«Soltüstık Qazaqstan»

ұлы оқиғаны еске алу күні.бұл күн біздің жадымызда сақталады!

PDF

ТЕХНИКАЛЫҚ МАМАНДЫҚ — НАРЫҚ СҰРАНЫСЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ірі бизнес өкілдерімен өткіз­ген кеңес барысында елдегі білім жүйесін реформалау қажеттігін айтты. Алдағы уақытта арнаулы және жоғары оқу орындары техникалық мамандықтарға басымдық берулері қажет. Біздің елімізде экономист, заңгер, менеджер секілді мамандар көптеп даярланады. Енді олардың қатарын техниканың тілін жетік біле­тін жастар да толықтыра түспек. Қазақстанда техникалық ма­мандықтарды мең­геруге көмектесетін әлемдік университеттердің филиалдары да ашылады. Бүгінгі сауалнамамызды осы тақырып төңірегінде өрбітуді жөн санадық.

Татьяна РАТУШНАЯ,

М.Қозыбаев атындағы

Солтүстік Қазақстан

университеті инженерлік және

сандық технологиялар

факультетінің деканы:

– Облыстағы жалғыз жоғары оқу орны – М.Қозыбаев атындағы Сол­түс­тік Қазақстан университеті бүгін­де 25 техникалық мамандық бойын­ша білім береді. Оның ішінде: ақпа­рат­тық жүйелер, информатика, ма­шина жасау, электрэнергетика, ра­дио­техника және тағы басқалары бар. Біз бакалаврдан кейін маман­дарды магистратура, докторантура бо­йынша да оқытамыз. Сонымен қа­тар университетте кәсіпорындардың қажеттіліктеріне орай және нарық­тағы сұраныс ескеріліп, мамандық­тар спектрі тұрақты негізде жаңар­тылып отырылады. Бүгінгі таңда өңір жастарының техникалық мамандық­тарға қызығушылығы бәсең деп айта алмаймын. Әрине, техникалық ма­ман болғысы келетіндердің қатарын­да қате таңдау жасағандар да кез­десіп жатады. Мұндай олқылыққа жол бермеу үшін мектептерде кәсіптік бағдар беру жұмыстарын тиісті деңгейде жүргізу қажет деп ойлай­мын. Қазіргі уақытта құрылыс, ра­дио­техника, электроника және телеком­муникация, ақпаратты жүйелер сын­ды мамандықтар сұранысқа ие. Сон­дай-ақ аспап жасау, роботатехника жүйелері бойынша мамандықтарды меңгеруге деген қа­жеттілік сезіледі. Жыл сайын машина жасау, стан­дарт­тау мамандықтарын меңгергісі келетін түлектер көп бо­латын. Бұл мамандықтарға бірнеше жылдан бері мемлекеттік грант аз бө­лінуде, та­лапкерлердің Ұлттық бі­рыңғай тес­ті­леуден жоғары балл алу­лары да маңызды болатын. Мемле­кет бас­шы­сы алдағы жылы техника­лық ма­ман­дықтарға 10 мың грант бө­ліне­тінін айтты. Біз бұған қатты қуандық. Маман жеткілікті болса, өндіріс орын­­­дары көптеп ашылады емес пе?

 

Әсел ОРАЗБАЕВА,

облыстық білім басқармасының

баспасөз хатшысы:

– Біздің өңірімізде 23 колледж бар, оның 19-ы мемлекеттік. Бүгінде орта арнаулы білім беру мекемелерінде 10 мыңнан астам студент білім алу­да. Талапкерлердің тоғыз мыңға жуы­ғы мемлекеттік тапсырыс бо­йынша тегін оқиды. Оқыту өңір эко­но­микасының 11 негізгі саласы – ауыл шаруашылығы, құрылыс және коммуналдық шаруашылық, өнеркәсіп, энергетика, көлік, байланыс және телекоммуникация, білім беру, ден­саулық сақтау, мәдениет, қызмет көрсету саласы, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бойынша жүргізілуде. Жастар 72 мамандық, 122 біліктілік алып шығады. Облы­сымыздағы арнаулы білім ордала­рында оқып жүрген 5847 студент тех­никалық, технологиялық мамандықтар бойынша тәжірибелерін жетіл­ді­руде. Колледждерде техникалық, тех­нологиялық мамандықтар бойынша кадрлар даярлауды арттыру бойын­ша жоспарлы жұмыс жүргізіліп жа­тыр. 2021 жылы мемлекеттік тапсы­рыс бойынша 3170 адам қабылдан­ды, оның ішінде 2216 адам техника­лық мамандықтарға алынды. Бұдан басқа, 2018 жылдан бастап колледж­дер жаңа білім беру бағдарламала­рына көшті. Оқу барысында студент­тердің 2-3 біліктілікті қатар игеруге мүм­кіндіктері бар. Бұл түлектердің ең­бек нарығына тез бейімделулеріне кө­мектеседі.

Менің ойымша, маман даярлауда нарықтағы сұраныс міндетті түрде ескерілуі керек. Ескерілмегендіктен, шыны керек, кей салада маман жетіспей жатса, кей салада шектен тыс артық. Нарықты зерттемеу сал­да­рынан бүгінгі күні дипломды жас­тардың жартысына жуығы жұмыс тап­пай бос жүр.

Бәсекеге төтеп беретін сапалы ма­ман даярлау үшін оқу орнының тех­никалық базасын жақсарту да ма­ңыз­ды. Бұл жұ­мыстар өңірде қолға алынған. Бүгін­дері облысымызда “Жас маман” жо­басы жүзеге асыры­лу­да. Жобаға қа­тысу үшін конкурс ар­қылы тоғыз кол­ледж таңдалып алын­ды. Сұранысқа ие 100 мамандыққа оқытатын бұл оқу орындары зама­науи қондырғымен жарақтандыры­лады. WorldSkills стандарты және жұ­мыс берушілер­дің, салалық қауым­дас­тықтардың, кә­сіпкерлер палата­сы­ның пікірлері ес­керіліп, сатып алы­нуы тиіс қондыр­ғы­лардың тізімі жа­салды. 2020 жылы осы мақсатқа 1,1 млрд. теңге жұм­салып, 4 колледж жа­рақтандырыл­ды. Былтыр 1,3 млрд. теңгеге 5 ауыл колледжіне за­манауи қондырғылар алынды, оның ішінде түрлі, техника, қон­дырғылар бар. Ат­қа­­ры­лып жатқан осындай игі жұмыс­тардың өзі жастардың техникалық ма­мандықтарға деген қызығушылығын одан сайын арттыра түсері сөзсіз.

 

Руслан ҚАЛИМЖАНОВ,

Назарбаев зияткерлік

мектебінің түлегі.

– Мен Петропавл қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің былтырғы түлегімін. Бүгінде білімім­ді техникалық мамандық бойынша елордадағы Назарбаев университе­тінде жалғастырудамын. 10-сыныпта бізге таңдау жасап, бағытымызды ай­қындау керек болды. Бүйрегім физи­ка-химия бағытына бұрып тұрды. Де­се де ол кезде нақты қандай маман­дықты таңдайтынымды білмедім. Бі­рақ инженерия болатындығына шү­бәм болған жоқ. Екі жыл ішінде өз таң­дауымды жасадым, азаматтық-экологиялық немесе механикалық ин­же­нерияға барам деп шештім. Бұл екеуі екі мамандық. Құжаттарымды бірнеше жоғары оқу орнына тапсыр­дым. Әрине, университеттің рейтин­гісі мен мүмкіндіктерін назарға алға­ным рас. Бағым жанып, құрылыс ин­женериясы мамандығына түстім. Оны бітіріп шыққаннан кейін бірнеше кәсіп иесі бола аламын, яғни прораб, инженер-құрылысшы, сәулетші, жо­ба­лау­шы, тіпті ғылыми қызметкер бо­луға да мүмкіндік бар. Магистрату­раны бітіруді де жоспарлап отыр­мын.

Президентіміз бизнес өкілдерімен кездесуінде басымдықты гуманитар­лық емес, техникалық мамандық­тар­ға беру қажеттігін айтты. Мен бұл ұс­таныммен келісемін. Өйткені қазір ең­бек нарығында теңсіздік бар. Заң­гер, менеджерлер, экономистер көп. Біздің елімізде ғана емес, әлем­де цифрландыру үрдісі жүріп жатыр. Ал экономиканың негізгі қозғаушы күші ретінде өнеркәсіп болып қала бермек. Мұнай-газ саласы біртіндеп маңы­зын жоғалтады, өйткені ол ре­сурс, әйтеуір, бір таусылады. Сон­дық­тан біз энергияның жаңа балама­ларын іздеуіміз керек. Ол үшін бұл мә­селені шешетін мамандар қажет.

Сауалнаманы жүргізген

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp