«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТҰРҒЫНДАР БЕЛСЕНДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ауылдық округ әкімдері есеп беріп болды. Кездесулерде тұрғындар өздерін толғантқан мәселелер төңірегінде сауалдар қойып, атқарылған іс-шаралармен қоса алда атқарылатын жұмыстармен де тереңірек танысуға мүмкіндік алды. Түйіні күрмеулі проблемалар тиісті билік орындарының назарына  ұсынылып, орындалуы хабардар етіліп отыратын болды. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, есепті кездесулер жекелеген азаматтар тарапынан да қоғамдық белсенділік пен бақылау тетіктерін ширатып, әлеуметтік жайттардың  талапқа сай шешілуіне бақылауды қамтамасыз ету қажеттігін аңғартты.

Қызылжар ауданына қарасты Налобино ауылдық округінің әкімі Лариса Малкова осы қызметті бес жыл атқарып келеді. Былтыр үміткерлердің бірі ретінде сайлауға түсіп, дауыс берушілердің басым көпшілігінің сеніміне ие болған. Әкімнің жылдық есебінде тұрғындардың мұң-мұқтажы мұқият тыңдалып, таразыға салынып, шешілу жолдары анықталды.

Округ құрамына енетін төрт ауылда 1200-ге жуық тұрғын бар. Оларды бертінге дейін жол жайы қинап келсе, қазір бұл қиындықтан құтылды. Налобиноға дейін асфальт тартылып, қалған ауылдарға қиыршық тас төселді. Таза ауызсу мәселесі шешімін тапты.

– Налобиноға  қосымша құдықтар орнатылып, құбыр үйлерге дейін тартылды.  20 млн. теңгеге ауылішілік жолдар қалпына келтірілді. Көшелер жарықтандырылып, тұрмыстық қалдықтар төгетін полигон әзірленді. Дубровноеге дейін су жеткізу желілерінің құрылысы аяқталды. Елді мекендерді абаттандыру жұмыстарына да көп көңіл бөлінді, – деді Лариса Малкова.

Налобино ауылдық округіне қарасты ауылдар табиғаты әсем жерде орналасқан. Топырағы құнарлы. Мал шаруашылығымен, егіншілікпен  айналысуға қолайлы. Төрт серіктестік, алты фермерлік, сегіз шаруа қожалығы нәсібін жерден тауып отыр.

Әкім алдағы жұмыс жоспарларын ортаға салып, қойылған сұрақтарға жауап берді. Ауыл тұрғыны Сәния Нұртаева әкімнің жылдық есебіне қанағаттанарлық деген баға берді.

– Басты мәселенің бірі – ауызсу еді.  Көшелерге құдықтар орнатылып, үйге дейін су тартып алдық. Тұрмысымыз қаладағыдан кем емес. Округте 145 бала білім алатын  2 мектеп, 1 фельдшерлік-акушерлік пункт, футбол, баскетбол алаңқайлары жұмыс істейді, – дейді Сәния Нұртаева.

***

Мағжан Жұмабаев ауданына қарасты Таман ауылдық округінде былтыр біраз жұмыстардың атқарылғанын әкім Гүлнәр Ветер өз баяндамасында жан-жақты баяндап берді. Өңірлерді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама аясында Таман, Пулеметовка ауылдарындағы жарық шамдары түгел ауыстырылды. Майбалық ауылының 5  көшесіне 40  шам орнатылып, жолдар жөнделді.

Тұрғындарды сапалы ауызсумен қамту назардан тыс қалмаған. Сорғы станциясы қайтадан қалпына келтіріліп, 48 үйге су кіргізілген. Елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуына 4 ірі серіктестік, 10-нан астам шағын шаруашылық сүбелі үлестерін қосып келеді. Жыл сайын өнімділікті арттыру мақсатымен оларға мемлекет тарапынан түрлі мөлшердегі субсидиялар мен жеңілдетілген несиелер беріледі. Тұрғындардың басым көпшілігі осы шаруашылықтарда еңбек етіп, нәпақасын айырып отыр.

– Округ құрамына төрт елді мекен кіреді. Былтыр ұялы байланыс мұнарасы қойылды, қазір интернет істеп тұр. Кейде ғаламтордың жылдымдығы төмендеп кетеді деген  шағымдар естіліп қалады. Осыған қатысты айтарым, тұрғындардың көбі әлі күнге дейін сигналды күшейткіш репиторларды қолданады. Ол құрылғы интернетке кедергі келтіреді. Сондықтан интернеттің жылдамдығы баяулайды. Құрылғыны өшіріп тастауларыңызды сұраймын,– деді әкім  есепті жиын кезінде.

Таман мектеп-бөбекжай кешенінде қазақ тілі пәні мұғалімі қызметін атқаратын Құндыз Әбдіхалықова Алматы облысынан көшіп келген екен. Баспанаға мұқтаж жас маман  «Оңтүстіктен – Солтүстікке» мемлекеттік бағдарламасы бойынша  салынып жатқан үйлердің құрылысы қашан аяқталатынын сұрады. Әкім түрлі себептерге байланысты құрылысы тоқтап қалған екі баспана биыл салынып бітеді деп жауап берді.

Фархад ТАСТАМБЕК,

Еркебұлан ЕЛУБАЕВ.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp