“Nur Otan” партиясының қоғамдық қабылдау бөлмесіне адамдар түрлі мәселелермен жүгініп жатады. Бұл жолы облыстық спортқа мамандандырылған мектеп-интернат тәрбиеленушілерінің бірінің анасы шағым айта келіпті. Ол интернаттағы тамақ сапасының көңіл көншітпейтінін қынжыла жеткізді.
Осыған орай отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңес мүшелері аталмыш мекемеге барып, асхана жұмысына мониторинг жүргізді. Асхана таза, жылы және жайлы, қызметкерлер сыпайы. Мектеп басшылығына анықталған бірқатар кемшіліктерді жойып, құжаттарды ретке келтіру, балалардың тамақтану кестесін қайта қарау ұсынылды.
Біз облыстық мамандандырылған мектеп-интернатты аралап, оқу-әдістемелік жұмыс, жатын жағдайлармен де таныстық. Мекеме 1997 жылы құрылған, спортта дарынды балаларды қабылдайды. 200-ден астам тәрбиеленуші грек-рим күресі, еркін күрес, әйелдер күресі, велоспорт, шаңғы жарысы, бокс, дзюдо, көркем гимнастика және жеңіл атлетика сияқты спорт түрлерімен айналысып, жүйелі түрде жаттығады. Биік белестерді бағындырғаны үшін олимпиадалық резервтегі мектеп-интернат колледжінің 73 тәрбиеленушісіне спорт шебері, 22 тәрбиеленушіге халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағы берілген. Шын мәнінде, өңір спортшыларының ұстаханасы екеніне көз жеткіздік.
Ата-аналар да ұл-қыздарының спортпен үзбей шұғылданып, жоғары нәтижелерге жетуіне мүдделі. “Ас – адамның арқауы” демекші, дұрыс тамақтану – денсаулықтың кепілі. Біз ата-аналардың тарапынан айтылған басқа да арыз-шағымды тексеріп, олқылықтардың тез арада жойылуына белсенді түрде атсалысатын боламыз.
Елена ЛЕВИНА,
облыстық мәслихаттың депутаты.