«Soltüstık Qazaqstan»

ұлы оқиғаны еске алу күні.бұл күн біздің жадымызда сақталады!

PDF

АУЫЛДЫ ҚИНАЙТЫНЫ — САПАСЫЗ АУЫЗСУ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Nur Otan” партиясы жанындағы партиялық бақылау комитетінің төрағасы, Мәжіліс депутаты Артур Платонов, облыс әкімінің орынбасары Сәтжан Аблалиев, партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әсем Рахметова және жергілікті атқарушы органдар өкілдерінің қатысуымен онлайн форматта Шал ақын ауданының тұрғындарын таза ауызсумен қамтамасыз ету мәселесіне арналған жиын өтті.

Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Ерлан Алпысов баяндама жасап, судың радиациялық қауіптілігі, Есіл және Көкшетау топтық су құбырларын жаңғырту мәселелеріне кеңінен тоқталды. Қазіргі уақытта өңірде 250 мыңға жуық адам тұратын 635 елді мекен орталықтандырылған ауызсумен қамтылған. 49,5 мың тұрғыны бар 229 ауыл әлі күнге дейін құдықтар мен жер асты тіршілік көзін тұтынуға мәжбүр. Сумен жабдықтау желілерінің жалпы ұзындығы – 5477,5 шақырым. “Нұра топтық су құбыры” республикалық мемлекеттік кәсіпорнының “Есіл су” филиалы облыстың 11 ауданына қызмет көрсетеді. Су Есіл өзенінен ұзындығы 2924 шақырым топтық су құбырлары арқылы алынады. Көкшетау топтық су құбырының ұзындығы – 343 шақырым, ол “Қазсушар” кәсіпорнының Ақмола филиалына қарайды.

Ерлан Сапарбекұлы жиынға қатысушылардың назарын су тарату желілерінің басым бөлігі (65 пайызы) тозғанына аударды. Сумен жабдықтауды жақсарту мақсатында 2011 жылдан 2021 жылға дейінгі кезеңде Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстары комитетінің қолдауымен өңірде 10 жоба жүзеге асырылды. 103 елді мекенде (96557 адам) сумен жабдықтау жақсартылды. Оған 20,4 млрд. теңге жұмсалды. Облыс тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету жөніндегі нақты іс-шаралар “Nur Otan” партиясының 2020-2025 жылдарға арналған “Реформалар жолы: әркімге лайықты өмір!” тұжырымдамасында да айтылған. Өткен жылы 28 елді мекенде сумен жабдықтау объектілері тұрғызылды. Биыл 26 ауылдағы жағдайды жақсарту белгіленген.

Шал ақын ауданында бір қала, 43 ауыл бар. Тұрғындар саны – 18,8 мың. 6 елді мекен Есіл топтық су құбырына, 9 ауыл жергілікті тарату желілеріне қосылған. 28 ауыл жер асты көздерінің суын тұтынады. Аудан аумағында екі су тарату станциясы жұмыс істейді. Олар Ұзынжар, Қорғас елді мекендерінде орналасқан. Аудан тұрғындарын орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету деңгейі төмен, бар-жоғы 59 пайызға тең. Жұртшылықты көптен бері толғандырып келе жатқан проблемаларды шешу үшін 3 жоба әзірленген. Біріншісі – “Вулкан ЛТД” ЖШС-ы су тартқыштарды, бұрғыштарды қалпына келтірмек. Оның жалпы ұзындығы – 107 шақырым, бөлінген қаражат – 1,3 млрд. теңге, 67,1 шақырымы Шал ақын ауданы арқылы өтеді. Нәтижесінде Шал ақын және Тимирязев аудандары бойынша 21 ауыл орталықтандырылған суға қол жеткізеді. Бүгінде мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Екінші жобаға 1 млрд. теңге бөлінген. Желінің ұзындығы – 66,7 шақырым. Оның аясында 5 ауыл сапалы тіршілік көзіне қосылмақ. “Көкшетау топтық су құбырына қосылған ауылдық елді мекендерге су тартқыштар, бұрғыштар салу” жобасы аясында Айыртау ауданының 19, Шал ақын ауданының 5 ауылын орталықтандырылған желіге қосу жоспарланғанымен, нормалық талаптардың бұзылуына байланысты сараптамалық ұйымдар палатасының тәртіптік кеңесінің шешімімен жоба кері қайтарылған.

Бір таңғаларлығы, бұл жобалар бірнеше жыл бойы түсініксіз себептермен Қаржы министрлігінде жатып қалған. Жергілікті атқарушы органдардың су ресурстары комитетіне бірнеше рет жазған жазбаша өтініштері еш нәтиже бермеген. Осы себепті облыстың 6 ауданының әкімдіктері тиісті орындарға жүгінуге мәжбүр болған. Облыс әкімдігі де тиісті министрлікке хат жолдаған. 2021 жылы қарашада Шал ақын ауданының әкімі және энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының өкілдері жобаларды қаржыландыру мәселесі бойынша Су ресурстары комитетінің басшылығымен кездесу өткізген. Содан кейін ғана бюджеттік бағдарламалар арқылы топтық су құбырларынан желі тарту қолдау тапқан.

Бұлардан бөлек, Преснов, Соколов, Булаев топтық су құбырларын қайта жаңғырту көзделген. Оның ішінде 2 жоба іске асырылуда. Ал Булаев топтық су құбырын жаңғырту бойынша жобалау-сметалық құжат әзір болғанмен, мемлекеттік сараптама жасалмаған.

Ерлан Алпысов 2020, 2021 жылдары партияның облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмелеріне сумен жабдықтау мәселелері бойынша барлығы 39 өтініш түссе, 16-сы Шал ақын ауданынан келгенін айтты. Осы кезеңде бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде Шал ақын ауданының тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету жайы бірнеше рет көтерілген. Партиялық бақылау комитетінің отырысында қаралған өзекті проблеманы жан-жақты зерделеу мақсатымен арнайы жұмыс тобы құрылып, Сухорабовка, Ольгинка ауылдарының тұрғындарымен кездескен. Онда белгілі болғандай, бұл елді мекендердегі су көзі радиациялық қауіпті деп танылған.

Мәжіліс депутаты Артур Платонов ауылдықтарды сапалы ауызсумен жабдықтауға арналған жобалардың уақтылы орындалуын республикалық партиялық бақылау комитеті де қадағалайтынын жеткізді.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp