«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЗЕЙНЕТ АЛДЫНДА ЖҰМЫССЫЗ ҚАЛҒАН ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРҒА ҚОЛДАУ КӨРСЕТІЛЕДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған ұлттық жоба бойынша субсидияланған жұмыс орындары құрылады. «Күміс жас» жобасы аға буынға жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік бағдарламаларды ұлттық жобаларға трансформациялау жөніндегі тапсырмасы негізінде зейнеткерлік жас алдындағы адамдар үшін «Күміс жас» жобасы іске асырылып, еліміз бойынша 20 мың адамды жұмыспен қамту көзделіп отыр.

-Зейнеткерлік жасқа дейінгі жұмыс іздеушіні қабылдауға ниет білдірген жұмыс беруші, оның жалақысының 50 пайызын ғана төлейді. Ал қалғаны мемлекет тарапынан субсидияланады. Яғни, айлығы 100 мың болса, оның 50 пайызы мемлекет тарапынан төленеді. Бірақ, 30 АЕК мөлшерінен артық төленбейді, делінген Қазақстан Республикасы Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми сайтында.

Бастаманы іске асыру 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жүргізілетін болады.«Күміс жас» жобасы бойынша жұмыс іздеуші ретінде тіркелу үшін жерлестеріміз мекен жайы бойынша орналасқан жұмыспен қамту орталықтары бөлімдеріне немесе «Еnbek» электрондық еңбек биржасына жүгіну қажет. Жыл сайын жоба 5 мың адамды қамтиды деп күтілуде.

Қазіргі уақытта «Күміс жас» жобасын ұйымдастыру және қаржыландыру тәртібін регламенттейтін нормативтік құқықтық актіні әзірлеу бойынша жұмыс жүргізілуде.

Жобаға бір жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келе жатқан және тұрақты салық және басқа да әлеуметтік аударымдар жүргізетін, сондай-ақ жалақы бойынша мерзімі өткен берешегі жоқ барлық меншік нысанындағы кәсіпорындар мен ұйымдар қатысады.

«Күміс жас» жобасы бойынша жұмыс орындары тұрақты жұмыс орындарынан тыс және тұрақты жұмыс орындарына арналған бос жұмыс орындарынан тыс құрылатын болады. Мұндай жұмыс орындары ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстарда және ұлттық кәсіптер сыныптауышына сәйкес біліктілігі төмен қызметкерлердің 9-тобына жататын мамандықтар (кәсіптер) бойынша құрыла алмайды.

Қатысу мерзімі аяқталғаннан кейін жұмыс беруші зейнеткерлік жас алдындағы адамды зейнеткерлікке шыққанға дейін тұрақты жұмыс орнына жұмысқа орналастырады.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp