Өңірлердегі эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасына сүйенсек, елімізде екі өңір ғана, атап айтқанда, біздің облысымыз бен Алматы қаласы «қызыл» аймақта тұр. Өңірімізде өткен тәулікте 72 адам коронавирус жұқтырса, бір адам инфекциядан қайтыс болды.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, қазір инфекциялық стационарларда 354 адам ем алуда. Бұдан басқа, 13 адам карантинде және 23 сырқат жансақтау бөлімшелерінде жатыр. Дерттен қайтыс болғандар саны 478-ге жетті.
Облыста күнделікті КВИ жұқтырғандар саны бір аптаның ішінде шамамен екі есеге қысқарды. Эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келеді. Жалпы індет басталғалы 43617 адам ауырса, соның 41435-і жазылып шықты.
Мамандардың айтуынша, 281623 адам вакцинаның екі компонентін де алды. Бұл – иммундау курсынан өтуі тиіс тұрғындардың шамамен 75 пайызы.
Өңірде 298785 адам коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентін салдырса, ал ревакцинациядан 85348 адам немесе 43 пайызы өтті.
«Ревакцинациядан өтудің маңызы зор. Қауіпті инфекция бұл жағдайда жеңіл немесе симптомсыз өтеді. Қазіргі таңда облыста негізінен «Vero Cell» препараты қойылып жатыр. Ал жүкті, сәбилі әйелдерге «Пфайзер» қолданылады. 60 жастан асқандар таңдау бойынша «Vero Cell», «Пфайзер» және «Спутник Лайт» препаратын салдыра алады», – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Гүлнәр Қалиева.
«Пфайзер» вакцинасының бірінші компонентін осы күнге дейін 12815 адам алған. Толық курстан 9243 адам өтті. Оның ішінде жасөспірімдердің үлесі басым. Біріншісін 10240 жасөспірім, 357 жүкті әйел және 2218 сәбиі бар келіншек салдырған. Толық курстан 7364 жасөспірім, 235 жүкті әйел және 1644 жас ана өтті.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».