Қаңтар айынан бастап елімізде туризм саласында еңбек етіп жүрген кәсіпкерлер мемлекеттік қолдауға ие бола алады. Енді іскер азаматтардың жобалары төрт бағыт бойынша субсидияланады.
Үкімет қарастырған қолдау шаралары биылдан бастап өз күшіне енді. Солтүстікқазақстандық кәсіпкерлер де бұл жеңілдіктерді пайдалана алады. Іскер жан туристік нысан салса, оның құрылысқа жұмсаған қаржысының 10 пайызын мемлекет өтеп береді. Сондай-ақ туризм саласын дамыту үшін сатып алынған көліктің 25 пайызы да субсидияланады. Ал жол бойында тұрғызылған қызмет көрсету ғимараты үшін иесіне оның бағасының 10 пайызы беріледі. Тіпті санитарлық-гигиеналық нысандарды күтумен айналысатын азаматтарға да субсидия төленеді. Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Данияр Исаевтың айтуынша, қызметкерлерге берілетін қаржының сомасы айына 83300 теңгені құрамақ.
– Мемлекеттік көмекке қол жеткізу үшін кәсіпкерлер арнайы өтініштерді наурыздың 1-не дейін басқармаға жолдау қажет. Ол электронды түрде қабылданады. Әрине, субсидия тек атқарған жұмыстарын растайтын құжаттар негізінде беріледі. Сонымен қатар тұрғызған ғимараттың жобалық-сметалық құжаттары да болуы қажет. Ең бастысы, кәсіпкердің мойнында салықтық қарыздары болмауы шарт. Екі күннің ішінде арнайы комиссия тексеріп, шешім қабылдайды. Егер іскер азаматтың өтініші мақұлданса, оның есепшотына 15 күннің ішінде қолдау қаржысы аударылады, – дейді Данияр Исаев.
Өтініш наурыздың 1-нен кешіктірілсе кәсіпкерге субсидия келесі жылы бөлінеді.
Бүгінде облысымызда туристік сала қарқын алып келеді. Мәселен, Имантау-Шалқар курорттық аймағының өзінде 40 демалыс орны жұмыс істеп тұр. Биыл Айыртау ауданындағы осы демалыс аумағында құны 2 млрд. теңге болатын тағы 15 туристік нысан салынбақшы. Мемлекет тарапынан қарастырылған жеңілдіктер бизнес өкілдеріне айтарлықтай қолғабыс болатыны сөзсіз.
Аманжол НҰРТАЗИН,
«Soltüstık Qazaqstan».