«Soltüstık Qazaqstan»

ұлы оқиғаны еске алу күні.бұл күн біздің жадымызда сақталады!

PDF

Тасқынға тосқын керек

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірде  коронавирус жұқтырғандар санының азайып, жағдайдың тұрақтана бастағаны қуантады. Алайда көктем шыға тағы бір қауіп пайда болады. Ол – су тасқыны. Өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен облыстық әкімдіктің отырысында осы екі мәселе жан-жақты талқыланды.

Бірінші болып сөз алған облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің бастығы Рамиль Камалов «Қазгидрометтің» жергілікті филиалы ұсынған мәліметтерден бастады. Есіл өзені бассейніндегі ылғал қорының мөлшері 3934 млн. шаршы метрді құраса, Сергеев су қоймасы 79,2 пайызға толған. Топырақтың күзгі ылғалдану процесі көпжылдық орташа көрсеткішке жуық. Алайда жайбарақаттыққа салынуға болмайтынын, апаттың кенеттен келетінін табиғаттың «тосын мінезі» талай рет аңғартқан.  Бүгінде  су тасқынына қарсы күрес шаралары  күшейтіліп, су шайып кетуі мүмкін 85 елді мекен есепке алынған. Олардағы 1872 үйде 6068 адам тұрады. 30 шақырымға  топырақ үйінділері тұрғызылып, 7 шақырым қорғаныс бөгеттері салынған. Автожолдар бойында 79 су өткізу құбыры, 48,5 шақырым дренаж жүйесі жөнделген. Құрамына 1,5 мың техника бірлігі мен 2,5 мың маман топтастырылған жедел әрекет ету топтары құрылған. Бұдан бөлек, эвакуация жұмыстарына қосымша 5 жүзу құралы,  85 автопомпа, жол талғамайтын 15 көлік жұмылдырылмақ. 21 ақпаннан басталған сақтандыру шараларына байланысты 3667 адамды қамтыған 78 рейд жүргізілген. Негізгі  техникалық ресурстар су тасқынына осал учаскелерде шоғырландырылмақ.

Баяндамашы бекітілген негізгі іс-шаралар жоспары шеңберінде  ұйымдастырушылық және практикалық дағдыларды ширату қажеттігін  айтты. Бастылары – су өткізу құбырларын, арықтарды, каналдарды тазалау, қар шығару. Кей аудандарда қажетті техниканы әзірлеуде, жанар-жағармай қорын жинақтауда  сылбырлық бар.  Бақылау, басқару органдарының іс-қимылын үйлестіру қызметін облыстық су тасқынына қарсы күрес штабы атқаратын болады.

Осы мәселе бойынша есеп берген Петропавл қаласының әкімі Болат Жұмабеков  2017-2020 жылдары 240-қа жуық тұрғын үйді су шайып кеткенін еске салды. Жаңа желілер қою, терең сорғылар орнату, кәріздерді тазалау  қауіптілік ықтималдылығын біршама  азайтпақ. Десек те, Болат Серікұлы Жұмысшы кенті, Копай, Зайсан, «Береке»,  шағынаудандарындағы  ойпаң жерлерде орналасқан 107 үйдің жайына алаңдаушылық білдірді. 15 тонна бензин, 20 тонна дизель отыны, 3 тонна цемент, 2000 текше метр құм, осынша қиыршық тас, тағы басқа инертті материалдар қоры бар. «Тазарту құрылғылары» МКК жалпы ұзындығы 20 шақырымға нөсер кәріздерін салу жұмыстарын аяқтаған. 16,7 млн. теңгеге дабыл құрылғылары орнатылған. Қауіпті аймақтардан тұрғындарды көшіру үшін мектептерде 130 орын әзірленіп, медициналық жабдықтармен толық қамтылған. Адамдар зардап шегуіне жол бермеу, ықтимал материалдық шығындар мөлшерін азайту мақсатымен  қалалық резервтен 30 млн. теңге, шұғыл іс-әрекеттерге 25,8 млн. теңге қарастырылған.

Құмар Іргебайұлы әкімдік отырысына қатысушылардың назарын облыс жұртшылығын қатты мазасыздандырып отырған көктемгі су тасқынының алдын алу шараларының маңыздылығына аударды.

– Өткен жылдардың тәжірибелерін ескере отырып, қазірден бастап жағдайды ұдайы бақылауға алып, қам жасау керек. Былтыр жол төсемдерін су шайып кетудің 13 фактісі тіркелді. Мұндай келеңсіздіктерді болдырмау керек. Мұз жару жұмыстарын уақтылы жүргізген жөн, – дей келіп, аудан, ауыл әкімдері мен шаруашылық жетекшілері алдына нақты міндеттер қойды.

Өңір басшысы облыс орталығындағы дайындық жұмыстарына бірқатар сын айтты. Мысалы, көпқабаты үйлердің аулаларын, ғимараттардың шатырларын   тазаламау баяу жүргізілуде. «Соңғы екі жылда 100-ден астам елді мекенде жолдар асфальтталып, көшелер қалпына келтірілді. Енді жақсы дүниелерді бүлдіріп алмау жағын қарастыру керек. Су тасқыны кезінде техникалардың, адамдардың  жүріп-тұруына шектеу қойған абзал. Қолда бар техникалар мен құралдарды қайта тексеру қажет», – деген өңір басшысы тиісті орындарға су тасқынына қарсы қауіпсіздік шараларын бәсеңдетпеуді жүктеді.

Күн тәртібіндегі қаралған екінші мәселе бойынша денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлан Аймановтың өңірдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай және коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинация мен  ревакцинация жүргізу барысы туралы хабарламасы тыңдалды.

Қолдағы деректерге қарағанда, ахуалдың жақсарып, сырқаттанудың кему динамикасы байқалады. Шұғыл және жоспарлы медициналық көмек толық көлемде көрсетілуде. Ақпан айынан бері  «Жедел жәрдем» қызметіне 9356  адам жүгінген. 1 бригаданың орташа жүктемесі тәулігіне 8-10 шақыртуды құрайды. «Жедел жәрдемнен» басқа, күндізгі уақытта КВИ белгілері бар шақыруларға 116 мобильді бригада қызмет көрсетеді. Амбулаториялық ем қабылдаушы пациенттердің саны 2,5 есеге, яғни 3899-дан 1514-ке дейін  азайған.  Қаңтар, ақпан айларында жұқпалы індеттен 39 адам қайтыс болған. Бүгінге дейін 298785 адам вакциналанған, 281623 адам толық курсынан өткен. Мамлют, Жамбыл, Қызылжар аудандарында балаларды, жүкті және босанған әйелдерді вакциналау қарқыны төмен. Ревакцинацияны уақтылы алу өте маңызды. Әлеуметтік құрылымдар өкілдерінің арасында ревакцинация жүргізу бойынша қамтудың ең жоғары пайызы денсаулық сақтау өкілдерінің арасында – 92,8 пайыз, педагогтар – 69,5 пайыз, студенттер – 26,5 пайыз.

Жиында санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің басшысы Әсет Жұматаевтың да хабарламасы тыңдалды.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp