Елімізде мемлекеттік қызметкерлердің табысы мен шығындарының айырмашылығы бақылауға алынады. Парламент Мәжілісінде ресми табысы мен шығынында айырмашылық бар шенеуніктерге шара қолдану туралы заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.
Егер мемлекеттік қызметші мен оның зайыбының шығындары ресми түрде көрсетілген табысынан асып түсетін болса, маман ірі көлемде айыппұл төлейтін болады. Нақты айтсақ, шығын мен табыс айырмашылығы 1000 айлық есептік көрсеткіштен, яғни 3 миллион теңгеден асса, мемлекеттік қызметкер айырмашылықтың 90 пайызына тең болатын мөлшердегі қаржыдан қағылады. Бірақ оларға шығынның заңды екенін дәлелдеуге мүмкіндік беріледі. Ал шығын мен кіріс арасындағы қаржы мемлекеттік қызметкердің жылдық табысынан асып кетсе, ол қызметінен қуылады.
Заң талаптары кезең-кезеңмен қолданысқа енгізіледі. 2026 жылдан бастап мемлекеттік қызметкерлердің кірісі мен шығынының айырмашылығы тексеріле бастайды.
Бұдан бөлек, заң жобасы жемқорлық туралы ақпарат берген адамды қорғауға мүмкіндік береді. Оларды тәртіптік жауапкершілікке тартуға, басқа қызметке ауыстыруға немесе жұмыстан босатуға болмайды. Жемқорлыққа қарсы ақпарат берген адам жайлы құпияны ашқан қызметкерлерді қылмыстық жауапкершілікке тарту көзделген.
Сағындық МАУҒАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.