Петропавлда жазғы каникул кезінде жұмыс істейтін студенттер жасағы құрылады.
Оған облыс орталығындағы оқу орындарының студенттері тартылады. Петропавл қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан ақпарат бойынша студенттер алдымен жұмыспен қамту орталығынан жолдама алуы қажет. Өзімен бірге жеке куәлігі, оқу орнынан анықтама мен 18-ге толмаған жағдайда ата-анасының келісімі болуы шарт.
Бүгінгі таңда облыс орталығында бюджеттік 23 көпқабатты үйдің құрылысы жүріп жатыр. Бұған қоса, 18 коммерциялық баспана салынуда. Студенттер жасағы тұрғын үй құрылысына тартылады. Былтыр осынау игі бастама аясында 48 студент екі қолға бір күрек тапқан. 10-11 сыныптарда оқитын 18 оқушы уақытша қоғамдық жұмыстарға тартылған.
Сағындық МАУҒАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.