«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жазылмайтын жара

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Күні кешегі кеңес дәуірінің кереғар саясатының салдарынан тарих бетінде өзінің қаралы ізін қалдырған ауған соғысының аяқталғанына биыл отыз үш жыл толды. “Интернационалдық борышын өтеу керек” деген үкіметтің жалған ұраны еліміздегі енді ғана 18-ге толған бозбалаларды жат жерге алып барды. Жас сарбаздар атақдаңқ үшін емес, тыныштықты қорғаймыз, соғыс өртін өшіреміз деп қанды қырғынның ортасынан табылған еді. Содан бері қанша уақыт өтсе де, сол күндердің жаңғырығы сұрапыл соғысты көзімен көрген, қасіретін сезінген жандардың есінен әлі күнге дейін кетпек емес. Қазақстан халқы облыстық ассамблеясында ауған соғысы ардагерлерінің қатысуымен өткен “дөңгелек үстел” отырысы тарихтың осынау ақтаңдағына арналды.

Қазақстаннан бұл майданға 22 мыңнан астам жауынгердің аттанғаны белгілі. Олардың бір жарым мыңға жуығы біздің жерлестеріміз. Ауған жерінде тұтанған соғыс өртін өшірмек болған отандастарымыздың 889-ы қаза болып, 30-ға жуығы хабарсыз кетті. Ал үш мыңнан астам қазақстандық елге мүгедек болып оралды. Бүгінгі күні өңірімізде соғысқа қатысқан шамамен 600 сарбаз ғана қалған.

– Соғыстың адам баласына әкелер зардабы мен қасіреті шексіз екенін біз, ауған соғысының ардагерлері, жақсы түсінеміз. Он жылға созылған сұрапыл соғыстың жүрекке салған жарасы әлі күнге дейін жазылған жоқ. Өмір мен өлім арпалысқан сәтте бізді отбасымызға деген махаббат, досқа деген адалдық от пен оқтың ортасынан аман алып шықты деп ойлаймын. Отан алдындағы борышымды оқ қарша бораған жерде атқарамын деп ойламаппын. Тағдырдың жазғаны сол, ауған соғысына қатысқан жауынгерлердің барлығы антына адал болды. Біздің қатарымыз жыл сайын сиреп келеді. Биылдың өзінде төрт бірдей жауынгерден айырылып қалдық, – деді ауған соғысының ардагері Болат Ережепов.

Жиынға интернационал-жауынгерлермен қатар жергілікті билік өкілдері де қатысты. Олар сол сұрапыл соғыста серттеріне берік болған азаматтарды мерекелерімен құттықтап, бірқатарына облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың Құрмет грамотасын табыстады.

Айгерім ҚҰСАЙЫНОВА.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp