«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Күрделі ота — тың тәсіл

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық кардиологиялық орталықта қазақстандық мамандар жүрек қақпақшасын импланттаудың жаңа тәсілін меңгерді. Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Өскемен, Семей, Орал қалалары мен Солтүстік Қазақстан облысының кардиологтары шетелдік әріптестерінің шеберлік сағатына қатысты.

Дәрігерлер Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның 72 жастағы тұрғыны Нафиса Уразбахтинаға ота жасады. Бұған дейін сырқаттың қан тамырларына стент қойылған екен. Ал жүрек қақпақшасы жанындағы уақыт өте келе тарылған аорта тесігін үлкейтуге дәрігерлер бұған дейін батпаған. Енді оған кішкентай тілік арқылы заманауи имплант қойылды.

– Аорталды стеноз – жүрек қақпақшасы жанындағы аорта тесігінің тарылуы. Бұл дерттің салдарынан қанның жүруі қиындайды. Сырқаттың басы айналады, талып қалуы мүмкін, тез шаршағыштық пайда болады. Ентігіп, дем ала алмай тұншығады. Бұл науқастарды емдеп-жазу өте қиын. Ота жасалып, аорталды қақпақшаға протез қойылады. Транскатетерлік имплантация жасы 70-тен асқандарға, көптеген созылмалы аурулары бар болғандықтан жүрекке ашық ота жасауға жарамайтын сырқаттарға қолданылады. Мұндай оталар Алматы, Нұр-Сұлтан және тағы бірқатар облыс орталықтарында жасалады. Бірақ бұл жолғы отаның ерекшелігі – Қазақстанда алғаш рет протез ретінде қара малдың жүрек қабы алынды, – дейді облыстық кардиологиялық орталықтың кардиологиялық блок меңгерушісі Мақсат Құдраттулаев. Маманның айтуынша, облыс бойынша осындай ота жеті адамға қажет екені анықталған. Сырқаттар Нұр-Сұлтан қаласында компьютерлік томографтан өткен екен. Өйткені біздің орталықта ондай қондырғы жоқ. Еуропадағы әріптестерімен ақылдаса келе, жеті адамның тек үшеуіне ғана ота жасау ұйғарылған.

Әдетте мұндай отаны жасау кезінде жүрек қақпақшасы тарылады және синтетикалық протезді қойған кезде ол бір сәтке жабылады. Сондықтан отаны тез жасау керек. Ал бұл жолы қара малдың жүрек қабынан жасалған биопротез қойылғандықтан тамыр жабылмай, қан жүре береді. Сондықтан отаны асықпай, сапалы жасауға мүмкіндік бар. Әрі адам ағзасы оны тезірек қабылдап, тез жазылады. Қазақстанда қазір қолданылып жүрген қақпақшалар негізінен синтетикалық материалдан жасалған. Ал қара малдың жүрек қабынан жасалатын имплант тек Швейцарияда ғана өндіріледі екен.

– Бұл – біздің орталықта жасалып отырған ең күрделі ота. Қақпақша алынбайды, егер дерт қайталанатын болса, бұл протезді үстінен қайта қоюға болады. Бұл ота өте қымбат. Шамамен 6,5 млн. теңге тұрады. Сондықтан міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры аясында жүргізіліп отыр. Бұл емдеу тәсілін біздің орталыққа енгізу үшін жергілікті маман 7 ота жасап, арнайы сертификат алуы қажет, – дейді кардиолог.

Жалпы ота уақыты 40 минутқа жалғасты. Бұл жолы шеберлік сағаты ретінде жасалғандықтан шамамен 1,5 сағатқа созылды.

– Дәрігерлерге алғысым шексіз. Менің өмірімді құтқарып қалды. Есімді біліп жаттым, бәрі жақсы болды, – дейді хирургия залынан шыққан Нафиса Уразбахтина журналистерге берген сұхбатында. Сырқатқа ота жергілікті анестезиямен жасалды. Мұндай отадан сауығу-қалыпқа келу мерзімі де ұзақ емес, бір аптадан кейін науқас үйіне жіберіледі.

– Бүгінгі ота сәтті жасалды, нәтижесі өте жақсы. Кардиологиялық орталықтың материалдық-техникалық жарақтандырылуы, мамандардың дайындығы өте жоғары деңгейде екен. Командалық жұмыс байқалды. Десек те, болашақта осындай оталар жасалатын болса, орталыққа компьютерлік томограф алу қажет. Бұл ауруды анықтау және отадан кейін олардың жағдайын бақылау үшін керек. Мен мұндай оталарды 5 жылдан бері жасап келемін. Осы уақытқа дейін 500-ден астам жүрек қақпақшасы имплантын қойдым, – дейді Глазго дәрігерлері мен хирургтарының корольдік колледжінің және кардиологтардың еуропалық қоғамының мүшесі, медицина ғылымдарының докторы Кейт Дж Олдройд.

Шеберлік сағаты аясында жүрекке осындай тағы екі ота жасау жоспарланған.

– Бұған дейін жүрек қақпақшасын ауыстыру үшін жүрекке ашық ота жасайтынбыз. Бірақ ондай отаны егде жастағыларға жасауға болмайды, өйткені көтере алмайды. Енді бұл мәселе шешімін тауып отыр. Жарты жылға жуық дайындалып, шетелдік мамандармен келісіп, бүгін еуропалық әріптестеріміз бізге келіп, шеберлік сағатын өткізіп отыр. Тәжірибе алмасу үш күнге шақталған. Болашақта бұл оталарды біздің өз мамандарымыз жасайды. Жылына осы тәсілмен кемінде 30-40 ота жасауды жоспарлап отырмыз, – дейді облыстық кардиологиялық орталықтың директоры Азамат Мағзұмов.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp