«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨҢІЛДЕГІДЕЙ НӘТИЖЕ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жуырда Өскемен қаласында өткен шорт-тректен ел чемпионатына өңіріміздің намысын қорғауға 15 спортшы аттанып, қоржынға – 2 алтын, 5 күміс және 3 қола медаль салды.  Аталған додаға тоғыз облыстан 130-дан астам жеткіншек қатысқанын ескерсек, қол жеткізілген нәтиже көңіл қуантады.

Топжарғандардың қатарында Кирилл Абишев те бар. Бүгінгі таңда ол облыстың үздік жас шорт-трекшілерінің бірі. Мұны жеткіншек жақында Өскеменде өткен жарыста тағы бір мәрте дәлелдеді. Ел біріншілігінде спортшы 4 түрлі  қашықтықта жүгіріп соның барлығында да жүлделі орынды еншіледі.

  – 333 метр қашықтықта бірінші орынды жеңіп алдым. 500 метрде – екінші және суперфинал мен 777 метрде үздік үштікке іліндім. Эстафета сайысында да 2-ші орын алдым. Дода алдында Рудный қаласында өткен оқу-жаттығу жиынына қатысып, дайындығымызды бір пысықтадық, – дейді Кирилл Абишев.

Злата Завгородняя да Шығыс Қазақстан облысында сәтті өнер көрсетті. Төккен тердің арқасында спортшы өңірімізге 1 алтын және 3 күміс медальмен оралды.

– Қарсыластарымның барлығы мықты болды. Бар күш-жігерді салу қажет екендігін түсіндім. Негізі, жарысқа дайындық барысында бірнеше жаттығуды өткізіп алдым. Десе де жақсы нәтижеге қол жеткіздім. Мұнымен тоқтамаймын, – деді Злата Завгородняя.

 Шорт-тректен облыс құрамасының аға жаттықтырушысы Федор Андреевтың айтуынша, 14 жасқа дейінгі балалар арасында өткен ел біріншілігінде спортшыларымыз жақсы өнер көрсеткен.  Жекелей сында да, эстафетада да ұл-қыздар жоғары нәтижеге қол жеткізді.

   – Командамыз жас болса да өзге облыс өкілдеріне лайықты қарсылық танытты. Сондай-ақ бұл жарыста 3 жасөспірім “Спорт шеберіне үміткер” нормативін орындады. Бұған дейін бізде мұндай дәрежедегі 4 спортшы ғана болған еді, – деді Федор Андреев.

 Қазіргі таңда Петропавлдағы Спорт сарайында 120-дан астам ұл-қыз шорт-трекпен айналысып жүр.

Әділет БАҒЛАНҰЛЫ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp