«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҒДАЙМЕН ЖАҚЫНЫРАҚ ТАНЫСПАҚ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірге жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаттары тұрғындармен кездесулер өткізіп, әлеуметтік мәселелерімен жіті танысуда. Облыс әкімі Құмар Аққсақалов Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Ерлік Тайжанов пен Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Дмитрий Колодамен жүздесіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысымен таныстырды.

Құмар Іргебайұлы 2022 жылы атқарылатын кешенді іс-шаралар, оның ішінде  өнеркәсіптік нысандарды іске қосу, тұрғын үй құрылысының қарқыны, медициналық, білім беру ұйымдарын материалдық-техникалық жағынан жабдықтау жайлы айтып берді. Депутаттар елді мекендердің инфрақұрылым саласында атқарылып жатқан істермен де  танысты.

Парламент Мәжілісінің депутаттары облыстық мәслихат корпусымен кездесуде сапардың мақсаты – тұрғындардың, шалғайдағы елді мекендердің тұрмыс жағдайымен танысу, өзекті мәселелерді анықтау екенін жеткізді. Ерлік Тайжановтың айтуынша,  сайлаушыларды  көмір тапшылығы, балабақшаларда орынның жетіспеушігі, жол, ауызсу мәселелері толғандырады. Мектепке дейінгі мекемелерде бес мыңға жуық бүлдіршін кезекте тұр. Осы себепті бағдарламалардың қағаз жүзінде қалып қоймай, іс жүзінде орындалуына бақылауды күшейтпек.

– Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын күрделі жөндеуден өткізу графигі кешеуілдеуде. Айыртау ауданында жер телімдерін алпауыттар заңсыз иемденіп алған деген ақпаратты да тексеретін боламыз. Былтыр осы ауданға барғанда тұрғындар   Ресейге қарай шығатын М-51 трассасының сапасы сын көтермейтіні жайына шағымданған болатын. Сол жаққа тағы  барып, атқарылған жұмыстармен танысамыз. Қалпына келтірілген мектептердің сапасына да  аз сын айтылмайды, – деді Ерлік Тайжанов.

Еркін жүздесу диалог түрінде жалғасып, жергілікті депутаттар тарапынан бірқатар көкейкесті проблемалар қозғалды. «Ауыл» партиясы фракциясының мүшесі Қанат Асқаров тарифтердің  көтерілуіне жол бермеу, ауызсу тарату қызметтерінің бағасын субсидиялау жайын көтерсе, «Ақ жол» партиясы фракциясының мүшесі Евгений Кинцель монополистердің жылу энергиясы тарифтеріне жылу шығындарын заңсыз енгізгенін, Серік Ыбыраев Ғабит Мүсірепов атындағы аудандағы республикалық маңызы бар жолдарды жөндеуге, ауыл шаруашылығы саласын субсидиялауға, қосалқы бөлшектердің қымбатшылығына, сервистік қызмет сапасын жақсартуға, электрмен жабдықтау түйткілдерін шешуге үкіметтік деңгейде  қолдаудың қажеттігін айтты. 

– Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда әрқайсысы бір-бірінен 50 шақырым қашықтықта орналасқан алты ірі ауыл бар. Оларда  үш қана электр монтері жұмыс істейді. Қызмет көрсетіп үлгірмейді. Жел сәл соқса, жарық өшіп қалады. Трансформаторлар өткен ғасырдың жетпісінші жылдары қойылған. Әбден тозығы жеткен.  Осы проблеманың шешілуіне ықпал жасауды сұраймыз,– деді Серік Ыбыраев.

Облыстық мәслихаттың бюджет, қаржы, экономика салаларын дамыту және қоршаған ортаны қорғау мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрайымы Сәуле Қуандықова көпбалалы аналарды зейнетақымен қамсыздандыру, Владимир Эрман мүмкіндігі шектеулі жандарға тұрғын үйді бейімдеп салу және баспананы жекешелендіру мүмкіндігін қарастыру мәселелелерін тілге тиек етті. Алқалы жиында жедел шешілуі тиіс басқа да жайттар талқыланды.

Кездесуді қорытындылаған облыстық мәслихаттың хатшысы Владимир Бубенко Парламент Мәжілісінің депутаттары Президент алға қойған міндеттерді сапалы әрі уақтылы орындауға бар күш-жігерлерін жұмылдыратынына сенім білдірді.  

Парламент Мәжілісінің депутаттары М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде болып, салынып жатқан жаңа корпустың құрылыс барысымен танысты. 11 қабаттан тұратын нысанның қазығы 2020 жылы көктемде қағылып, биыл күзге таман пайдалануға берілмек. Мұнда студенттер инженерия, агроөнеркәсіп,  ғылым және медицина бағыттары бойынша білім алады. Университет ректоры Ерлан Шуланов еңселі білім ошағының АҚШ-тың Аризона университетімен тығыз әріптестік байланыс орнатқанын, соған орай білім беру форматы өзгеретінін, өзге де жаңалықтарды баяндап берді.

Мәжіліс депутаты Дмитрий Колода әлеуметтік желілердегі парақшаларында жариялағандай сайлаушылардың өтініштері бойынша түрлі қабылдаулар ұйымдастырды.

Бүгінде халық қалаулылары аудандар мен ауылдарды аралап, тұрғындардың тұрмысымен танысып  жүр.

Қайрат САДЫҚОВ,

облыстық мәслихаттың баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp