«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жалған статистика жарға жығады

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық даму  стратегиясын белгілеуде статистика саласының рөлі зор, қоғам үшін маңызы өлшеусіз. Өйткені орталықтандырылған мәліметтер негізінде басқару органдарының, мекеме-ұйымдардың жұмысына талдау жасалып, халықты жұмыспен қамтылу деңгейі, өмір сүру жағдайы, әл-ауқаты, баға, жалақы, инвестиция, баспана, тағы басқа статистикалық ақпараттар алаңыда. Сол арқылы бюджет бөлінісі де реттеледі. Алайда 30 жыл өтсе де кеңес заманынан қалған жоқты бардай, барды дардай қылып көрсететін әдетімізден әлі жаңыла қоймаған сияқтымыз. Бұл жайды жақында Парламент Мәжілісінің отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та ащына  айтқан еді. Ал бұған дейін алаулатып-жалаулатып, әрқайсысымыз 500 мың теңге аламыз деп жиын сайын айтатын ақпарат жалған болып шықты. Мемлекет басшысы цифрлармен  ойнауды қойып, нақты істерге көшетін кез келгенін, мемлекеттік аппарат көп жағдайда «өзін-өзі тиімді жұмыспен қамтушылар», «ресми емес жұмыспен қамту» секілді терминдерді қолданып, жағдайды жасыруды жақсы көретінін, соның салдарынан көптеген адамдар жұмыссыздықпен бетпе-бет келіп, әлеуметтік қорғаусыз қалып жататынын сынға алған болатын.

Ауылда тұратындықтан ауылдық округтердің ауданға беретін цифрлық мәліметтерінің шындықпен әркез үйлесе бермейтінін аз кездестіріп жүрген жоқпын.  Көбі нақты жағдайды боямалап көрсете ме деген күдігім басым. Осындайда кім айтқанын білмеймін, ел ішінде нақыл сөзге айналып кеткен «статистиканың 90  пайызы өтірік» деген сөздің жаны бар ма деп қаласың. Жинақталған әлеуметтік сан-салалы  деректердің  арғы жағында  көзбояушылықтың  құлағы қылтиып тұрғандай көрінеді. Бәлкім маған дау айтушылар табылар. Әрине, мен көпке топырақ шашудан, бәрін жоққа шығарудан аулақпын. Десек те, ертең жарға жығуы мүмкін жалған ақпарат беруді қою керек.

Статистикалық көрсеткіштер нақтылыққа, шындыққа негізделгенде ғана тұрғындардың өмір сүру сапасы қандай дәрежеде екенін бағамдауға болады. «Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» демекші, жақсылықты асырып, кемшілікті жасырып көрсету дағдысы жұртшылықты шатастырады, шынайы өмір сүру жағдайымен салыстыра келгенде, түбі  әшкере болары анық. Халықтың  нақты тұрмысы статистикалық дерекпен қабыспай жататыны сондықтан.

Меніңше, нақты деректерді түлкінің құйрығындай бұлаңдатып, бұра тартуды қылмыстың қатарына жатқызып,  лауазым иелерін қатаң жауапкершілікке тартқан жөн. Себебі олардың беттері бүлк етпей, өтірік сөйлеуге еттері үйреніп кеткен секілді. Мұндай келеңсіз көріністерді өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы салаларынан да жиі кездестіреміз. Соңғы кездері білім беру, денсаулық сақтау мекеме-ұйымдары да  осыған ойысып бара жатқан тәрізді.

Екіншіден, статистикамен тікелей айналысатын жергілікті мамандардың адалдығына да шүбә келтіремін. Себебі цифрлар кейде күніне мың құбылып өзгеріп жататыны жасырын емес. Соған қарағанда, жоғарыдан «өзгерт» деген нұсқаулар беріліп қала ма деймін. Менің ойымша, мемлекеттік қызметкердің статистикалық мәліметтерді өзінің қалауы бойынша өзгертуге еш құқығы жоқ. Сондықтан әрбір маман, әкім, мекеме басшысы ашықтық, мөлдірлік принциптерін басшылыққа ала отырып, тек қана нақты деректерге ғана сүйенуі, бұрмалауларға жол бермеуі шарт. Әйтпесе, бір-бірімен бәсекелестікке түсіп, цифр жарыстыратындар арамызда жоқ емес. Статистика да  айна іспеттес. Тек қана  нақты  жағдайлар қамтылса, соғұрлым шындық шырайы  ашыла түседі. Ақиқатын ғана айқара көрсету мемлекеттік  органдардың басты ұстаным болуы тиіс.

Статистикалық көрсеткіштерде мемлекеттің, елдің, облыстың, қаланың, ауданның, ауылдың экономикалық-әлеуметтік саяси дамуы жатыр. Қаңтар оқиғасы айғақтағандай қоғамның жікке бөлініп, теңсіздік мәселесінің ушыға түсуіне статистикалық органдар да кері әсерін тигізгені айдан анық. Себебі халық табысы қағаз жүзінде болса да жыл санап өсіп жатқандай көрінгенімен, азаматтардың көптеген күрделі проблемасы шешілмей, әл-ауқатын жақсарту төмендеп кетті. Бағаны  ымыраласа отырып белгілеу қалыпты нәрсеге айналды.

Жуырда Ұлттық статистика бюросы облыстық департаментінің бір дерегі қолыма  кездейсоқ тиді. Онда былай деп жазылған: «2021 жылғы төртінші тоқсанда жалдамалы жұмыскерлердің саны 214, 9 мың адамды немесе экономикада жұмыспен қамтылғандардың жалпы санының 75 пайызын құрады. Жалдамалы жұмыспен қамтылғандар саны – 71,8 мың, болмаса 25 пайызға жуық. Жұмыссыздық деңгейі – 4,8 пайыз». Бұл сандарға қарап, өңірде жұмыссыздық жоқ па дерсің. Ал ауылға барсаң, бар ісі таңертең-кешке қорадағы екі сиырды жайлап, одан басқа уақытты қарт ойнаумен өткізетіндер жетіп артылады. Ауыл-үйді аралап, өсектен аузы босамайтын әйелдер де көп. Олардың бәрін өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қатарына қосып, статистиканы жақсартып көрсеткенде не ұтамыз?

Ғабит ҚОҢЫРБАЕВ,

еңбек ардагері.

Қызылжар ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp