Қазақстанда шағын және орта бизнесті дамытуға мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіледі. “Бизнестің жол картасы – 2025” мемлекеттік бағдарламасының операторы ретінде “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры таңдалып алынғаны белгілі. Қордың негізгі қызметі – кәсіпкерлердің алған несиелерінің сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау және жеңілдікпен кепілдіктер ұсыну.
Осы бағыттар бойынша былтыр 34,7 млрд. теңгенің 658 шартына қол қойылып, 2,37 млрд. теңге төленді. Субсидияланатын жобалардың ішінде көлік және қоймалаудың үлесі – 20 пайыз, бөлшек сауда – 35, өңдеу өнеркәсібі 12 пайызды құрады. Петропавл қаласы бойынша 21511,31 млн. теңгенің 528 жобасына қолдау көрсетілді. Көрсеткіштер Қызылжар, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда да жақсы.
Кәсіпкерлерге банктен несие ресімдеу кезінде кепілзат жеткіліксіз болған жағдайда қор өз тарапынан жеңілдіктер ұсына алады. Мәселен, ісін жаңадан бастаған адамдар үшін – 85, жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлерге 50 пайызға дейін кепілдік беріледі. 2021 жылы 14,7 млрд. теңгенің 555 жобасына қолдау көрсетілді. Бірінші бағыт бойынша 396 кепілдік беру шартына қол қойылды, несие мөлшері – 2507,43 млн. теңге. Екінші бағыт бойынша 159 кепілдік беру шартына қол қойылып, кәсіпкерлер 12 255,91 млн. теңге алды. Петропавл қаласы бойынша 10015,96 млн.теңгенің 461 жобасы мақұлданды.
2019 жылдан басталған “Қарапайым заттар экономикасы” бағдарламасы бойынша жобаларға несие беруді бастадық. Мәселен, былтыр негізінен агроөнеркәсіп кешенінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу өнеркәсібіне қолдау көрсетілді. Нақтырақ 13675,14 млн. теңгенің 16 келісімшартына қол қойылды. Соның ішінде өңдеу өнеркәсібінде – 15, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету саласында 1 жоба қолдау тапты.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша кепілдік беру көрсеткішінің өсімі өткен жылға қарағанда 2,5 еседен асты. Яғни 2020 жылы – 219 жоба қолдау тапса, былтыр 154 пайызды құрады. Екінші деңгейдегі банктерді саралайтын болсақ, “Сбербанк” ең көп, яғни 174 жобаға қаржылай қолдау көрсетсе, “Халық банк” пен “Центр кредит банк”-ке 135 кәсіпкер жүгінген.
Шағын және орта бизнес үшін мемлекеттік қолдау шараларын автоматтандыру оны барынша қолжетімді, ыңғайлы әрі жылдам ете түсті. Қызметтерді цифрландыру бойынша жұмыс 2016 жылы басталған, ал 2020 жылы пандемия кезінде “Даму” қорына онлайн жүгіну мүмкіндігі жасалып, кәсіпкерлер үшін өзінің тиімділігі мен ыңғайлылығын көрсетті. “E-gov.kz” “электрондық үкімет” порталы арқылы қолдау бағдарламаларына қатысуға өтінім беру мүмкіндігі пайда болды. Жеке платформа іске қосылып, кәсіпкер “Online.Damu.kz” сайтында ЭЦҚ-мен қол қою арқылы субсидиялауға және кепілдендіруге өтінім бере алады.
Айрықша атап өтетін бір жайт, электрондық үкімет порталы арқылы бағдарламаға қатысушылардың саны артты. Мәселен, 2019 жылы онлайн өтінімдердің жалпы саны 22 пайыз болса, 2020 жылы 66 пайызды құрады. Өтініш беру схемасы өте қарапайым. Алдымен кәсіпкер екінші деңгейлі банкке бизнес-жобасымен жүгінеді. Банк жобаның қаржылық-экономикалық тиімділігіне бағалау жүргізгеннен кейін, оң шешім шығарған жағдайда кәсіпкер оны “Даму” қорының өңірлік филиалына алып келеді. Не болмаса, жоғарыда айтылғандай, портал арқылы бағдарламаға қатысу үшін өтінім береді.
Бүгінгі таңда қор банктермен, микроқаржы ұйымдарымен және лизингтік компаниялармен бірлесіп, кәсіпкерлік әлеуетті күшейту бойынша жұмысты іске асырылатын қорландыру бағдарламалары арқылы жүргізеді. “Даму” қорының бағдарламалары жергілікті өнім көлемін ұлғайта отырып, отандық өндірісті дамытуды ынталандырып қана қоймай, жаңа кәсіпорындар құру есебінен жұмыс орындарының ашылуына үлес қосатынын да айта кеткен жөн. Бұл жұмыстар биыл да жалғасуда.
Мереке СЫЗДЫҚОВ,
“Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры өңірлік филиалының директоры.