Амандық округіне қарасты Ильичевка ауылында тұратын Нәбижан Әбдіқайымның отбасы қыстың көзі қырауда ойламаған жерден жайлы үйінен айырылды. Электр сымынан тұтанған өрттің салдарынан құны 6 млн. теңге тұратын баспанасы мен жиhаздар мүлдем жарамсыз болып қалды. Көрер жарығы бар демекші, үйдегілер баспананың терезесін сындырып, далаға шығып үлгерген. Бұл жағдайды естіген өңір басшысы Құмар Ақсақалов жауапты мамандарға жағдайды нақтылап, әлеуметтік көмек көрсетуді тапсырған болатын.
Осыған орай ішкі саясат басқармасы, «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесі және «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» облыстық филиалының өкілдері жуырда аталмыш елді мекенде болып, жапа шегушілердің тұрмыс-тіршілігімен таныстық. Үй иелеріне этномәдени бірлестіктер беріп жіберген азық-түлікті, киім-кешекті тапсырдық. Нәбижан Әбдіқайымның отбасына Мағжан Жұмабаев ауданында тұратын қандастарымыз да көмек қолын созыпты. Аудан әкімдігі бас болып, жан-жақты қайырымдылық шаралары ұйымдастырылып жатқанының куәсі болдық. Үш баласы бар отбасы жаңа мекенге уақытша орналастырылған.
«Басымызға қиын іс түскенде жан-жақты материалдық, моральдық қолдау көрсетіп жатқан ел-жұртыма алғысымыз шексіз», – дейді Нәбижан.
Амандық ауылдық округінің әкімі Болат Сағындықовтың айтуынша, отағасы Ильичевкаға былтыр Қытайдан көшіп келген. Алдағы уақытта ірі қара және қой өсірумен айналыспақ ниетте. Қажетті құжаттарды рәсімдеп, жеңілдетілген несие алуға өтініш беріп қойыпты.
Әбдіғани БӘЗІЛХАН,
облыстық «Қоғамдық келісім» ММ басшысының орынбасары.