«Soltüstık Qazaqstan»

ұлы оқиғаны еске алу күні.бұл күн біздің жадымызда сақталады!

PDF

Инновация – ілгерілеу кепілі

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мұндай ахуал негізгі, қарапайым білімнің өзін меңгере алмаған оқушылардың саны артуына әкеп соқты. Тағы бір проблема, нағыз қиындық осы деуге болады, балалар оқуын тастап кетіп жатыр. Өйткені білім алуды қажет деп санамайтын болды.

Қасым-Жомарт Тоқаев,

Қазақстан Республикасының Президенті.

Қолжетімді әрі сапалы білім беру – бүгінгі уақыт талабы. Қоғамды алға қарай жетелейтін осынау құдыретті күштің салмағы мен маңызы күн сайын еселене түсіп, адамзаттық құндылықтардың бастау көшіне айналып отырғанын сезінбеу мүмкін емес. Қазір ғылым мен білім араласпайтын сала кемде-кем. Тіпті адамның жеке өміріне дейін дендеп еніп, техниканың қарыштап дамуында, өркениеттің өсуінде жаhандану үрдістерімен санасуға тура келетін жайттар жиі кездеседі. Әсіресе жедел жылдамдықпен алға басқан ақпараттық-коммуникациялық технологиялар заманында ұстаз да, шәкірт те терең білім мен кәсіби шеберліктің, белсенді шығармашылықтың иесі болуы шарт. ХХІ ғасырда жас буын үшін жаңа ақпараттық-технологияларды меңгерудің мүлдем жаңаша міндеттері қойылып отырғанын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев “Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі” Жолдауында тағы бір дәйектеп берді. Оны қазіргі жаhандық өзгерістер кезеңінде түлектің білімі еңбек нарығына шыққанға дейін-ақ жеткіліксіз болып қалуы әбден мүмкін екендігінің өзі оқу бағдарламаларын жаңа жағдайға бейімдеу қажеттігін айғақтайды. Мемлекет басшысы Үкіметке білім беруге қажетті ақпараттық жүйенің сапалы, қолжетімді әрі инклюзивті болуын тапсырды. Бұл орайда, тұрмысы төмен отбасында өсіп жатқан балаларға орта білім берудің жалпыға міндетті стандарты аясында қолдау көрсету айрықша маңызды. Мұндай материалдық қолдау шаралары “Цифрлық ұстаз” білім беру жобасы шеңберінде толықтырылып отырса, құба-құп болар еді.

“Білім туралы” Заңда айқын жазылғандай, білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және азаматтық құндылықтар мен жеке тұлғаны қалыптастыруға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау, оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желіге шығу. Облыстық білім саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығы қазіргі қоғамдағы білім жүйесін дамытуда озық ақпараттық технологиялардың орны бөлек екенін жақсы түсінеді. Отау тіккеннен бергі он жыл уақыт аралығында пікірталастар мен нақты тәжірибелерге толы инновациялық жобаларды, тың идеяларды, ғылыми зерттеу жұмыстарын жүзеге асыруға басымдық беріліп, жаңашылдық дәстүрлер қалыптасты. Білім беру ұйымдарын компьютерлендіру, ұстаздар қауымы мен оқушылардың компьютерлік сауаттылығын арттыру, цифрландыру, білім беру мазмұнын жетілдіру, техникалық және кәсіптік оқыту ұйымдарын дуалды оқыту, онлайн сабақтарды трансляциялау, халықаралық ынтымақтастық байланысты нығайту, оқу-әдістемелік құралдар шығару, авторлық бағдарламалар әзірлеу және енгізу, республикалық байқауларға қатысушыларды сүйемелдеу, өңірлік педагогикалық тәжірибелерді тарату сияқты ортақ мақсаттағы қызмет бағыттары білім беру мекемелерінде оқу сапасын жетілдіруге, әдістемелік көмек көрсетуге, педагогтың кәсіби жағынан толысуына бағытталып отырады. Өңіріміздің 34 ұстазының түрлі деңгейдегі сайыстарда жеңімпаз атануы – бәріміз үшін үлкен мәртебе. Семинар, “дөңгелек үстелдердің”, ашық сабақтардың басым көпшілігі соңғы уақытта онлайн форматта ұйымдастырылса да, тың идеяларды нақты оқу-тәрбиелік үдеріске бейімдеуде, инновациялық зерттеу жұмыстарында, жаңашылдықтарды қолдануда, ақпараттық көмек ұйымдастыруда, мониторингтік зерттеулер өткізуде педагогикалық шығармашылық әлеует төмендеген емес.

“Өрлеу” педагог кадрларының шеберлігін арттыру институты, Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық академия, Омбы мемлекеттік педагогикалық университеті, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті, Петропавл қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебімен, басқа да мекемелермен тығыз ынтымақтаса отырып, конференциялар, семинар-практикумдар, шығармашылық кездесулер ұйымдастырылды. Оларда азаматтық-патриоттық, құқықтық және полимәдениетті тәрбиелеу, рухани-өнегелік құндылықтар, тұлғаның өзін-өзі тануы мен өздігінен даму қажеттілігін қалыптастыру, мектеп пен отбасының қатынасы, білім беру үдерісінің мазмұнын және технологиялық жақтарын жаңғырту, мұғалім мәртебесін көтеру мәселелері басты тақырып арқауына айналды. “Дөңгелек үстелдің” бірі облыстық білім басқармасының басшысы Нәзір Жәшібековтың, физика мұғалімдері қауымдастығы мүшелерінің қатысуымен педагогикалық, қоғамдастық-оқыту сапасын жақсарту мәселесіне арналды. Онда спикерлер оқушылардың халықаралық зерттеулерге дайындығы, қалалық, аудандық әдістемелік бірлестіктердің жұмысын жандандыру, техникалық мамандықтарға сұраныстың артуына байланысты физика пәнін тереңдетіп оқыту, дарынды балалармен жұмысты күшейту жайына баса назар аударды. “Медиация – мектептердегі жанжалдарды реттеудің заманауи технологиясы” атты семинарға халықаралық деңгейдегі кәсіби медиаторлар М.Ғалымжанов, М.Сәдуақасов, У.Урустамов шақырылып, білім ошақтарының медиация қызметтерінің жетекшілері үшін пайдасы мол болды. “Дамушы әлемдегі кәсіпкерлік және бизнес білім беру” ашық пікір алаңы Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжі қабырғасында ұйымдастырылып, іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ә.Есжанова, кәсіпкерлер палатасы адами капиталды дамыту бөлімінің жетекшісі В.Литвиненко, “Дастархан” ЖШС-ның директоры О.Усольцева, “Ледибуг мерекесі” ЖК-ның жетекшісі Ю.Джемалетдинова өз сөздерінде бизнес пен оқу орындарының әріптестік байланысын арттыру, оқу процесінде студенттердің кәсіпкерлік белсенділігін көтеру, қызығушылығын ояту секілді ойларымен бөлісті. Балабақша тәрбиешілерінің “Шырақ” қауымдастығының отырысында “Педагогикалық қоғамдастық – мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту сапасын арттырудың факторы” атты келелі мәселе көтерілсе, орыс мектептеріндегі қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімдері “Шам-шырақ” қауымдастығы аясында бас қосып, проблемалық мәселелерді талқылады.

Жолдауда мұғалімдерді қазіргідей 5 жылда емес, 3 жылда бір рет қайта даярлықтан өткізу мәселесі өте орынды қозғалды. Жасыратыны жоқ, кей ұстаздардың бойында оқушыға жаңа білім сіңіре алатындай нағыз ағартушылық қасиет кем түсіп жататынын күнделікті жұмыс барысында байқап жүрміз. Бұл ретте ұстаздардың курстан өту үшін өз қалтасынан ақша төлеуіне жол берілмейтіні қуантты. Балаларды ерте жастан мамандыққа бейімдеу де айрықша маңызға ие. Біз өскелең ұрпақ өзінің болашақ кәсібін саналы түрде таңдай білуіне бағыт-бағдар беріп, жан-жақты жәрдемдесіп отырамыз. Өйткені бүгінгі таңда NEET санатындағы 237 мың жастың оқу да оқымайтынын, жұмыс та істемейтінін Президент айтты. Жыл сайын мектеп бітірген 50 мың түлектің оқуға ақылы негізде түсетіні, олардың 85 пайызы тұрмысы төмен отбасының балалары екені бәрімізді ойландыруы тиіс. Сұранысқа ие барлық мамандық бойынша техникалық және кәсіптік білімнің толық тегін берілетіні орын алған олқылықтарды шешуге жәрдемдесері анық.

Жақында жалпы білім беру ұйымдары арасында қазақ тілі мен әдебиетінен дәстүрлі республикалық “Абайтану” олимпиадасының өңірлік кезеңі өз мәресіне жетті. Жас ұрпақты заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің “Абай жолы” роман-эпопеясын оқуға бағыттау және кемеңгердің ақындық болмысына үңілу арқылы Абайдың шығармашылық өмірінен ғибрат алуға баулу, зияткерлік және шығармашылық қабілеттерін дамыту мақсатымен ұйымдастырылған білім сынағына биыл 9, 10, 11-сынып оқушылары қатысты. Байқау талабына сәйкес бірінші айналымда үміткерлердің Абайдың қарасөздері мен поэзиясының тағылымы туралы қалам тербеген эсселері тексерілді. Екінші кезеңде оқушылар Абай өмірі мен “Абай жолы” романынан алынған үзіндінің мазмұнын саралады. Сондай-ақ роман мазмұнына қатысты сұрақтар арқылы оқушының жалпы білімі, логикалық ойлау деңгейі сарапқа салынды. Бұдан бөлек, қатысушылар Абай өлеңдеріне теориялық, эстетикалық талдау жасап, грамматикалық сауатын тексеру де қамтылды. Олимпиада қорытындысы бойынша Петропавл қаласының, Есіл, Айыртау, Аққайың, Жамбыл, Ақжар аудандарының үміткерлері жүлделі орындарды иеленді. Үздік деп танылған А.Сәрсембай (9-сынып, Есіл ауданы), А.Табылдынова (10-сынып, Айыртау ауданы), Д.Қоскен (11-сынып, Петропавл қаласы) республикалық додада облыс намысын қорғайды.

Кеше ғана Щучинск қаласында 2-7 сынып оқушыларының зерттеу жобалары мен шығармашылық жұмыстарының ХYІІ республикалық “Зерде” конкурсының қорытындысы жарияланған мәліметтен хабардар болдық. Балалардың зерттеу қызметінің дағдыларын дамытуды, кіші және орта жастағы мектеп оқушыларының интеллектуалдық-шығармашылық әлеуетін ынталандыруды мақсат еткен сайысқа 361 зерттеу жобасы іріктеліп алынып, 423 оқушы бақтарын сынаған. Өңір оқушылары үлкен олжамен оралды. Атап айтқанда, А.Қалықова (“Дарын” мектеп-лицейі), М.Лизогуб (Шал ақын ауданы), Е.Уәлиев (№25 мектеп) жеңістің ең биік тұғырына көтерілді. М.Баяхмет (Қожаберген жырау атындағы №6 мектеп) – екінші орынды, 9 оқушымыз үшінші орынды иеленді. 1 оқушымызға сертификат, 4 оқушымызға грамота табыс етілді.

Айтпағымыз – еліміздің қоғам сұранысына сай білімді, ақпараттық жетістіктерді жақсы меңгерген, жан-жақты дамыған, рухани бай ертеңгі ізбасарлары осындай бәсекелі додаларда шынығып, ширығады, тәжірибелерін толықтырады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда айтқандай әр ұстаз бен шәкірттің жаңа технология әдістерін игеріп, бәсекеге қабілеттілігін шыңдау басты міндетіміз болып қала береді.

Роза СӘРКЕН,

облыстық білім саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығының директоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp