Өңірде көп пәтерлі тұрғын үйлерді газдандыру мәселесі әлі де өзекті. Петропавл қаласында 682 пәтері бар 20 көпқабатты баспана орталықтандырылған газ жүйесіне қосылмаған. Бұдан бөлек, түрлі себептермен 4,5 мың пәтер желіден ажыратылған. Амалсыздан үйлеріне газ баллондарын кіргізетін тұрғындар айналасындағыларға қауіп төндіретінін ескеруі керек. Өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен облыстық әкімдіктің отырысында төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Рамиль Камалов осы жайттарды хабарлады.
Жыл басынан бері 68 өрт оқиғасы тіркелді. Өткен жылға қарағанда, өрт – 31, қайтыс болғандардың саны – 67, жарақат алушылар – 78, материалдық шығын көлемі 65 пайызға азайды. Халықтың әлеуметтік осал топтарына ерекше назар аударылып, 16 мыңға жуық адам тұратын төрт мыңнан астам жеке тұрғын үй есепке алынды. Оларға 1933 автономды дабылқаққыш орнатылып, бұл жұмыс 6 ауданда толық аяқталды. Жадынамалар тарату 8 мыңнан астам аулада жүргізіліп, 15 мыңға жуық үгіт материалы үлестірілді.
Өкінішке қарай, жеке тұрғын үй секторында иіс тиіп улану жағдайы көбейіп отыр. Оның негізгі себептері – электр жабдықтарын монтаждау және пайдалану, пеш жағу кезінде қарапайым ережелердің сақталмауы. Екі мыңдай баспанада электр және жылыту құралдарын қолдану ережелерін бұзудың 2842 жағдайы анықталды. 443 үйде орын алған олқылықтар әлі жойылған жоқ, бұл баспаналардың 370-і облыс орталығында орналасқан.
Баяндамашы тұрғын үй секторында қызыл жалынды сөндірудегі басты проблеманың бірі ретінде сумен жабдықтау жүйелеріндегі кемшіліктерді атады. Бірқатар елді мекендерде гидранттар түгіл, баламалы су көздерін табу қиын. Тайынша ауданының Келлеровка ауылында орын алған екі өртті сөндіру үшін су 12 шақырым қашықтықтағы Драгомировкадан жеткізілген. Соның кесірінен баспаналар түгелге жуық жанып кеткен. Облыс аумағында 4402 өрт гидранттары болса, соның 803-і – жарамсыз күйде.
– Көппәтерлі тұрғын үйлерді газдандыру мәселесі де өзекті күйінде қалып отыр. Газ құрылғыларын пайдалану ережелерін бұзу салдарынан 4 адам жарақат алып, 1 кісі қайтыс болды. Мұндай әрекеттер өрттің немесе жарылыстың шығу ықтималдығын арттырады. Әсіресе ескі жатақханаларда жағдай дабыл қағарлық, – деген Рамиль Камалов халықтың әлеуметтік осал топтарына, басқа өңірлерден қоныс аударушылардың үйлерінде дабыл қондырғыларын орнату, нысандарды жобалау және салуда өрт қауіпсіздігі нормаларының қатаң сақталуына бақылауды күшейту, су инфрақұрылымын жақсарту жөніндегі жобаларды іске асыра отырып, өртке қарсы сумен жабдықтау жүйесін жаңғырту, орталықтандырылған газбен жабдықтау жүйесінен ажыратылған көппәтерлі тұрғын үйлерді қайтадан газдандыру мүмкіндігін қарастыру жайын ортаға салды.
Облыс әкімі биік үйлердің тұрғындары эвакуациялау баспалдақтарын кесіп, люктерді жауап тастайтынын айтты. Бұған жол беруге болмайды. Барлық көпқабатты үйлерде пәтер иелері кооперативтері құрылмаған. “Жауапкершілік жоқ жерде немқұрайдылық орын алады. Сондықтан түсіндіру жұмыстарын күшейткен дұрыс. Бүгінде осындай проблема “Жас өркен” ықшамауданында орналасқан 18 қабатты үйлерде туындап отыр. Ондағы эвакуациялық баспалдақтарды қалпына келтіруді тиісті орындарға жүктеймін”, – деді Құмар Ақсақалов.
“Қазақтелеком” АҚ облыстық филиалының бас директоры Сәкен Ысқақов қолданыстағы коммуникациялық инфрақұрылымдар негізінде ауылдық жерлерді кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету жайына тоқталды. Өңір бойынша талшықты-оптикалық байланыс желісінің жалпы ұзындығы 3300 шақырымды құрап, 186 ауылды қамтып отыр. Ауылдықтар телефон қызметтерімен толық қамтылған, ал кең жолақты интернетті 89 пайызы пайдаланады. 72 ауылда тұрғындар санының 200-ден кем болуына әрі тиімсіздігіне байланысты кең жолақты желі қызметі көрсетілмейді.
2019-2020 жылдар аралығында “Цифрлық Қазақстан” бағдарламасы аясында талшықты-оптикалық және кең жолақты желі тартуға 2,8 млрд. теңге инвестиция құйылды. 61 ауылға 1245 шақырым желі тартылды. Жоба тұрғындары 250 және одан да көп елді мекендерде жүзеге асырылды. Интернетке 154 мемлекеттік ұйым қосылды. “LORA WAN” жобасы бойынша оптикалық желілер тартылып, 12 базалық станция қойылды. Салынған инвестиция көлемі – 9,2 млн. теңге. Мемлекеттік порталға жұртшылықтың қолжетімділігін арттыру мақсатымен 39 ауылдық әкімдікте қызмет көрсету пункттері ашылды.
Облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Азамат Байтеміров өңір тұрғындарының 97,5 пайызы ADSL, FTTH, 3G, 4G, сияқты озық технологиялар негізінде интернет желісіне қосылу мүмкіндігіне ие екенін атап өтті. Ол ұсынған мәліметтерге қарағанда, 635 ауылдың 491-і интернетке қосылған, яғни 271 мың тұрғын осы жүйе түрін пайдаланады.Үкімет байланыс операторларының алдына тұрғындар саны 250-ден асатын ауылдарды интернетпен қамту міндетін қойып отыр. “Қазақтелеком” және “Транстелеком” акционерлік қоғамдары бірлесіп, ауылда талшықты-оптикалық байланыс желілерін тартуда. Бұл жоба мемлекеттік басқаруды цифрландыру үшін өте маңызды. Екінші кезеңде 70 елді мекенге 3G/4G заманауи ұялы байланыс желілері жүргізілді. Биыл “Кар-Тел” және “Кселл” компаниялары 18 ауылда мобильді интернет сапасын жақсартуды жоспарлап отыр.
Әкімдік отырысын қорытындылаған өңір басшысы соңғы екі жылда 35 мың адам тұратын 148 ауылға жоғары мобильді интернет орнатылғанын, оны 192 мекеме де үзіліссіз пайдаланатынын жеткізді.
– Тұрғындардың арыз-шағымдарына орай 30 елді мекенге тексеру жүргізіліп, 19-ында талаптардың бұзылғаны анықталды. Операторарға 8,5 млн. теңге айыппұл салынды. Сондықтан сапа жайына барынша назар аудару керек. Ауылдық жерлерді тұрақты байланыспен қамтамасыз ету үшін соңғы 5 жылда 30 антенна орнатылды. Шал ақын ауданына қарасты Бірлік, Ақсу, Кеңес, Ольгинка ауылдарына жекелеген шаруашылықтар жәрдемдесті. Осындай тәжірибелерді дәстүрге айналдыру керек. “Цифрлық Қазақстан” бағдарламасы бойынша жаңғырту жұмыстары өңірде кешенді түрде жалғасатын болады, – деді Құмар Іргебайұлы.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.