«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КІТАП – ҚҰНДЫ СЫЙЛЫҚ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Былтыр әлеуметтік желіде Жапонияда түсірілген бір сурет тарады. Онда осы елдің балаларының қоғамдық орындарда кезек күтіп тұрғаны бейнеленген. Жас өрендердің қолдарында кітап. Олар кітапты бас алмай оқуда. Біздің қаракөздеріміздің де қолдарындағы смартфондар мен гаджеттерді кітап алмастырса, нұр үстіне нұр емес пе?!

Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты  бағдар­ламалық мақаласында «Жаһандану кезінде ел жат жұрттың ықпалына бейсаналы түрде ілесіп кеткенін аң­ғар­майды. Басқаша айтқанда, мәж­бүрліктен емес, санасының улануы арқылы өз еркімен торға түседі. Сондықтан жаңа заманның жақсы-жаманын екшеп, артықшылықтарын бойға сіңірумен қатар тамырымызды берік сақтауымыз қажет. Ұлттық болмысымыздан, төл мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізден ажырап қалмау – барлық өркениеттер мидай араласқан, аласапыранда жұтылып кет­пеудің бірден-бір кепілі», – деген болатын. Шынымен де, жаһандану заманында біз елдігімізді, мәдениетімізді, тілімізді сақтай аламыз ба? Міне, осы мәселе бізді алаңдатуы тиіс. Әрине,  бұл орайда біз жастарға арқа сүйейміз. Қазақта «Оқыған адам – білімді, білімді адам – ақылды» деген мағынасы терең тәмсіл бар. Сондықтан кітап оқыған жастар ғана алға озатыны талассыз ақиқат.  

Елімізде бұл мақсатта атқарылып жатқан жұмыс бір төбе. Мысалы,  жас ұрпақтың әдеби шығармаларға деген ынта-ықыласын арттыру, кітапқа деген сүйіспеншіліктерін ояту мақсатында «Оқуға құштар мектеп», «Мектепке махаббатпен кітап сыйла», «Оқы және өзгеге сыйла» сынды жобалар бар. Соңғы жылдары мектеп кітапханасының қазақ  және шетел әдебиеттерімен, заманауи шығармалармен үздіксіз толығуы жас оқырмандардың қатарын көбейтіп отыр. Дегенмен әлі де болса кітаптың қадіріне жете алмай жүрген жеткіншектер де бар екенін несіне жасырайық. Осындай олқылықтың орнын толтыру үшін жоғарыда аталған ақциялар мыңға жуық шәкірт тәлім алып жүрген Қожаберген жырау атындағы №6 қазақ орта мектебінің ұжымы тарапынан әрдайым қолдау тауып отырады. Ал  «Мектепке махаббатпен кітап сыйла» жобасы биылғы оқу жылының соңына дейін жалғасады. Мұғалімдер өздерінің жеке кітапханаларынан көздерінің қарашығындай сақтап жүрген құнды әдебиеттерді әкеліп, мектепке сыйлауда. Атап айтар болсақ, бастауыш сынып мұғалімі Арман Сәрсенбайқызы әкесінің қаламынан туған шығармалардың жинағын тапсырды. Жас жеткіншектер де аянып қалып жатқан жоқ. Бұл шараға ата-аналар да белсенділік танытуда.

Тағы бір айта кететін жайт, бұған дейін мектепке кітап сыйлаушылар әдебиеттерді кітапханаға өткізетін. Енді білім мекемесінің директоры Айнагүл Жұмабекқызының бастамасымен әрбір қабатқа арнайы орындар ұйымдастырылып, кітаптардың бәрі оқушылардың көз алдына қойылды. Олар қоңырау арасында өздерін қызықтырған әдебиеттермен танысып, көңілдерінен шыққанын үйлеріне алып кетіп, оқи алады. Шәкірттер бір-бірімен кітап оқып жарысса, қандай ғанибет.  

Айгүл БАЙТУКИНА, 

Қожаберген жырау атындағы №6 қазақ орта мектебінің

кітапханашысы. 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp