«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қар тоқтату – мол астық кепілі

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірде биыл ылғалдың аздығынан алқаптарда қар тоқтату жұмыстары қарқын алды. Диқандардың айтуын­ша, бұл агротехникалық шара өнім мөлшерін кемінде 30 пайызға арттыруға мүмкіндік береді екен.

Тәжірибелі шаруалар дәнді да­қыл­дардан жақсы өнім алу үшін жұ­мысты көктемде емес, қыс орта­сында бастайды. Сол жұмыстардың бірі – алқаптарда қар тоқтату. Бұл әдетте қыстың ең боранды айы – ақпанда жүргізіледі. Биыл қардың аздығынан бұл агротехникалық тәсіл өңірдің көптеген шаруашылық­тарын­да қолға алынды.

Мәселен, Мамлют ауданындағы Токаревка елді мекеніндегі “Хулан­дой” ЖШС-ы осы күнге дейін 1100 гектар алқапта қар тоқтатқан. Қазір серіктестіктің егістігінде 3 техника жұмыс істеп жатыр. Олар алқаптағы жұқа қарды түгелдей аралығын 4-5 метрлік жал қылып үйіп шығады. Бұл жерлер келесі боран соққанда қар ұстайтын болады. Шаруашылық бұл істі 20 ақпанға дейін аяқтамақ.

– 2700 гектар егістік алқабымыз бар. Соның 1700 гектарына қар тоқ­та­туды жоспарлап отырмыз. Ауыл шаруашылығы мамандарының ай­туын­ша, тоқтатылған қар еріген кезде тек 30 пайызы ғана топыраққа сіңеді екен. Соған қарамастан бұл агротех­никалық тәсілдің берері мол. Өйткені біздің өңір құрғақшылыққа бейім, көк­темде жел тұрады. Былтыр құрғақ­шылыққа кезіктік, болжам бойынша биыл да жаз ыстық болмақ. Сондық­тан жақсы өнім алу үшін осы бастан іске кірісу керек. Техника қазір бидай егетін алқапта жүр, – дейді шаруа­шылық агрономы Мұса Сағындықов.

Былтыр құрғақшылыққа қарамас­тан, кей шаруашылықтар гектарынан 20 центнерден өнім алды. Бұл агро­техникалық жұмыстарды уақытында атқарудың нәтижесі. Өйткені жақсы өнім алу үшін ылғал жеткілікті болып, сапалы тұқым себілуі керек, зама­науи техниканың көмегіне жүгініп, түрлі тыңайтқыштарды уақтылы қолдану маңызды.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp