«Soltüstık Qazaqstan»

ұлы оқиғаны еске алу күні.бұл күн біздің жадымызда сақталады!

PDF

ҚЫЗЫЛЖАР – ҚЫСҚЫ СПОРТТЫҢ ОРТАЛЫҒЫНА АЙНАЛМАҚ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен еліміздің Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев келді. Ол аудандардағы дене шынықтыру және сауықтыру нысандарын аралап көріп, өңір спортшыларының ірі додаларға дайындық деңгейімен танысты. Сапарының соңында облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметовпен бірге солтүстікте спорт саласының дамуы талқыланған жиынға қатысты.

Соңғы жылдары облыста жабық хоккей корттары көптеп ашылып, әрбір аудан орталығында дене шынықтыру-сауықтыру кешендері салынуда, стадиондарға күрделі жөндеу жүргізілуде. Комитет төрағасы Қызылжар ауданының Бескөл ауылындағы мәдени-сауықтыру орталығының жұмысымен танысып, бірнеше спорт нысанында болды. Одан кейін Мағжан Жұмабаев ауданының Булаево қаласындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде және жабық хоккей кортында жаттығып жүрген спортшылармен кездесті. Сондай-ақ осы елді мекенде орналасқан стадионға барып, шағын олимпиадалық ауылдың жұмысымен танысты. Мұнда жыл бойы жүздеген жеткіншек спортпен айналысады. Ересек тұрғындар үшін де спорт нысандарының есігі әрдайым ашық.

Облыстың барлық аудандарындағы Мәдениет үйлері мен ауылдық клубтарда жөндеу жұмыстары жүргізіліп, олар мәдени-сауықтыру орталықтарына айналдырылғаны белгілі. Ауылдықтар енді мәдени шаралардан бөлек, үстел теннисі, шахмат, дойбы сынды ойындарды ойнап, спорттық тренажерларда денелерін шынықтыра алады.

Комитет төрағасы Самат Ерғалиевтің айтуынша, Солтүстік Қазақстан облысының келешекте қысқы спорт түрлері бойынша спортшыларды даярлайтын орталыққа айналу мүмкіндігі зор.

– Комитет мамандарының өңірлерде жүргізіп жатқан мониторинг жұмыстарының мақсаты – әрбір облыстың спорт саласындағы мүмкіндіктерін саралап көру. Жақсы жақтарын, кемшін тұстарын анықтап, кейін өңірлердің әрқайсысында белгілі бір спорт түрлерін дамыту ойымызда бар.

Менің ойымша, Солтүстік Қазақстан облысын қысқы спорт түрлері бойынша еліміздің жетекші орталықтарының біріне айналдыруға барлық алғышарттар жасалған, – деді Самат Серікқанұлы.

Спорт және дене шынықтыру саласын қаржыландыру көлемі де жыл өткен сайын көбейіп келеді. Биыл бюджеттен бөлінген қаражат 76 млрд. теңгеге тең. Оның 38 млрд.-ы футбол, шайбалы хоккей, волейбол және баскетбол бойынша кәсіпқой клубтарды қаржыландыруға жұмсалмақ. Өткен жылдан бастап өңірдегі барлық кәсіпқой клубтарды қаржыландыру көлемі азайып, балалар спортын дамытуға және спорттық инфрақұрылымдарды нығайтуға ден қойылғанын айта кеткен жөн.

Биыл мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жаңа спорт сарайының құрылысы басталады. Нысанда көпфункционалды арена және спорттың бірнеше түрі бойынша 17 зал жабдықталатын болады. Жобалық-сметалық құжаттама дайын. Заманауи кешен Петропавл қаласындағы Пушкин, Крепостная, Мағжан Жұмабаев және Чкалов көшелерінің аралығында орын теппек.

Облыс әкімінің орынбасары теріскейді еліміздің қысқы спортын дамыту орталығына айналдыру идеясын толық қолдайтынын білдірді.

– Менің ойымша, біз бұл жұмысты жоғары деңгейде орындаймыз. Облыста жазғы спорт түрлерінен “Ақ бидай”, ал қысқы спорт түрлерінен “Солтүстік” ауыл спортшыларының ойындары өтеді. Осы іс-шаралардың көмегімен спортшыларды көптеп тарта аламыз, – деді Ғани Сақтағанұлы.

Жиын соңында Самат Ерғалиев облыста спорттық инфрақұрылымды жетілдіру және оның бұқаралық сипат алуын қолдау жұмыстары дұрыс жолға қойылғанын атап өтті.

Әділет БАҒЛАНҰЛЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp