Архангельск – Қызылжар ауданындағы ірі ауылдық округтердің бірі. Оның құрамына енетін Новокаменка және Архангельск елді мекендері облыс орталығына жақын орналасқандықтан және республикалық маңызы бар автомобиль жолдары басып өтетіндіктен, тұрғындардың бақуатты өмір сүруіне де, төрт түлік өсіруге де өте қолайлы. Өкінішке қарай, ауылдықтар бұл мүмкіндікті пайдалана алмай тұр. Оның мән-жайына округ әкімі Ирина Рыбакованың есеп беру жиынына қатысқанымызда тұрғындардың өздері майдан қыл суырғандай етіп тәптіштеп айтып берді.
Баяндамашының сөзіне құлақ салсаң, бәрі тап-тұйнақтай секілді. Залдың басым көпшілігі қазақтар бола тұра, мемлекеттік тілде амандасуға да жарамаған лауазым иесі алты беттік баяндаманы сыдыртып оқып берді. Бірыңғай жетістіктерді тізіп шыққан ол аяқ жағында ғана көшелердің жөнделетінін, абаттандырылатынын, жарықтандырылатынын бір ауыз сөзбен қайыра салды. Жұртшылықтың қордаланған проблемаларын, жандарын жабырқатқан, талай жылдан бері арқаларына аяздай батқан, қанша айтылса да шешілмей, баяндамадан баяндамаға “көшіп” жүрген мәселелерін назарына да алған жоқ.
Бұл жерде әкімнің табыстарын жоққа шығарудан аулақпыз. Округ аумағында 7 ЖШС, 3 фермерлік, 32 шаруа қожалығы, 2 әлеуметтік-кәсіпкерлік бірлестік жұмыс істейді. Дәнді дақылдардың орташа өнімділігі 20 центнерді құраған. Сүт сатып алумен “Омаров” жеке кәсіпкерлігі айналысады. “Вагнер” ЖК қоғамдық моншаның құрылысын бастаған. “Павленко” ЖК жаңа дүкен ашқан. “Елім Қызылжар” ЖШС 5 мың тонна көкөніс қоймасын салып, сәбіз сақтауға арналған тоңазытқыш орнатқан. “Молодое Агро” ЖШС асхана мен демалыс аймағының құрылысын жүргізуде. 1 млн. теңгеге 7 көшеге шам орнатылған.
Баяндама аяқталып, зал ішіне шыбын ызыңы естілетіндей бір уақ тыныштық орнай қалды. Алайда қатысушылардың аузынан “бәрекелді, жарайсың, қанағаттанарлық” деген қолдау шыққан жоқ. Керісінше, баяндама біткенін тағатсыздана күтіп отырғандай сұрақ қарша борап, оқша жауды дерсің. Орнынан ашулана тұрған Марал Күзембаева қатулана сөйледі:
– Мына Бескөлге бару мұң. Жаяу-жалпылап жүргеніміз. Қоғамдық көлік қатынасын қалпына келтіру жайлы қанша айтсақ та, құлақтарына ешкім ілмейді. Әкімдіктің жанында бұралқы иттер өріп жүр. Есіл іргемізде тиіп тұр, ал біз әлі күнге дейін құдық суын, жерасты ұңғымаларын пайдаланамыз. Мен тұратын көшеде түнде жүру қорқынышты, тас қараңғы, шам орнатамыз деген уәде сөз жүзінде қалды, – деген Марал Уәлиқызы көкейіндегісін осылайша ақтарып салды.
Зейнеткер Николай Пулжиковтың сауалы жайылым-шабындықтарға қатысты болды. Ауыл іргесіне дейін егін егілгенін ашына айтты. Осы жерді жыртқан кім, мұндай бассыздықты тыюға ауыл әкімі неге қауқарсыз? Ақсақалдар алқасының мүшесі Әлім Төлебаев есепті кездесуге бірде-бір шаруашылық жетекшісінің қатыспауын әлеуметтік жауапкершіліктің төмендігіне балады.
– Өңір басшысы Құмар Ақсақалов Аққайың ауданына барған жұмыс сапарында “Полтавское” ЖШС басшылығының тұрғындарға жасап отырған әлеуметтік қамқорлығын үлгі етті. Архангельскіде онға жуық шаруашылық бар, Бескөлмен екі араға жүретін автобустың шығынын көтеріп алатын шамалары бар. Екіншіден, азын-аулақ малмен тірлігімізді айырып отырған біз жайылым мәселесіне қатты алаңдаулымыз. Жайылым-шабындықтарды өз қалауынша пайдаланып, заңды белінен басып жүрген кеудемсоқтарды атай аласыз ба? – деп тікесінен қойылған сұраққа округ әкімі Ирина Станиславовна үндемей құтылды. Оларды тәртіпке шақыруға, бұрмалаушылықтарды түзетуге әкімнің толық құқы да, мүмкіндігі де жеткілікті. “Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы” Заңы бойынша әкімнің аппараты мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады. Өз құзыреті шегінде көптеген функцияларды атқару міндеттері белгіленген. Солардың бірі – мемлекеттік органдар мен басқа ұйымдардың лауазымды тұлғаларынан қажетті ақпаратты, құжаттарды және өзге де материалдарды сұрау және алу құқығына ие. Олай болса ауыл тұрғындарының жолдаған шағымдарының бүгінге дейін ескерілмеуі қалай?
Округ бойынша жайылымды жердің жалпы көлемі – 7050 гектар, егістік – 12000 гектар, шабындық – 1800 гектар. Қос ауылда түтін түтететін 581 шаңыраққа шаққанда 1,4 мың ірі қара, 0,5 мың жылқы, 2,6 мың қой-ешкі, 0,4 мың шошқа бар. Бұл – өте төмен көрсеткіш. Түгін тартса, майы шығатын Есіл өзенінің жағасында отырса да, бала-шағаның негізгі нәпақасы саналатын мал өсіре алмаудың басты сыры жайылымдық жерлердің ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетуінде. Бәрінен сорақысы, жолдарға дейін жыртылып тасталғаны. Соған қарағанда “әй дер әже, қой дер қожаның” табылмауына келіп тірелетін тәрізді.
Көшелердің Школьная, Береговая, Центральная, Репейная деп аталуына қарап, бұл елді мекеннен белгілі тұлғалар түлеп ұшпаған болу керек деген дүдәмал ойымызды ауыл тұрғындары Бітім Нұрғожин, Мұрат Құсайынов жоққа шығарды. Сөйтсе, орысы ормандай ауылдан Есләм Бәукенов және Молдай Байтөсев деген екі Социалистік Еңбек Ерлері шыққан екен. Өкінішке қарай, туған жері үшін маңдай терін шүмектете төккен есіл ерлерге көше атын беру туралы тұрғындардың ұсынысы қабылданбаған. Олардың орнына “Репейная” мен “Береговая”-ны дұрыс деп шешкен, тіпті соңғы атау бір ауылда бірнешеу көрінеді.
Кезінде бұл ауылда еңселі Мәдениет үйі де болған. Белгісіз себептермен өртеніп кеткен, орны әлі күнге дейін үңірейіп тұр. Бір жылдары дәрігерлік амбулаторияда жоғары білімді маман медициналық қызмет көрсеткен. Қазір ол фельдшерлік-акушерлік пунктке айналдырылыпты, ал дәрігерлік амбулатория Боголюбовоға көшірілген.
– Жастар кешке қарай қайда барарларын білмей, көшеде сенделіп жүргені. Кезінде жап-жақсы байланыс бөлімшесі жұмыс істеген. Оңтайландыру деген желеумен жауып тынды. Пошташы қазір хат-хабарды, газет-журналды үйінен таратады. Зейнетақы, тағы басқа әлеуметтік жәрдемақылар келгенде проблема көбейеді. Сенесіздер ме, ауылда дәріхана жоқ. Күлкілі естілсе де, шындығы осы. Бәрінен де әрқайсысы 7 млн. теңгеге тұрғызылған ауыл сыртындағы үш үйдің иесіз тұрғаны жанға батады, – дейді шарасыз тұрғындар кімге шағынарын білмей.
Ол жайттан хабарымыз бар-тұғын. “Оңтүстіктен – Солтүстікке” мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде көшіп келуге ниет еткен отбасыларды экономикалық әлеуеті жоғары 224 елді мекенге орналастыру белгіленген. Отырар ауданы Шәуілдір ауылының тумасы, 7 баланың әкесі Бақытжан Толыбаев осында орныққан. Алайда ауыл шетінде салынған баспананың сапасыздығы жандарына қатты батқан. Электр жарығы тартылмаған, үйдің сырты қоршалмаған. Отынға арналған, мал ұстайтын қора-қопсы салынбаған. Қабырғалары тілім-тілім болып жарылып кеткен. Бұл жағдайға төзе алмаған қандасымыз амалсыздан көшіп кеткен. Жанындағы екі ақшаңқан үйдің де төбесінен су сорғалап, еден тақтайлары қақ айрылған. Бүгінде бұл баспаналарда ешкім тұрмайды. Ал желге ұшқан миллиондарға кім жауап береді?
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.