Өңірде биыл ылғалдың аздығынан алқаптарда қар тоқтату жұмыстары қарқын алды. Диқандардың айтуынша, бұл агротехникалық шара өнім мөлшерін кемінде 30 пайызға арттыруға мүмкіндік береді екен.
Тәжірибелі шаруалар дәнді дақылдардан жақсы өнім алу үшін жұмысты көктемде емес, қыс ортасында бастайды. Сол жұмыстардың бірі – алқаптарда қар тоқтату. Бұл әдетте қыстың ең боранды айы – ақпанда жүргізіледі. Биыл қардың аздығынан бұл агротехникалық тәсіл өңірдің көптеген шаруашылықтарында қолға алынды.
Мәселен, Мамлют ауданындағы Токаревка елді мекеніндегі “Хуландой” ЖШС-ы осы күнге дейін 1100 гектар алқапта қар тоқтатқан. Қазір серіктестіктің егістігінде 3 техника жұмыс істеп жатыр. Олар алқаптағы жұқа қарды түгелдей аралығын 4-5 метрлік жал қылып үйіп шығады. Бұл жерлер келесі боран соққанда қар ұстайтын болады. Шаруашылық бұл істі 20 ақпанға дейін аяқтамақ.
– 2700 гектар егістік алқабымыз бар. Соның 1700 гектарына қар тоқтатуды жоспарлап отырмыз. Ауыл шаруашылығы мамандарының айтуынша, тоқтатылған қар еріген кезде тек 30 пайызы ғана топыраққа сіңеді екен. Соған қарамастан бұл агротехникалық тәсілдің берері мол. Өйткені біздің өңір құрғақшылыққа бейім, көктемде жел тұрады. Былтыр құрғақшылыққа кезіктік, болжам бойынша биыл да жаз ыстық болмақ. Сондықтан жақсы өнім алу үшін осы бастан іске кірісу керек. Техника қазір бидай егетін алқапта жүр, – дейді шаруашылық агрономы Мұса Сағындықов.
Былтыр құрғақшылыққа қарамастан, кей шаруашылықтар гектарынан 20 центнерден өнім алды. Бұл агротехникалық жұмыстарды уақытында атқарудың нәтижесі. Өйткені жақсы өнім алу үшін ылғал жеткілікті болып, сапалы тұқым себілуі керек, заманауи техниканың көмегіне жүгініп, түрлі тыңайтқыштарды уақтылы қолдану маңызды.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.