«Soltüstık Qazaqstan»

ұлы оқиғаны еске алу күні.бұл күн біздің жадымызда сақталады!

PDF

АЙДАЙ ЖАРҚЫН АЙБАЛА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өмір деген ағынды өзен секілді зымырап өтіп барады. Таңның атып, кештің қалай батқанын білмей қаласың. Кешегі күндерге көз жүгіртіп, еске алған кезде өзіңмен иық тіресіп, талай жыл бірге қызметтес болған жандар ойға келеді. Сондай сыйлас әріптестің бірі – Айбала Мәженова. Жақсы адам күн секілді, жан-жағына сәулесін мол шашып, нұрын төгіп тұрады. Біздің әріптесіміз де – мейірім шуағын өзгеден аямаған жақсы адамдардың бірі. Оның өмір жолы, қызмет баспалдағы кейінгі ұрпаққа үлгі болар игі істерге толы.

Айбала Тоқпанқызы 1952 жылдың ақпан айында Айыртау өңірінде дүниеге келген. Уайым-қайғысыз өтіп жатқан балалық шақты қайғының қара бұлты торлайды деп кім ойлаған. Қатал тағдыр ешкімді де аямайды ғой, алғашқы мүшел жасқа аяқ басқан шағында аяулы анасынан айырылып, жас қыздың жүрегін езіп жібереді. Анасының мейірімін сағынған сәттерінде асыл әжесінің құшағы оған пана болды.

Тоқтаусыз зымырап өтіп жатқан алтын уақыт. Түннің артынан жарқырап күн келеді, аспанды торлаған сұр бұлт та сейіліп, шайдай ашылады емес пе? Айбала Тоқпанқызы 1970 жылы Целинный орта мектебін тамамдап, өзі оқыған білім ордасының директоры Зоя Романованың арнайы шақыруымен пионер ұйымының жетекшісі ретінде жұмысқа кіріседі. Тегі Зоя Михайловна мектеп қабырғасында оқып жүрген кезінде Айбаланың алғыр, ұйымдастырушылық қабілетінің жоғары екенін байқаған болар.

Бойжеткен осылайша еңбек майданына араласып кетеді. «Армансыз адам, қанатсыз құспен тең» демекші, әрбір жанның арманы бар, алдына қойған мақсаты болады. Осы мақсатқа жету жолындағы қиыншылықтарды жеңу үшін алға ұмтылып, бірде сүрініп, бірде қайта тұрып өмір сүреді. Айбала Тоқпанқызы да алдына жоғары білім алу мақсатын қояды. Бұл қалауы оны институтқа алып келді. Жоғары оқу орнында үш жыл білім алған соң, Бүкілодақтық жоғарғы комсомол мектебіне бару үшін іріктеуден өтеді. Іріктеуге қатысқан жеті үміткердің арасынан тек алғыр Айбала ғана өтеді. Осылайша 1975 жылдың қаңтар айында Мәскеу қаласындағы БЛКЖО Орталық комитетінің пионерлерімен жұмыс бөліміне оқуға түседі.

Мәскеудегі қызықты сәттер де лезде өте шықты. Оқуды ойдағыдай тамамдаған Айбала Тоқпанқызы одақ көлеміндегі атақты «Артек» лагеріне нұсқаушы болып жұмысқа орналасады. Жыл бойы жеткіншектермен бірге өткізген қызықты сәттер Айбаланың есінде әлі күнге дейін сайрап тұрғаны анық. Әсіресе жаз айларында шетелдік пионерлер демалған кез ұмытылмақ емес. Жалпы жас жеткіншектерді тәрбиелеуде «Артек» лагері бәріне үлгі болатын, сондықтан да ол жерде тек таңдаулы мамандар ғана қызмет ететін. Бұл демалыс орны қазақ қызы үшін тәжірибе жинау, жетілу кезеңіне айналды. Туған жерге оралған ол Петропавл пионерлер үйінің директоры болды, педагогикалық институттың пионерлермен жұмыс істеу бөлімінде сабақ берген кезінде де «Артек» лагерінде алған тәжірибеснің пайдасы тигені анық. Кеңес одағындағы болашақ кадрларды даярлау ісін осы заманға да үлгі ретінде алуға болатындай. Себебі қабілеті бар жастарды мектеп қабырғасынан қолдап, бақылауға алып, бағыт-бағдар беріп, жетелеп отыру қазір сәл жетіспейтін сыңайлы.

Ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, еңбекқор Айбала Тоқпанқызы жоғары басшылықтың көзіне бірден түсті. 1980 жылы оны Петропавл қаласының Куйбышев аудандық партия комитетіне нұсқаушы қылып жібереді. Бір жылдан соң насихат  бөлімінің басшысы, тағы бір жарым жылдан соң атқару комитеті төрағасының орынбасары болып ауысады. Осындай жауапты қызметке тағайындалған тұста Айбала Тоқпанқызының жасы небәрі 29-да ғана болатын.

Тал бесіктен білімге құштар ол 1986 жылы Алматыдағы жоғары партия мектебіне оқуға қабылданады. Қазақ елінің сол кездегі астанасында төрт жыл бойы білім нәрімен сусындап, туған топыраққа орала сала еңбек майданына қайта араласады. Алдымен облыстық автомобиль жолдары басқармасының партия ұйымын басқарады, қалалық партия комитетінде бөлім меңгерушісінің орынбасары, Ленин атындығы балалар қорының директоры болды. Айбала Мәженова 1990 жылы облыстық маслихаттың кеңсе бөлімінің меңгерушісі, азаматтардың хал актілерін жазу бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарады. Қай салада жұмыс істесе де өзінің алғырлығы мен адалдығының арқасында өз ортасына сыйлы, беделді бола білді.

Еліміз егемендік алғаннан кейін ана тілімізді жаңғырту ісі қолға алынғаны белгілі. 2000 жылы облыстық әкімдік жанынан қазақ тілін оқыту орталығы ашылды. Оның алғашқы директоры болып Айбала Тоқпанқызы тағайындалды. Ол ұлтының, ана тілінің жанашыры болғандықтан қазақтың жаны – қазақ тілінің өсіп-өркендеуіне айтарлықтай үлесін қосты. Бұл жұмысты ұйымдастырудың өзіндік қиындықтары да бар болатын. Әр ұжымнан қазақша оқитын топ мүшелерін іріктеу, сабақ кестесін олардың негізгі жұмысымен сәйкестіру, сабаққа қатысуын бақылау сияқты көптеген мәселелерді шешуге тура келді. Орталықты он жыл бойы басқарып, 2010 жылы зейнет демалысына шыққан әріптесіміздің қажырлы еңбегі лайықты бағаланып, түрлі марапаттарға ие болды.

Айбала Тоқпанқызының өмір жолы үнемі даңғыл жол болмағанын, күреске толы екенін, өрі де, ылдиы да барын білеміз. Сүйіп қосылған жары Серік Маженовпен бірге 46 жыл бойы тату-тәтті өмір сүрді. Өкініштісі – Секең бұл күндері арамызда жоқ. Айбаланың өмірінің мәні – отбасы, әжелеп қуана қарсы алатын жиендері. Үнемі жалғыз перзенті Мәриямның бақытын тілеп, туған-туысқандарының, дос-жарандарының амандығын, елінің тыныштығын ойлап жүреді.

Әйгілі астроном-ғалым Ұлықбектің: «Аспандағы ай мен жұлдыздан гөрі, қасыңдағы адамды тану қиын», – деген сөзі бар. Алайда жаныңдағы жан ақкөңіл, жүрегі таза, рухы мықты жан болса, оны тану қиындық тудырмайтыны анық. Жақсы кісі аспандағы ай сияқты жарқырап, бірден сөзге түседі.

Көңілі қазақтың дарқан даласындай кең, барлық адамға көмек қолын созғысы келіп тұратын, кішіге қамқор, жақындарына ақылшы әріптесіміз 70 жасқа толып отыр. Мерейтойы құтты болып, күш-қуаты сарқылмай, өмірі қызық-қуанышқа толып, көрер қызықтары ортаймасын демекпіз.

Қадиша ҚУАНТАЕВА,

бұрынғы әріптесі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp