Қызым Айша 2 жас 8 айдан асты. Бал тілін қызықтайтын сәті еді ғой, алайда жанымды мұңға бөлеп, кеудемді ащы өксік қысады. Туа салысымен миына қан құйылып, бірнеше ағзасы қатты зақымданды. Дәрігерлер гидроцефалия деген диагноз қойды. Басқа да кеселдері бар. Көзіне зақым келген. Қызымды емдетпеген жерім жоқ. Шетелге де бірнеше рет апардық. Варшавадағы клиникаға қаратқаннан кейін тәуір болып қалған болатын.
Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында оңалту ақылы түрде жүргізіледі. Жүйелі түрде ем-дом алуға қаражат жағы қолбайлау. Дәрігерлердің кеңесінен соң қызымның қабілетін одан әрі дамыту мақсатымен Петропавлдан мүгедек балаларға арналған оңалту орталықтарын қанша іздесем де таппадым. Жанымызға осы жайт қатты батады. Амалсыздан жеті ата-ана бірігіп, кішігірім зал ашуымызға тура келді. Биыл ол өз жұмысын бастады. Балғындардың тілін дамытып, денсаулықтарын нығайту үшін мамандарды Қазақстанның әр өңірінен шақыртамыз. Нәтиже жаман емес. Қазір қызымның қол-аяғының бұлшық еттері бекіп, еңбектей бастады.
Айтпағым, мүгедек бүлдіршіндерді оңалтуға Үкіметтен және жергілікті билік тарапынан қолдау көрсетілуін қалаймыз. Өйткені 70-тен астам ата-ана балаларын оңалту орталықтарына бергісі келгенімен, жұмсалатын қаржыны бәрі таба алмасы анық. Осы себепті біз ашқан залға 15 балғын ғана келеді. Қаржылық жағынан қиындық көріп жүргендердің бірі – Оксана Бормотова. Оның айтуынша, 6 жастағы ұлын Алматы, Новосібір қалаларына апарып, біраз шығынданған көрінеді. Өйткені ем-домға пәтер жалдау, жол мен азық-түлік шығындары қосылады. Тек қаңтар айында ғана Артемді оңалтуға 250 мың теңге жұмсапты.
Петропавлда ашылған оңалту орталығының барлық шығынын ата-аналар өздері көтереді. Мәселен, ай сайын залды жалдау құны – 80 мың теңге, нұсқаушының 40 минуттық сеансы – 4 мың теңге. Бұдан бөлек, өзге қаладан шақыртылатын білікті маманның шығындары да ата-аналардың есебінен өтеледі. Ата-аналардың бір ғана өтініші бар, ол – әкімдік тарапынан оңалтуға арналған шағын нысан не зал бөлінсе деген ниет. Осы тілегіміз орындалса, талай балғынның сауабын алар едік.
Әзиза ЖҮНІСОВА,
Петропавл қаласының тұрғыны.