Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ірі бизнес өкілдерімен өткізген кеңес барысында елдегі білім жүйесін реформалау қажеттігін айтты. Алдағы уақытта арнаулы және жоғары оқу орындары техникалық мамандықтарға басымдық берулері қажет. Біздің елімізде экономист, заңгер, менеджер секілді мамандар көптеп даярланады. Енді олардың қатарын техниканың тілін жетік білетін жастар да толықтыра түспек. Қазақстанда техникалық мамандықтарды меңгеруге көмектесетін әлемдік университеттердің филиалдары да ашылады. Бүгінгі сауалнамамызды осы тақырып төңірегінде өрбітуді жөн санадық.
Татьяна РАТУШНАЯ,
М.Қозыбаев атындағы
Солтүстік Қазақстан
университеті инженерлік және
сандық технологиялар
факультетінің деканы:
– Облыстағы жалғыз жоғары оқу орны – М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті бүгінде 25 техникалық мамандық бойынша білім береді. Оның ішінде: ақпараттық жүйелер, информатика, машина жасау, электрэнергетика, радиотехника және тағы басқалары бар. Біз бакалаврдан кейін мамандарды магистратура, докторантура бойынша да оқытамыз. Сонымен қатар университетте кәсіпорындардың қажеттіліктеріне орай және нарықтағы сұраныс ескеріліп, мамандықтар спектрі тұрақты негізде жаңартылып отырылады. Бүгінгі таңда өңір жастарының техникалық мамандықтарға қызығушылығы бәсең деп айта алмаймын. Әрине, техникалық маман болғысы келетіндердің қатарында қате таңдау жасағандар да кездесіп жатады. Мұндай олқылыққа жол бермеу үшін мектептерде кәсіптік бағдар беру жұмыстарын тиісті деңгейде жүргізу қажет деп ойлаймын. Қазіргі уақытта құрылыс, радиотехника, электроника және телекоммуникация, ақпаратты жүйелер сынды мамандықтар сұранысқа ие. Сондай-ақ аспап жасау, роботатехника жүйелері бойынша мамандықтарды меңгеруге деген қажеттілік сезіледі. Жыл сайын машина жасау, стандарттау мамандықтарын меңгергісі келетін түлектер көп болатын. Бұл мамандықтарға бірнеше жылдан бері мемлекеттік грант аз бөлінуде, талапкерлердің Ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары балл алулары да маңызды болатын. Мемлекет басшысы алдағы жылы техникалық мамандықтарға 10 мың грант бөлінетінін айтты. Біз бұған қатты қуандық. Маман жеткілікті болса, өндіріс орындары көптеп ашылады емес пе?
Әсел ОРАЗБАЕВА,
облыстық білім басқармасының
баспасөз хатшысы:
– Біздің өңірімізде 23 колледж бар, оның 19-ы мемлекеттік. Бүгінде орта арнаулы білім беру мекемелерінде 10 мыңнан астам студент білім алуда. Талапкерлердің тоғыз мыңға жуығы мемлекеттік тапсырыс бойынша тегін оқиды. Оқыту өңір экономикасының 11 негізгі саласы – ауыл шаруашылығы, құрылыс және коммуналдық шаруашылық, өнеркәсіп, энергетика, көлік, байланыс және телекоммуникация, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, қызмет көрсету саласы, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бойынша жүргізілуде. Жастар 72 мамандық, 122 біліктілік алып шығады. Облысымыздағы арнаулы білім ордаларында оқып жүрген 5847 студент техникалық, технологиялық мамандықтар бойынша тәжірибелерін жетілдіруде. Колледждерде техникалық, технологиялық мамандықтар бойынша кадрлар даярлауды арттыру бойынша жоспарлы жұмыс жүргізіліп жатыр. 2021 жылы мемлекеттік тапсырыс бойынша 3170 адам қабылданды, оның ішінде 2216 адам техникалық мамандықтарға алынды. Бұдан басқа, 2018 жылдан бастап колледждер жаңа білім беру бағдарламаларына көшті. Оқу барысында студенттердің 2-3 біліктілікті қатар игеруге мүмкіндіктері бар. Бұл түлектердің еңбек нарығына тез бейімделулеріне көмектеседі.
Менің ойымша, маман даярлауда нарықтағы сұраныс міндетті түрде ескерілуі керек. Ескерілмегендіктен, шыны керек, кей салада маман жетіспей жатса, кей салада шектен тыс артық. Нарықты зерттемеу салдарынан бүгінгі күні дипломды жастардың жартысына жуығы жұмыс таппай бос жүр.
Бәсекеге төтеп беретін сапалы маман даярлау үшін оқу орнының техникалық базасын жақсарту да маңызды. Бұл жұмыстар өңірде қолға алынған. Бүгіндері облысымызда “Жас маман” жобасы жүзеге асырылуда. Жобаға қатысу үшін конкурс арқылы тоғыз колледж таңдалып алынды. Сұранысқа ие 100 мамандыққа оқытатын бұл оқу орындары заманауи қондырғымен жарақтандырылады. WorldSkills стандарты және жұмыс берушілердің, салалық қауымдастықтардың, кәсіпкерлер палатасының пікірлері ескеріліп, сатып алынуы тиіс қондырғылардың тізімі жасалды. 2020 жылы осы мақсатқа 1,1 млрд. теңге жұмсалып, 4 колледж жарақтандырылды. Былтыр 1,3 млрд. теңгеге 5 ауыл колледжіне заманауи қондырғылар алынды, оның ішінде түрлі, техника, қондырғылар бар. Атқарылып жатқан осындай игі жұмыстардың өзі жастардың техникалық мамандықтарға деген қызығушылығын одан сайын арттыра түсері сөзсіз.
Руслан ҚАЛИМЖАНОВ,
Назарбаев зияткерлік
мектебінің түлегі.
– Мен Петропавл қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің былтырғы түлегімін. Бүгінде білімімді техникалық мамандық бойынша елордадағы Назарбаев университетінде жалғастырудамын. 10-сыныпта бізге таңдау жасап, бағытымызды айқындау керек болды. Бүйрегім физика-химия бағытына бұрып тұрды. Десе де ол кезде нақты қандай мамандықты таңдайтынымды білмедім. Бірақ инженерия болатындығына шүбәм болған жоқ. Екі жыл ішінде өз таңдауымды жасадым, азаматтық-экологиялық немесе механикалық инженерияға барам деп шештім. Бұл екеуі екі мамандық. Құжаттарымды бірнеше жоғары оқу орнына тапсырдым. Әрине, университеттің рейтингісі мен мүмкіндіктерін назарға алғаным рас. Бағым жанып, құрылыс инженериясы мамандығына түстім. Оны бітіріп шыққаннан кейін бірнеше кәсіп иесі бола аламын, яғни прораб, инженер-құрылысшы, сәулетші, жобалаушы, тіпті ғылыми қызметкер болуға да мүмкіндік бар. Магистратураны бітіруді де жоспарлап отырмын.
Президентіміз бизнес өкілдерімен кездесуінде басымдықты гуманитарлық емес, техникалық мамандықтарға беру қажеттігін айтты. Мен бұл ұстаныммен келісемін. Өйткені қазір еңбек нарығында теңсіздік бар. Заңгер, менеджерлер, экономистер көп. Біздің елімізде ғана емес, әлемде цифрландыру үрдісі жүріп жатыр. Ал экономиканың негізгі қозғаушы күші ретінде өнеркәсіп болып қала бермек. Мұнай-газ саласы біртіндеп маңызын жоғалтады, өйткені ол ресурс, әйтеуір, бір таусылады. Сондықтан біз энергияның жаңа баламаларын іздеуіміз керек. Ол үшін бұл мәселені шешетін мамандар қажет.
Сауалнаманы жүргізген
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.