Жылыту маусымы басталғалы өңірімізде 215 өрт оқиғасы тіркелді. Салдарынан 13 адам қаза болып, 5-уі әртүрлі деңгейде дене жарақатын алған. Жиырма үш адам газдан уланған. Ал өткен аптада облыс аумағында 8 өрт тіркеліп, бір адам қайтыс болды. Тілсіз жаудың салдарынан келген материалдық шығын 63 млн. теңгеден асады. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаменті мамандары өткізген брифингте айтылды.
Қайғылы оқиғалардың 80 пайызы жеке тұрғын үй секторларында орын алған. Өртті болдырмау және алдын алу үшін мамандар жергілікті атқарушы орган өкілдерімен, еріктілермен, тәртіп сақшыларымен бірлесіп түрлі шараларды ұйымдастыруда. Соның нәтижесі болар, биыл орын алған өрт саны былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 31 пайызға азайып отыр. “Халықтың әлеуметтік осал топтарына ерекше көңіл бөлінеді. 4220 мекенжай есепке алынды, онда 16 мыңға жуық адам тұрады, – деді облыстық төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Дмитрий Растихин.
Жыл басынан бері Шал ақын ауданында екі өрт оқиғасы тіркелді. 12-ші ақпанда Ұзынжар ауылында болған өрттен 1961 жылы туған ер адам қаза тапты. Бүгінгі күні қайғылы оқиғаның себебі анықталуда.
– Негізінен өрт тұрғындардың отты абайсыз қолдануынан, пештерді орнату және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғаннан болып жатады. Аудан тұрғындары арасында алдын алу іс-шаралары ұйымдастырылып, 963 адам есепке алынды, – деді Шал ақын аудандық төтенше жағдайлар бөлімнің бас маманы Бахтияр Қайнетов.
Мағжан Жұмабаев аудандық төтенше жағдайлар бөлімнің бас маманы Тимур Қоянбаевтың айтуынша, аталған ауданда биыл өрт салдарынан 2 адам қайтыс болған. Үстіміздегі жылғы 12-ші және 13-ші ақпан күндері үй өртеніп, екі кісі мерт болған.
Ақпанның 14-нен бастап ауа райының бұзылуына байланысты төтенше жағдайлар департаменті облыс бойынша және республикалық маңызы бар тасжолдарда қозғалысқа шектеу қойды. Мамандар осы күндері жолға шыққан 4 адамды құтқарып, жылыту пункттеріне жеткізген.
Әділет БАҒЛАНҰЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.