«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЖАРЫ КІРГЕН АҚЖАРҚЫН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тоқсаныншы жылдардағы тоқырауда төзімділік танытып, қиын сәт­терден сүрінбей өткен ауылдардың қазіргі ахуалы көпшіліктің кө­­ңілін нұрландырып, ертеңгі күнге деген сеніміне сәуле түсірген­дей. Бүгін сондай елді мекендердің бірі – Ақжарқын ауылы туралы сөз қозғамақпын. Отыз жыл ішінде таршылықты да, баршылықты да көрдік қой. Ауылымыздың түтінінің түзу ұшып тұрғаны туған же­­рін жан-тәнімен сүйетін ауыл тұрғындары мен бас көтерер аза­мат­тардың бірлесе қимылдаған іс-әрекеттерінің нәтижесі деп білеміз.

Бір сәт кейінге көз жіберіп көрейік­ші. Ақжарқын ауылы тың игеру жыл­да­рында құрылған, яғни 1954 жыл­дың көктемінде жазық далаға бола­шақ кеңшардың атауы жазылған тақ­тай қағылып, үйлердің іргетасы қалана бастайды. Қызылту даласынан (қазіргі Уәлиханов ауданы) Алабота ауылына дейін созылып жатқан жа­зық даланың ортасында қазақтар кө­шіп-қонып жүргенімен, үй салынбаған еді. Қазақстанға комсомолдық жол­дамамен тың игеру мақсатында кел­ген жастар жаңа ауылдың іргесін қалауға кіріседі.

Тың игерушілердің үлкен тобы Ленинград пен Одессадан келген бо­ла­тын. Біздің ауылдың алғашқы құрлысшылары 375 адамнан құралып, оларды кеңшардың бас инженері Иван Семенович Тимошенко басқар­ған. Ауылымыз Нева жағалауындағы қаланың құрметіне Ленинград деп аталады, кейін ұзақ уақыт Совхозное деп келдік.

Тың жерлер игеріліп қана қоймай, қысқа мерзімде көптеген үйлер, ас­хана, мәдениет ошағы салынды. Құ­рылыс бригадасын В.Зайцев, М. Пол­тавцев, В. Мазин, И.Деминдер басқа­рыпты. Алғашында 28 үй салынған. 1961 жылы дүкеннің құрылысы бас­талып, кейін қонақүй салынды.

Содан бері 68 жыл өтіпті. Осы жыл­дар аралығында елде болған жағдай Ақжарқын ауылын да айналып өткен жоқ. Тоқырау жылдары ауылдар тарап, күллі ауыл-аймақтың тірлігіне тірек болған күнкөріс көзі – төрт түлік ұстағанның қолында, тістегеннің ауызында кетті. Техника да талан-таражға түсті. Қиындық атаулы жан-жақтан қаумалап, айналадағы мал өрісінің өзі қаңырап иесіз қалған ауыл кейпін кім ұмыта қойды дейсіз? Жарығы жоқ, тас қараңғы болып тұратын ауылдың түнгі көшелерінің меңіреу тыныштығы да тым қорқынышты еді-ау. Кешеге дейін жанымыз бен малы­мызға қажет суды тасып пайдаланып келгендігіміз тағы бар. Айта берсек, өткен қиындықтың бәрі күні кешегідей есімізде.

Бүгін ше, бүгін сол ауылымыздың ажа­ры кіріп келеді. Ауыл тұрғындары­ның тұрмысын түзеу мақсатындағы “Ақ­бұлақ” бағдарламасының арқа­сын­да әр үйдің ауласына дейін тазасу жет­кізіліп, тұрғындарды қуанышқа ке­нелтті. Ауылға кірберіс пен ауыл ішіндегі жолдардың да бірте-бірте күрделі жөндеуден өте бастауы көз алдымызда жүргізілген игі істің бірі болғаны баршаға аян.

Уақыт өте келе өрісі малға толған ауылымыздың бұрынғы “Совхозное” атауының “Ақжарқын” болып қазақы­лануының өзі тұрғылықты халықтың тұрмысында ғана емес, санасында да серпіліс болғанын аңғартқандай. Ауылымызда жүргізілген абаттан­дыру жұмыстары, халық күнделікті қажетін таба алатын дүкендердің бой көтеруі, күрделі жөндеуден кейін қызметін жалғастырған Мәдениет үйі, тіпті көше-көшенің бойындағы жарық шамдары көшелерімізді нұрландыра түскендей.

Ауылдың болашаққа беттеген көші де жүре-жүре дұрысталып, өткен жы­лы интернет желісімен қамтылып, жастар үшін спорттық жасыл алаң да салынды. Ауылдық кітапхана мен мектеп кітапханасының қызметі де жас­тар мен ересектер үшін руханият­тың қайнар көзі саналады. Ауыл кітапханасының қорында 6960 кітап болса, мектеп кітапханасында олар­дың саны – 4662. Жыл сайын жаңа шыққан көркем әдебиетпен толығып отыратын қос кітапхананың есігі ауыл тұрғындары үшін әркез ашық. Сон­дай-ақ медициналық пункт те өз қыз­метін үздіксіз атқаруда. Ауыл тұр­ғындарына алғашқы медицина­лық көмек көрсету жүйелі жолға қойылған.

Ауылымызда өз кәсібін дөңгелетіп, ел алғысын арқалап жүрген Медет Көкешев ауыл тұрғындары үшін ме­шіт­тің іргетасын қалап, жаңа үлгідегі шағын маркет салды. Дүкеннің де ашылу сәті таяу күндерде өтеді деп күтілуде. Осындай игі істер нәтиже­сін­де жан-жаққа қиын кезеңде үдере көшкен тұрғындардың орны толып, биылғы жылы ауылымызға оңтүстік өңірден ағайындардың келуі көңілге зор үміт сыйлағандай.

Дегенмен ауылымызда әттеген-ай дейтін тұстар да жоқ емес. Көптеген елді мекендер тұрғындарының басты мәселесіне айналған, бізді де маза­лап отырған жайт – төрт түлікке ар­налған жайылым жердің жетіспеуші­лігі, жазық далада мал суаруға арнал­ған арнайы тоғанның жоқтығы да біздің ауылдың көкейкесті мәселе­сінің бірі болып отыр. Уақыт өте келе, бұл мәселелер де өз шешімін табар деген үмітіміз де жоқ емес.

Әрине, мұның бәрі біздің бүгі­ні­міз­ге арналып, балаларымыздың ертеңі үшін жасалынып жатқан жұмыстар екені сөзсіз. Бар қазақтың бесігі саналатын ауылымыздың ажарлана түсуі еліміздің жарқын болашағына деген сенімді нығайта түскендей. Ауылымыздың ажары артып, базары молая берсін дегім келеді.

Алмагүл МАНАП,

Ақжарқын ауылының тұрғыны

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp