Облыстық қоғамдық кеңестің жанынан төрт комиссия құрылды. Бұл жайында кеңестің төрағасы Жарасбай Сүлейменов айтты.
Кеңестің үстіміздегі жылғы 25 ақпанда өткен отырысында салалар бойынша құрылған комиссиялардың жетекшілері сайланды. Олар өздеріне сеніп тапсырылған бағыттар бойынша жұмысты жандандырмақ.
– Ауыл шаруашылығы, өңдеу, экология мәселелері жөніндегі комиссияны ауыл шаруашылығы қызметкерлері кәсіподағы облыстық ұйымының төрағасы Бекет Нұғыманов, құқық қорғау қызметі, бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс және азаматтардың өтініштерімен жұмыс жөніндегі тұрақты комиссияны белгілі заңгер, облыстық мәслихаттың депутаты Евгений Кинцель, әлеуметтік сала, мемлекеттік емес ұйымдармен ынтымақтаса жұмыс істеу және жастар саясаты жөніндегі комиссияны Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің аға оқытушысы Павел Афанасьев, өнеркәсіп, кәсіпкерлік, құрылыс, бюджет, салық және қаржы мәселелері жөніндегі комиссияны белгілі кәсіпкер, “Радуга” ЖШС-ның атқарушы директоры Петр Шарапаев басқаратын болды, – деді Жарасбай Қабдоллаұлы.
Сондай-ақ отырыста қоғамдық кеңестің 2022 жылға арналған жұмыс жоспары талқыланып, бекітілді.
Сағындық МАУҒАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.