«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЕКЕ БАҚЫЛАУЫНА АЛДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңір басшысы Құмар Ақсақалов карантин шараларын ескере отырып, облыс тұрғындарын жеке мәселелері бойынша онлайн қабылдады. Қашықтан өткен кездесуде тұрғындар түрлі мәселелер көтерді. Жеке кәсіпкер Айдар Қасенов 2012 жылдан бері Қазақстанның түрлі қалаларында көгалдандыру ісімен айналысады екен. Өткен жылы үш мыңнан аса ағаш көшетін отырғызыпты. Облыс әкімінің көмегіне жүгіну себебі – ағаш отырғызу ісін механикаландыру және осы салада конкурстық жүйені өзгертуді ұсынды. Оның айтуынша, компания ағаш отырғызумен қатар, гүлзарлар мен саябақтарды абаттандырумен бір айналысуы тиіс. Сонда жауапкершілік те артады, жұмыс сапасы да жақсарады.

Кәсіпкердің сұрағына жауап берген Петропавл қаласының әкімі Болат Жұмабеков биылдан бастап көшет отырғызумен айналысатындар конкурсқа бөлек қатысатынын жеткізді. Жақын арада Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы мамандар келіп, топырақтың құрамын, қандай ағаштың түрін отырғызуға болатынын зерттейді. Осыдан кейін көшет отырғызумен айналысатын компаниялар арасында конкурс жарияланбақ. Өңір басшысы отырғызылған көшеттерге кем дегенде 3 жыл кепілдік берілуі керектігін, жаңадан салынып жатқан шағынаудандардың аумағын көгалдандыру жұмыстары жоғары деңгейде жүргізілуі тиістігін қадап айтты.

– Мен көгалдандыру жұмысымен айналысатын кәсіпорындарға ағашты жүйелі түрде күтіп-баптау қажеттігін бірнеше рет ескерттім. Суармаудың салдарынан ағаштар қурап қалып жатыр. Кімнің жауапты екенін таба алмай қаласың. Мағжан Жұмабаев және Шоқан Уәлиханов көшелерінің бойына, “Жас өркен” мен “Береке” шағынаудандарында, Копайда ағаштардың қалай отырғызылуы керек екенін бүгіннен ойластыру жөн, – деді Құмар Іргебайұлы.

Үшінші топтағы мүгедек Қабижан Сатимиров те өз өтінішін айтты. Қарияның сөзіне қарағанда, 3-топтағы мүгедектерге арналған жеңілдіктерге көңілі толмайды. Бұл санаттағы азаматтар айына шамамен 37 мың теңге жәрдемақы алады. Шаһар бойынша бұл санаттағы азаматтардың саны 4 мыңнан асады. Оларға қоғамдық көліктерде тегін жүру жайы ойластырылмаған.

– Қала бойынша әлеуметтік осал топқа жататын мүгедектердің 11 санаты бар. Оның ішінде жергілікті мәслихаттың шешімімен 9 санатқа қоғамдық көлікте тегін жүру үшін бюджеттен қаржы қарастырылған. Оған 3-топтағы мүгедектер кірмейді. Заң талабы сондай, – деді қарияның сауалына жауап берген қала әкімі Болат Серікұлы.

Өңір басшысы қарияның Маңғыстау, Қарағанды облыстарында аталған топтағы мүгедектер қоғамдық көліктерде тегін жүреді деген уәжін тыңдап, бұл мәселе біздің облыста да жан-жақты зерттеліп, кейін нақты шешім қабылданатынын жеткізді.

Құмар Ақсақалов онлайн кездесуде айтылған арыз-шағымдар мен ұсыныстарды жеке бақылауына алып, шаһар басшысына жан-жақты зерделеуді тапсырды.

Жанбота ЕСТАЙҚЫЗЫ,

журналист.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp