Мамлют аудандық Мәдениет үйінде мемлекеттік грант алып, өз кәсібін ашуды көздеген бір топ іскер жан бас қосты. Игі шараны аудан әкімдігінің кәсіпкерлік бөлімі арнайы ұйымдастырыпты. Форумның мақсаты – шағын бизнесті дамытудың жолдары, әйелдердің кәсіппен айналысуын ынталандыру және әлеуметтік мәселелер төңірегінде нақты диалог алаңын құру. Кәсіп бастауда тәжірибе алмасу өте маңызды. Ол үшін алдымен ынта, содан кейін әрекет керек. Шарада бұдан бұрын жеке кәсіппен шұғылданып, еңбегінің жемісін жеп жүрген жандар өз тәжірибелерімен бөлісті. Бизнесті дамытудың жолдары, грант алудың шарттары, қаржыландырудың қолжетімді бағдарламалары жайлы аудандық жұмыспен қамту орталығының бас маманы Марина Имангуловамен сұхбаттасқан едік.
– Марина Николаевна, өткен жылға қарағанда грант алудың тәртібінде біраз өзгерістер болғаны байқалады. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту қаншалықты өзгерді?
– Өзгерістер бар. Ең алдымен, қатысушылар жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркелуі керек. Тұрақты жұмысы барларға қаражат берілмейді. Кәсіпкерлік негіздеріне оқыту үшін үміткер порталда тіркеліп, өтінім береді. Содан кейін 10 күн ішінде үміткердің «жеке кабинетінде» тексеру нәтижелері орналастырылады. Сосын оқытуға қатысушы мен өңірлік кәсіпкерлер палатасы филиалы арасында «Atameken Academy» арқылы «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздеріне оқыту қызметтерін көрсетуге шарт жасалады. Оқыту қорытындысы бойынша оқуға қатысушы тестілеуден өтеді, төмен баға алған жағдайда оқудан шығарылады. Алайда оқудан шығарылған немесе өз еркімен кеткендер жыл өткен соң жобаға қайта қатыса алады.
– Грант иесі атану үшін «Бастау Бизнес» жобасына қатысып, сертификат алу міндетті ме? Әлде бизнес жоспар жасап келсе жеткілікті ме?
– Биылдан бастап талап өзгерді. Оқыту нәтижелері бойынша бірегей нөмірі бар сертификат беріледі. Қорытынды тестілеуде қажетті балл саны 60 пайызды құрауы шарт. Сертификаттың қолданылу мерзімі – үш жыл. Осы мерзім аралығында бизнесіңізді іске асыра аласыз. Бизнес-жобаларды қорғау жөніндегі комиссияның құрамына кәсіпкерлер палатасы филиалының жанындағы жұмыс топтарының мүшелері, жұмыспен қамту, ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органдардың және қаржы институттарының өкілдері кіреді. Оқыту аяқталғаннан кейін 12 айға дейінгі мерзім ішінде бизнес-жобаңызды іске асыруға көмек көрсетіледі.
– Бизнес-жобаны жүзеге асыру үшін берілетін грантты кімдер ала алады, жеңілдіктер жасала ма?
– Курста білім алушылардың кемінде үштен бірін жастар, аз қамтылған отбасы мүшелері (атаулы әлеуметтік көмек алушылар), көпбалалы отбасылар, қандастар, қоныс аударушылар, мүгедек бала тәрбиелеуші және кемтар жандар құрауы тиіс. Осы санаттағылар аздаған басымдыққа ие.
– Жаңағы сіз айтқан сертификат алу үшін қанша күн оқу қажет?
– Оқу процесінің ұзақтығы 25 күннен аспайды. Тәжірибелік оқыту кезінде оқуға қатысушылардың саны 15-тен 70 адамға дейін болу керек. Жеке консультациялар, сондай-ақ тренингтер онлайн режімде жүзеге асырылады.
– Гранттың берілуі жолдарын түсіндіре кетсеңіз және биыл қанша қаржы бөлінді?
– Гранттар үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі комиссияның шешімі негізінде беріледі. Қайтарымсыз қаржыны беру лек-легімен жүзеге асырылады. Президенттің тапсырмасына орай оның көлемі де өсті. Жобаның қатысушыларына өтеусіз және қайтарымсыз негізде 400 айлық есептік көрсеткіш (1225200 теңге) көлемінде беріледі. Былтыр 200 айлық көрсеткіш (580000 теңге) болған.
– Мамлют ауданында былтыр неше адам грант алды? Биыл қанша өтініш түсті?
– Биыл 40 адам өтініш тапсырды. Нәтижесін алдағы уақытта білетін боламыз. Өткен жылы 44 адам «Бастау Бизне» курстарын оқып, 72 адам грант иесі атанды.
– Қаражат қандай салаға берілді? Қаржының мақсатты жұмсалуын қадағалайсыздар ма?
– Гранттар еңбек құралдарын, технологиялық жабдықтарды, жануарларды, малды, құстарды, көшеттерді, бұталарды, тұқымдарды, өсімдіктерді, коммерциялық жылжымайтын мүлік объектілерін сатып алуға пайдаланылады. Ескерте кететін жайт, алынатын затты не нысанды жұбайынан, жақын туыстарынан сатып алуға болмайды. Бастапқы бизнесті іске асыруға ғимараттар жалға алынбайды. Бұл жағы қатаң тексеріледі. Сондай-ақ тұтынушылық мақсаттарға, кредиттік қарыздарды өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға және салуға, жер учаскелерін сатып алуға, акцизделетін өнімдер өндіруге берілмейді.
Грант алуға үміткерлерді іріктеу үшін халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті орган комиссия құрады. Оның құрамына «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы, мемлекеттік органдар, қоғамдық бірлестіктер, ғылыми-білім мекемелері, бизнес, өңірлік бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері кіреді.
– Грант қанша рет беріледі? Және алынған қаржының жұмсалуы бойынша алғашқы есеп беру мерзімі қашан?
– Бір рет қана беріледі.Жобаға қатысушы грант алған күннен бастап 3 ай ішінде өз қызметін салық органдарында тіркеуі немесе Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес бірыңғай жиынтық төлемді төлеу арқылы бизнес-жоспарға сәйкес оның нысаналы пайдаланылуын растайды.Жобаға қатысушы грантты мақсатсыз жұмсаса немесе пайдаланбаса, шарт жасалған күннен бастап 3 ай ішінде портал арқылы қаражатты ерікті түрде қайтаруға өтінім береді.
Бизнесті іске асыруы туралы есеп беру грант алған күннен бастап 3 ай ішінде жүзеге асады. Ол үшін грантты мақсатты пайдалану мониторингінің нәтижелері туралы, бастапқы бизнесті орындау бойынша грант алушылардың қызметі туралы, грант алушының шарт талаптарын орындауы туралы ақпараттар болуы керек.
– Ал грант қаражатын мақсатсыз пайдалану фактісі анықталған жағдайда не істейсіздер?
– Ондай жағдайда 3 жұмыс күні ішінде көрсетілген факт туралы халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті орган жазбаша хабардар етіледі. Ұсынылған ақпарат негізінде халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті орган шағын кәсіпкерлік субъектісімен шартты бұзады. Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен нысаналы мақсатта пайдаланылмаған грант қаражатын қайтарып алады.
2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған грант алуға үміткерлер бизнес-идеяның бәсекеге қабілеттілігі, өткізу нарықтарының пысықталуы, бизнес-жобаның қаржылық өміршеңдігі, кәсіпкерлік дағдылардың деңгейі және жаңа жұмыс орындарын құру жағдайына қарап бағаланады. Қорыта айтқанда, заң талаптарына сай өзіңіздің бизнес жоспарыңыздан ауытқымай жоғарыда айтылған шарттар бойынша кәсібіңізді дөңгелетуге әбден болады. Бұл мемлекеттің жұмыссыз, жағдайы төмен отбасыларға олардың әл-ауқатын көтеруге берген көмегі деп түсіну керек.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан
Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,