«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕЛЕУСІЗ ҚАЛҒАН ЕРЛЕР, ИЕСІЗ ТҰРҒАН ҮЙЛЕР шешімін табуы тиіс түйткілдер көп

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Архангельск – Қызылжар ауданындағы ірі ауылдық округтердің бірі. Оның құрамына енетін Новокаменка және Архангельск елді мекендері облыс орталығына жақын орналасқандықтан және республикалық маңызы бар автомобиль жолдары басып өтетіндіктен, тұрғындардың бақуатты өмір сүруіне де, төрт түлік өсіруге де өте қолайлы. Өкінішке қарай, ауылдықтар бұл мүмкіндікті пайдалана алмай тұр. Оның мән-жайына округ әкімі Ирина Рыбакованың есеп беру жиынына қатысқанымызда тұрғындардың өздері майдан қыл суырғандай етіп тәптіштеп айтып берді.

Баяндамашының сөзіне құлақ сал­саң, бәрі тап-тұйнақтай секілді. Зал­дың басым көпшілігі қазақтар бола тұра, мемлекеттік тілде амандасуға да жарамаған лауазым иесі алты беттік баяндаманы сыдыртып оқып берді. Бірыңғай жетістіктерді тізіп шық­қан ол аяқ жағында ғана көшелердің жөнделетінін, абаттандырылатынын, жарықтандырылатынын бір ауыз сөз­бен қайыра салды. Жұртшылықтың қордаланған проблемаларын, жанда­рын жабырқатқан, талай жылдан бері арқаларына аяздай батқан, қанша айтылса да шешілмей, баяндамадан баяндамаға “көшіп” жүрген мәселе­лерін назарына да алған жоқ.

Бұл жерде әкімнің табыстарын жоққа шығарудан аулақпыз. Округ аумағында 7 ЖШС, 3 фермерлік, 32 ша­руа қожалығы, 2 әлеуметтік-кәсіпкерлік бірлестік жұмыс істейді. Дәнді дақылдардың орташа өнімділігі 20 центнерді құраған. Сүт сатып алумен “Омаров” жеке кәсіпкерлігі айналы­сады. “Вагнер” ЖК қоғамдық монша­ның құрылысын бастаған. “Павленко” ЖК жаңа дүкен ашқан. “Елім Қызыл­жар” ЖШС 5 мың тонна көкөніс қойма­сын салып, сәбіз сақтауға арналған то­ңазытқыш орнатқан. “Молодое Агро” ЖШС асхана мен демалыс ай­мағы­ның құрылысын жүргізуде. 1 млн. тең­геге 7 көшеге шам орнатылған.

Баяндама аяқталып, зал ішіне шы­бын ызыңы естілетіндей бір уақ ты­ныш­тық орнай қалды. Алайда қатысу­шылардың аузынан “бәрекелді, жа­рай­сың, қанағаттанарлық” деген қол­дау шыққан жоқ. Керісінше, баяндама біткенін тағатсыздана күтіп отырған­дай сұрақ қарша борап, оқша жауды дерсің. Орнынан ашулана тұрған Ма­рал Күзембаева қатулана сөйледі:

– Мына Бескөлге бару мұң. Жаяу-жалпылап жүргеніміз. Қоғамдық көлік қатынасын қалпына келтіру жайлы қанша айтсақ та, құлақтарына ешкім ілмейді. Әкімдіктің жанында бұралқы иттер өріп жүр. Есіл іргемізде тиіп тұр, ал біз әлі күнге дейін құдық суын, жерасты ұңғымаларын пайдалана­мыз. Мен тұратын көшеде түнде жүру қорқынышты, тас қараңғы, шам орна­тамыз деген уәде сөз жүзінде қалды, – деген Марал Уәлиқызы көкейін­дегісін осылайша ақтарып салды.

Зейнеткер Николай Пулжиковтың сауалы жайылым-шабындықтарға қатысты болды. Ауыл іргесіне дейін егін егілгенін ашына айтты. Осы жерді жыртқан кім, мұндай бассыздықты тыюға ауыл әкімі неге қауқарсыз? Ақсақалдар алқасының мүшесі Әлім Төлебаев есепті кездесуге бірде-бір шаруашылық жетекшісінің қатыс­па­уын әлеуметтік жауапкершіліктің тө­мен­дігіне балады.

– Өңір басшысы Құмар Ақсақалов Аққайың ауданына барған жұмыс са­парында “Полтавское” ЖШС басшы­лығының тұрғындарға жасап отырған әлеуметтік қамқорлығын үлгі етті. Ар­хангельскіде онға жуық шаруашы­лық бар, Бескөлмен екі араға жүретін ав­то­бустың шығынын көтеріп алатын ша­малары бар. Екіншіден, азын-аулақ малмен тірлігімізді айырып отыр­ған біз жайылым мәселесіне қатты алаңдаулымыз. Жайылым-шабындықтарды өз қалауынша пайдала­нып, заңды белінен басып жүрген кеу­демсоқтарды атай аласыз ба? – деп тікесінен қойылған сұраққа округ әкімі Ирина Станиславовна үндемей құ­тыл­ды. Оларды тәртіпке шақыруға, бұр­малаушылықтарды түзетуге әкім­нің толық құқы да, мүмкіндігі де жеткі­лікті. “Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы” Заңы бойын­ша әкімнің аппараты мемлекеттік ме­кеменің ұйымдық-құқықтық нысанын­да­ғы заңды тұлға болып табылады. Өз құзыреті шегінде көптеген функ­ция­ларды атқару міндеттері белгілен­ген. Солардың бірі – мемлекеттік ор­ган­дар мен басқа ұйымдардың лауа­зымды тұлғаларынан қажетті ақпа­рат­ты, құжаттарды және өзге де мате­риалдарды сұрау және алу құқығына ие. Олай болса ауыл тұрғындарының жолдаған шағымдарының бүгінге дейін ескерілмеуі қалай?

Округ бойынша жайылымды жер­дің жалпы көлемі – 7050 гектар, егістік – 12000 гектар, шабындық – 1800 гек­тар. Қос ауылда түтін түтететін 581 ша­ңыраққа шаққанда 1,4 мың ірі қара, 0,5 мың жылқы, 2,6 мың қой-ешкі, 0,4 мың шошқа бар. Бұл – өте төмен көр­сет­кіш. Түгін тартса, майы шығатын Есіл өзенінің жағасында отырса да, бала-шағаның негізгі нәпақасы сана­латын мал өсіре алмаудың басты сы­ры жа­йы­лымдық жерлердің ұста­ған­ның қо­лында, тістегеннің аузында ке­туінде. Бәрінен сорақысы, жол­дар­ға де­йін жыртылып тасталғаны. Соған қа­ра­ғанда “әй дер әже, қой дер қо­жа­ның” табылмауына келіп тірелетін тәрізді.

Көшелердің Школьная, Берего­вая, Центральная, Репейная деп ата­луы­на қарап, бұл елді мекеннен бел­гілі тұл­ғалар түлеп ұшпаған болу ке­рек деген дүдәмал ойымызды ауыл тұр­ғындары Бітім Нұрғожин, Мұрат Құса­йынов жоққа шығарды. Сөйтсе, оры­сы ормандай ауылдан Есләм Бәу­ке­нов және Молдай Байтөсев деген екі Социалистік Еңбек Ерлері шыққан екен. Өкінішке қарай, туған жері үшін маңдай терін шүмектете төккен есіл ерлерге көше атын беру туралы тұр­ғын­дардың ұсынысы қабылдан­баған. Олардың орнына “Репейная” мен “Бе­ре­говая”-ны дұрыс деп шешкен, тіпті соң­ғы атау бір ауылда бірнешеу көрінеді.

Кезінде бұл ауылда еңселі Мәде­ниет үйі де болған. Белгісіз себеп­термен өртеніп кеткен, орны әлі күнге дейін үңірейіп тұр. Бір жылдары дәрі­герлік амбулаторияда жоғары білімді маман медициналық қызмет көрсет­кен. Қазір ол фельдшерлік-акушерлік пунктке айналдырылыпты, ал дәрі­герлік амбулатория Боголюбовоға көшірілген.

– Жастар кешке қарай қайда ба­рар­ларын білмей, көшеде сенделіп жүр­гені. Кезінде жап-жақсы байланыс бөлімшесі жұмыс істеген. Оңтайлан­дыру деген желеумен жауып тынды. Пошташы қазір хат-хабарды, газет-жур­налды үйінен таратады. Зейнет­ақы, тағы басқа әлеуметтік жәрдем­ақылар келгенде проблема көбейеді. Сенесіздер ме, ауылда дәріхана жоқ. Күлкілі естілсе де, шындығы осы. Бәрінен де әрқайсысы 7 млн. теңгеге тұр­ғызылған ауыл сыртындағы үш үйдің ие­сіз тұрғаны жанға батады, – дейді шарасыз тұрғындар кімге шағынарын білмей.

Ол жайттан хабарымыз бар-тұғын. “Оңтүстіктен – Солтүстікке” мемле­кеттік бағдарламасы шеңберінде көшіп келуге ниет еткен отбасыларды экономикалық әлеуеті жоғары 224 елді мекенге орналастыру белгілен­ген. Отырар ауданы Шәуілдір ауылы­ның тумасы, 7 баланың әкесі Бақыт­жан Толыбаев осында орныққан. Алай­­да ауыл шетінде салынған бас­па­наның сапасыздығы жандарына қат­ты батқан. Электр жарығы тар­тыл­маған, үйдің сырты қоршалмаған. Отын­ға арналған, мал ұстайтын қора-қопсы салынбаған. Қабырғалары ті­лім-тілім болып жарылып кеткен. Бұл жағдайға төзе алмаған қандасымыз амалсыздан көшіп кеткен. Жанын­да­ғы екі ақшаңқан үйдің де төбесінен су сорғалап, еден тақтайлары қақ ай­рылған. Бүгінде бұл баспаналарда еш­кім тұрмайды. Ал желге ұшқан мил­лиондарға кім жауап береді?

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp