Жуырда Өскемен қаласында өткен шорт-тректен ел чемпионатына өңіріміздің намысын қорғауға 15 спортшы аттанып, қоржынға – 2 алтын, 5 күміс және 3 қола медаль салды. Аталған додаға тоғыз облыстан 130-дан астам жеткіншек қатысқанын ескерсек, қол жеткізілген нәтиже көңіл қуантады.
Топжарғандардың қатарында Кирилл Абишев те бар. Бүгінгі таңда ол облыстың үздік жас шорт-трекшілерінің бірі. Мұны жеткіншек жақында Өскеменде өткен жарыста тағы бір мәрте дәлелдеді. Ел біріншілігінде спортшы 4 түрлі қашықтықта жүгіріп соның барлығында да жүлделі орынды еншіледі.
– 333 метр қашықтықта бірінші орынды жеңіп алдым. 500 метрде – екінші және суперфинал мен 777 метрде үздік үштікке іліндім. Эстафета сайысында да 2-ші орын алдым. Дода алдында Рудный қаласында өткен оқу-жаттығу жиынына қатысып, дайындығымызды бір пысықтадық, – дейді Кирилл Абишев.
Злата Завгородняя да Шығыс Қазақстан облысында сәтті өнер көрсетті. Төккен тердің арқасында спортшы өңірімізге 1 алтын және 3 күміс медальмен оралды.
– Қарсыластарымның барлығы мықты болды. Бар күш-жігерді салу қажет екендігін түсіндім. Негізі, жарысқа дайындық барысында бірнеше жаттығуды өткізіп алдым. Десе де жақсы нәтижеге қол жеткіздім. Мұнымен тоқтамаймын, – деді Злата Завгородняя.
Шорт-тректен облыс құрамасының аға жаттықтырушысы Федор Андреевтың айтуынша, 14 жасқа дейінгі балалар арасында өткен ел біріншілігінде спортшыларымыз жақсы өнер көрсеткен. Жекелей сында да, эстафетада да ұл-қыздар жоғары нәтижеге қол жеткізді.
– Командамыз жас болса да өзге облыс өкілдеріне лайықты қарсылық танытты. Сондай-ақ бұл жарыста 3 жасөспірім “Спорт шеберіне үміткер” нормативін орындады. Бұған дейін бізде мұндай дәрежедегі 4 спортшы ғана болған еді, – деді Федор Андреев.
Қазіргі таңда Петропавлдағы Спорт сарайында 120-дан астам ұл-қыз шорт-трекпен айналысып жүр.
Әділет БАҒЛАНҰЛЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».