысыз жайылымға жіберілетін төрт-түлікте. Олар егінге түседі, арты дау-дамайға ұласады.
Тұрғындардың бұған айтатын өз уәждері бар. Ауыл іргесіндегі егістіктің арғы жағында мал жайылымы бар екен. Ортада егістік болмаса, сонда апарып бағатын едік қой дейді. Дегенмен әкім де қарап отырмаған сыңайлы. Айтуынша, жүгіріп жүріп ауылдың жайылымдық жеріне 800 гектар алқапты қостыртыпты.
Ауызсу жазда беріледі
Покровкада ширек ғасырдан бері шешілмей келе жатқан мәселе – ауызсудың тапшылығы. Бұл жайында газетіміздің өткен сандарында жазған болатынбыз. Соның әсері болды ма, ауыл әкімі бізді жағымды жаңалықтан құлағдар етті. Жақында ауылға су тарту жоспарланыпты.
– Барлық құжат дайын. Былтыр қаражат бөлінбеген соң жұмыс басталмады. Биыл 400 миллион теңге көлемінде ақша бөлінді. Көктемнен бастап тендерді жеңіп алған фирма өз жұмысына кіріседі. Су аудан орталығынан жеткізіледі. Тұрғындар көшенің бойындағы колонкалардан тасып жүрмейді. Әркім өз үйіне тартып ала алады, – дейді ауыл әкімі.
Ауыл тұрғындары қазір суды қайдан ішіп отыр дегенге келсек. Ауылға кіреберісте құдық бар, оған су тазартқыш құрылғы орнатылған. Отыз метр тереңдіктен сорғының көмегімен шығады. Аптасына бес күн, таңнан кешке дейін ашық. Таза судың бағасы литріне бір теңге.
Тұрғындар бір ұрттам су үшін ауылдың екінші басынан шелегін салдырлатып келуге мәжбүр. Басқа амал жоқ. Ал кір жуатын, малға беретін суды әркім өзінің есік алдынан қазып алған құдықтан алып тұтынады.
Ауылдың ауызсу мәселесі жайында Мамлют ауданы әкімдігінің сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің маманы Ғали Абдрашевтен сұрап білдік.
– Покровка ауылына су құбырын тарту және тарату желілерінің құрылысы бойынша ашық тендерді “Дәнекер” ЖШС-ы 2021 жылдың наурыз айында жеңіп алған. Іске сот араласып, жұмыс басталмай қалды. Қазіргі уақытта сот ісі аяқталды, серіктестікпен келісімшарт өзгеріссіз қалдырылды. Жобаны іске асыру мерзімі 4 ай (сәуір-шілде). Жобаның жалпы сомасы 339,0 млн. теңгені құрайды. Ауылдың ішінде тарату желілерін жүргіземіз, – дейді ол.
Балапан баққан Бақабиден
2019 жылы күзде Шымкенттің Сайрам ауданынан көшіп келген Бақабиден Артықбай құс шаруашылығымен айналысуда. Ол бала кезінен қанаттыларға әуес. Бұл жер – құс өсіруге таптырмайтын мекен. Үйдің айналасы кең, жақын жерде көл де бар.
– Бағдарлама бойынша берілген үй құс ұстауға қолайсыздау болды. Ауласы тар, тауықтарым көршілердің бақшасына кіріп кетіп, аздап ренжісіп те қалдық. Амалсыздан ауылдың шетінен үй сатып алуға тура келді. Тауықтар еркін жүреді. Өткен жылы 800 бас құс асырадым, – дейді ауыл тұрғыны.
Өткен жылы балапан басып шығаратын екі бірдей құрылғы сатып алыпты. Бір жыл сынақтан өткізіп көрген. Ендігі ойы – балапан сату. Бірақ оның да өзіндік машақаты бар екен. “Бір жолы 350 жұмыртқадан 70 балапан ғана шықты. Мәселен, бройлердің жұмыртқасын 200 теңгеден аламын. Бұл – етті бағыт. Кейін балапан ретінде 400 теңгеден сатамын. Оңтүстікте құс шаруашылығымен айналыса бастағанмын. 300 мың теңгеге инкубатор сатып алдым. Сондай аппараттың тағы бірнешеуі керек, алайда қысқа жіп күрмеуге келмейді”, – дейді Бақабиден Артықбай.
Сүтті сиыр ұстайды
Ауыл тұрғыны Пернебек Талғат та кәсіптің көзін тапқан. 2018 жылы Өзбекстаннан қоныс аударған ол келе салысымен үй сатып алып, оның кем-кетік жерін жамап, ағаштан қора тұрғызыпты. 20-ға тарта сүтті сиыр бағады. Бүгінде сол еңбегінің жемісін көруде. Бір сиырдан күніне 20 литрге дейін сүт сауады.
– Алты сиыр төлдеді. Қалғандарының да бұзаулайтын күні жақын. Сүтті тұрғындар үйден алып кетеді. Литрі – 130 теңге. Сиырды қолмен саумаймыз, арнайы аппарат бар. Алдымен сиырлардың желінін жуып, сосын бір жолда екеуін қатар сауатын шағын аппаратты қосамын. Бұл аспаптың нарықтағы бағасы 250 мың теңге тұрады. Сүт сақтаудың да өзіндік тәсілі бар, жазда ыдыстағы сүтті салқын суға қоямыз, – дейді ауыл тұрғыны.
Пернебек Талғат жем-шөп мәселесі аздап қиындық тудыратынын жасырмады. Әсіресе қыс мезгіліне малға азық молынан керек. Сауылатындары қазір екі рет жем жейді. Негізінен арпа беріледі. Оның келісі 100 теңгеден асып жығылады екен. Кебектің өзі 65 теңге. Сабанның бір орамы 3000 теңге тұрады. Көк шөп 10 мың теңгенің ар жағында. Қыстың қамын жаз ойлайтын жергілікті тұрғындар жем-шөпті жазда мол қылып дайындап алады. Ол кезде баға да қазіргіге қарағанда арзан болатыны белгілі.
Мектепке күрделі жөндеу керек
Покровка орта мектебінде қазіргі таңда 128 оқушы білім алады. Қазақ сыныптарындағы 66 оқушы түске дейін, орысша оқитын 51-і түстен кейін сабаққа барады. Мектеп директорының міндетін атқарушы Мағжан Бірімжановтың айтуынша, білім ордасында 30 мұғалім сабақ береді. Барлығы жоғары білімді. Өткен айда имформатика пәнінен сабақ беретін жас маман қатарға қосылған.
Биыл бірінші сынып табалдырығын 12 оқушы аттапты. Алтауы қазақша, алтауы орысша оқуды таңдаған. Тоғызыншы сыныптан кейін балалардың көбі колледжге кететіндіктен 11-сыныпты екі-ақ оқушы бітіреді. 56 бала мектеп асханасынан тегін тамақтанады. Шағын орталықта 25 бүлдіршін тәрбиеленуде.
Білім ошағының материалдық-техникалық базасы да жаман емес. 56 компьютер, 25 планшет оқушылардың жан-жақты білім алуына көмегін тигізуде. Домбыра, вокал, театр үйірмелері ашылған, бұл өнерлі оқушылардың талантын ұштауда оң әсер ететіні анық. Барлығы тегін жұмыс істейді. 15 бала театрға, 6-уы домбыраға, 3 оқушы вокалға қатысып жүр. Ал спорттан волейбол, шахмат секциялары ашылған.
Мектептің іргетасы 1982 жылы қаланыпты, содан бері талай күндерді бастан өткерсе де әлі күрделі жөндеу көрмеген. Шатыры да, мектептің іші де ескірген. Биыл ауданда үш мектепті күрделі жөндеуден өткізу туралы шешім шыққан. Покровка мектебі сол тізімге енсе деген ауыл тұрғындарының тілегі бар.
Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,
“Soltüstık Qazaqstan”.
СУРЕТТЕ: Пернебек Талғат сүтті сиырларының арасында.