«Soltüstık Qazaqstan»

ұлы оқиғаны еске алу күні.бұл күн біздің жадымызда сақталады!

PDF

АЗАМАТ АСУЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Абай Қабатайұлы Байгенжиннің қызметтік мәртебелерін, атақ­тары мен наградаларын қысқаша санамалап шығудың өзі біраз уақытты алған болар еді. “Ұлттық ғылыми медициналық орталық” акционерлік қоғамының басқарма төрағасы ең негізгілерін атап өтер болсақ, ол – медицина ғылымдарының докторы, Еуропа жаратылыстану акаде­миясының толық мүшесі, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының комитет төралқасының мүшесі, “Барыс” және “Парасат” орден­дерінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Ресми атақ-лауазымдарымен бірге жұртшылық оны азаматтық ұстанымы берік адам, өз ісінің білікті маманы және беделді басшы, шебер ұйымдастырушы, практик ғалым әрі ұлағатты тәлімгер-ұстаз ретінде жақсы біледі.

Туған жердің әр адамның қалыпта­суына және оның азамат болып өсуі­не тигізетін ықпалы өте зор. Себебі кін­дік қаны тамған туған жер – тек са­ғы­ныштың арқауы ғана емес, сар­қыл­­мас шабыттың да қайнар көзі. Абай Қабатайұлы 1947 жыл­дың 27 ақпанында Қожаберген жы­рау, Се­гіз сері сынды тарихи тұл­ға­ларды құн­дақтаған, шөбі шүйгінді, табиғаты таң­ғажайып, ауасы жұпар Солтүстік Қа­зақстан облысының Бо­тай ауылында (Айыртау ауданын­да­ғы) дүниеге кел­ді. Ол 1964 жылы Ал­матыдағы №25 мектепті бітіргеннен кейін, сол жылы Алматы медицина­ институтына оқуға түсіп, оны 1970 жылы үздік та­мамдайды. Ақ же­лең киген арман­шыл жастың еңбек жолы осылай бас­талды. Кемел білім мен еңбекке де­ген талпынысын қа­тар ұштастырған жас жігіт аз уақытта өз ортасының құр­метіне бөленіп, 1978 жылы Алматы қалалық кли­ни­калық “жедел жәрдем” ауруханасы бас дәрігерінің орынба­сары қызметіне тағайындалды. Енді өз біліктілігін арттырумен қатар оған еңбек ұжымы қызметінің барлық жауапкершілігін де қоса алып жүру міндеті жүктелді. Сол жылы канди­даттық диссерта­ция­сын табысты қор­ғап, көкірек ауру­ларын емдеудің жаңа тәсілін енгізе­тін маман болып таныл­ды. Тәжірибе талмас ізденістен туа­ды. Тумысынан зерек әрі ізденімпаз Әбекең осы саланың жолына дендеп түсіп, талай жанды өлімнен ара­шалап, өмірге қайта оралуына жағ­дай жасады. А.Бай­генжиннің өкпе ау­руларының алдын алу немесе оны бір­жолата са­уықтырудың әдістерін әзірлеу мақ­сатындағы ғылыми ізде­ністері 1995 жылы өте сәтті қорғап шыққан док­торлық диссертация­сын­да жан-жақты көрініс тапты. Дарынды әрі мақса­тына ұмтылған жас ғалым­ның еңбегі лайықты бағаланды және республи­камыздың ғылыми меди­цинасын­да тағы бір ірі әрі келешегі зор маман өсіп келе жатқандығы ту­ралы әңгіме айтыла бастады.

ХХ ғасырдың соңғы ширегі айтулы да айрықша оқиғаларға толы болды ғой. 1978 жылы қыркүйек айында ел­дің астанасында Дүниежүзілік ден­сау­лық сақтау ұйымының әлемдік дең­гейдегі ғылыми-практикалық кон­ференциясы өтіп, ол Алматы конфе­ренциясы деген атпен медицина та­ри­хына енді. Сол жылдардағы КСРО-ға тән терең оқшаулану жағдайында бұл “сыртқы әлемге” кездейсоқ ашыл­­ған терезедей болып еді. Әлем­нің 150 мемлекетінен білікті әрі есім­дері дүние жүзіне белгілі ғалым-ма­мандар келген сол аса ірі халық­аралық форум жас әрі жаңашыл дә­рігер Абай Байгенжиннің өмірінде өшпестей із қалдырды. Оның 1981 жылы Женева қаласында өткен Ден­саулық сақтау ісін ұйымдас­тырушы­лардың халықаралық курсына шақы­рылуы кездейсоқ емес еді. Сол жер­ден ол “Дүниежүзілік денсаулық сақ­тау саласының шебері” деген құр­метті атақпен оралды.

Абай Қабатайұлының ұйымдасты­р­ушылық талантына тағы бір сынақ 1988 жылға сәйкес келді. Ол өзі бас болып, барлық жобалау құжаттарын әзірлеп, Аймақтық диагностикалық ор­талық ашып, соған басшылық жа­сады. Ол кезде мұндай құрылымды құру дегеніңіз мүлде жаңа әрі беймә­лім іс еді, оны жолға қою көп кәсіби және адами қасиеттерді талап етті. Алматы тұрғындары медициналық қызмет көрсетудің жаңашыл әрі бала­малы түрін лайықты бағалады, олар осы мекеменің қызметін бел­сен­ді пайдалана бастады. Оңтүстік астана­ның орталық бөлігінде орна­лас­қан бұл денсаулық сақтау ошағы осы кез­ге дейін халыққа табысты әрі үздіксіз қызмет көрсетіп келеді. Жақ­сының артында жарқын із қалады деген осы.

Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы күндерден бастап әлеуметтік-эконо­микалық про­грестің маңызды факторы болып табылатын денсаулық сақтау саласына көп көңіл бөліп оты­ратыны белгілі. Оны ұйымдастыру, басқару және қаржыландыру жүйе­сіне реформа жасалды. Ең алдыңғы қатарлы жабдықтары бар ондаған медициналық орталықтар салынды. Барлық өңірлерде сапалы медици­налық қызмет алу үшін жағдайлар жасалуда. “Елдің болашағы ұлттың денсаулық жағдайына тікелей байла­нысты”. Бұл ұғым дәрігер Байгенжин мен оның әріптестері қызметінің арқауына айналған.

Халықта “көзбен көргенге қол же­теді” деген жақсы сөз бар. Әрине, бұл да адамның қабілет-қарымына бай­ланысты. Денсаулық сақтау ісінің тә­жірибелі ұйымдастырушысы болып алған Абай Қабатайұлы 2001 жылы астанада ашылған Ұлттық ғылыми ме­дициналық орталықтың құрылуы­на тікелей атсалысты. Бастапқыда республикалық клиникалық ауру­ха­на болып ашылған бұл мекеме қазір елордадағы іргелі медициналық ор­талықтардың біріне айналды. Ғылым мен техниканың ең озық құрал-жаб­дықтарымен жарақтандырылған бұл орталық қазір өзінің қызметі арқылы елімізде ғана емес, шетелдерге де кеңінен танымал. Өйткені оның бас­шысының есімінің өзі осы орталық­тың беделін арттырып тұр.

Ауру деген аяқ астынан ғой. Мен бұдан тоғыз жыл бұрын қиын жағ­дайға тап болып, жүрек дертіне ұшы­раған едім. Қан қысымым атойлап тулап, жүрек дертінің қаупін одан сайын асқындыра түсті. Сол кезде, Алланың қалауымен шығар, дәрігер Байгенжин менің қасымнан табылды. Ол аяқ астынан келген дерттен жа­нымды аман алып қалуға себін ти­гізді. Абай Қабатайұлы күндіз-түні жанымда болып, барлық өзгерістер мен қауіп-қатерлерді тікелей өзі қадағалады, әйгілі кардиохирург Юрий Пямен бірге жүрекке күрделі операция жасауды ұйымдастырып, онымен өзінің маңызды байқау­лары­мен және ұсыныстарымен бөлісті.

Біз, әдетте, “жаныңда жүр жақсы адам” деген сөзді жай айта салуымыз мүмкін. Алайда бұл сөздер адамның өмірі мен өлімінің мәселесі шешіліп жатқан кезде өзінің аса айрықша мә­ніне ие болады. Осындайда дәрі­гер­лердің жанқиярлық, кейде елеусіздеу еңбегінің нағыз бағасын сезіне бас­тайсың, адамдық және дәрігерлік борышына адал олар өздерінің білімі мен білігінің арқасында қиындыққа душар болған адамдарға көмек қолын созады. Кез келген дәрігердің міндеті – әрбір сырқаттың өмірі үшін күреске өзінің жанын салу. Егер сен өз ісіңнің нағыз майталман маманы болсаң, онда сенің игілікті еңбегің қалайда халықтың көңілінен шығып жатады. Абай Қабатайұлы – жігері адамдардың шынайы алғыстарынан қуат алатын, міне, дәл сондай бедел­дің иесі. Оның көп қырлы әрі тыным­сыз қызметінің төркінінде нағыз пат­риотизм, өз елінің лайықты бүгіні мен жарқын ертеңіне деген қамқорлығы, өзінің азаматтық және кәсіби боры­шын сезіну қасиеті жатыр. Гиппо­краттың антына бұлжымастай адал­дық танытып, халықтың ден­саулы­ғын іргелі ұлттық идеялардың қата­рына көтере білген отандық ме­дицина элитасының көшбасшыларының бірі Абай Қабатайұлы десек, мұны­мыз сірә да артық айтқандық емес шығар.

Қазіргі күнге дейін елордадағы Әбекең басқаратын Ұлттық ғылыми медициналық орталықта мыңдаған күрделі әрі ерекше операциялар жа­салды. Мұның өзі өмірге қайта орал­ған мыңдаған ғұмыр, қайта соқ­қан жү­рек деген сөз. Қазір үлкендер мен сә­билерге арналған бұл орта­лықта әр­түрлі күрделі операциялар: аорто-ко­ро­нарлық бекемдеу, жүрек тамыр­ла­рына қорғаныш стенттер қою, бал­лондық ангиопластикалық ота, ми қат­парларына және омыртқа­ларға күрделі ота жасау жүзеге аса­тын бол­ды. Әрине, мұның барлығы – қазіргі Қазақстан медицинасының нақты жетістіктері.

Соңғы отыз жылдың көлемінде А.Байгенжиннің авторлығымен жүргі­зілген зерттеулер мен ізденіс жұ­мыстары тек біздің елде ғана емес, шетелдерге де кеңінен танымал бол­ды. Атап айтқанда, Ресей, Франция, Швейцария, АҚШ, Германия тәрізді елдерден ғалымдар мен мамандар ол жетекшілік ететін орталыққа күн құр­ғатпай ат ізін салып жатады. Тәжі­рибе алмасу мақсатында әріптестері мен серіктестерінің шақыруымен өзі де шетелдерде болып тұрады.

Ердің атын еңбек шығарады. Ал оның еңбегі елдің жетістігіне айна­лып отыр. Өзі қол ұшын созған және солардың жақын адамдарының бі­ріне айналған Абай Қабатайұлының атына айтылған алғыстар жеке әңгі­ме етуге лайықты өз алдына бөлек тақырып. Сонымен қатар оның елі­міздің жоғары мемлекеттік мара­пат­тарына сан мәрте ие болуы да ма­ңызы одан кем емес тақырып. Бүгін­де оның кеудесінде “Барыс”, “Пара­сат” ордендері мен “Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері” деген құр­метті атақтың белгісі жар­қырауда. А.Қ.Байгенжин – шет мем­лекеттер мен халықаралық ұйымдар­дың көп­теген атақтары мен награда­ларының иесі. 2007 жылы оның Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының коми­тет төралқасының мүшесі болып сайлануының өзі де көп нәрсені аңғартады. Ресей Ден­саулық сақтау министрлігінің қол­дауымен “Денсау­лық ассамблеясы” қоры оны “Ар-на­мыс, қайраткерлік, жасампаздық, мейірбандық” орде­німен марапат­та­ды. 2009-2010 жыл­дары оған “Гип­пократ” және “Сократ” халықаралық ор­дендері табыс етілді. Ол – “Еуро­паның құрметті ғалымы” атағына да ие. Дәл сол 2010 жылы ол Ұлыбри­танияның ең жоғары мара­паты – “Королева Виктория” орде­нінің иегері атанды. 2011 жылы Абай Қабатайұлы халықаралық Сократ комитетінің шешімі бойынша “The Name in Science” жоғары титулын алды, ал оның есімі ХХІ ғасырдағы ең үздік ғалымдар кітабының тізбесіне жа­зыл­ды. Оны тапсыру салтанатты ша­расы Лондон қаласында өтті.

Жақын күндері 75 деген әдемі жастың төріне көтерілгелі отырған ол – бүгінде тату-тәтті өмір сүріп жатқан зиялы отбасының басшысы, қамқор әке және ардақты ата. Зайыбы Фания Айдарханқызы екеуі жасыл шалғын­ның ортасында тамырын тереңге жі­берген бәйтеректей өз шаңырағын құр­ған. Абай Қабатайұлын білетін көп­теген адамдар үшін тағдыр оларға та­маша замандасты, ақылман әңгі­ме­ші­ні және сергек те сенімді досты тар­ту еткені нағыз бақыт деп ойлай­мын.

Серғалы ҚАСАБЕКОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp