Облыс аумағында былтыр 782 интернет алаяқтық тіркелсе, биыл қылмыстың осы түріне қатысты тұрғындардан 54 шағым түсті. Желтоқсан айының соңында Петропавл қаласының тұрғыны полицияға шағымданып, белгісіз біреу оның атына 2 млн. теңге несие рәсімдегенін айтқан. Телефонмен сөйлескен кезде алаяқ оған өзін банк қызметкерімін деп таныстырып, біреулердің несие алуға тырысып жатқанын, бұған жол бермеу үшін телефонға “Анидеск” деп аталатын арнайы бағдарламаны жүктеу керектігін айтқан. Жәбірленуші нұсқауларды орындап, бағдарламаны жүктеп, барлық сұраған ақпаратты белгісіз адамға телефон арқылы хабарлаған. Осыдан кейін алаяқ өз құрбанының банктік шоттарына қашықтан қол жеткізіп, біраздан кейін атына 2 млн. теңге несие ресімдеген.
Тағы бір қалалық өзінің атына несие ресімделгенін сот орындаушылары хабарласқанда ғана білген. Петропавл қаласы тұрғынының айтуынша, ол ешкімге жеке деректерін бермеген және несие алмаған. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында облыс орталығының 34 жастағы тұрғыны анықталды. Ол жауап алу барысында кінәсін мойындады. Ер адам ауруханалардың бірінің жанынан өтіп бара жатып, бір әйелдің жеке деректері бар медициналық анықтамасын тауып алған. Ақша керек болғандықтан интернет арқылы әйелдің атына онлайн несие ресімдемек болады. Бірнеше әрекеттен кейін ұйымдардың біреуі оған несие берген.
Банк қызметкерлерінің жалған қоңыраулары, танымал жарнама сайттарында тауарларға тапсырыс беру және аз ақша салу арқылы мол қаражат алу – бүгіндері облысымызда интернет-алаяқтықтың ең көп таралған түрлері. Интернет алаяқтар жақсы дайындықтан өткен, адам психологиясын біледі, сөз арасында банк терминдерін қолданады, әңгіме барысын алдын ала жоспарлайды. Сондықтан белгісіз біреу қоңырау шалған жағдайда бірден телефон тұтқасын қойған жөн. Интернет арқылы тауар алғанда танымал сайттарды таңдаған абзал. Тағы бір ескеретін жайт, банкоматтан ақша алғаннан кейін немесе төлем терминалдары арқылы операция жүргізген соң түбіртектерді қалдырмау керек. Өйткені көбіне чектерде азаматтардың ұялы телефон нөмірі, ЖСН нөмірлері болуы мүмкін.
Марат ЖҰМАЛИЕВ,
облыстық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы, полиция подполковнигі.